Қалдықсыз өмір сүру қазақстандық қоғамда мүмкін бе?

(сурет: https://www.zname.info/news)
Соңғы жылдары әлемдік трендке айналған «Zero Waste» немесе «Қалдықсыз өмір сүру» тұжырымдамасы қазақстандық қоғамға да біртіндеп ене бастады. Бірақ біздің жағдайымызда бұл қаншалықты мүмкін? Күнделікті тұрмыстан пластик пакеттерді, бір реттік стақандарды және тонналаған қоқысты толығымен шығарып тастауға дайынбыз ба?
Мәселенің төркіні, біз неден бастаймыз? Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жылына 5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Оның тек азғантай бөлігі ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Негізгі мәселе –инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен халықтың экологиялық сауаттылығының төмендігінде. Дегенмен, «мүмкін емес» деп қол қусырып отыруға болмайды. Қалдықсыз өмір сүру — бұл бір күнде барлық қоқыстан құтылу емес, бұл — саналы тұтыну мәдениеті.Біздің қоғамда «Zero Waste» қағидаларын ұстануда екі түрлі көзқарас бар.
- Инфрақұрылымдық кедергі. Көптеген аулаларда қоқысты сұрыптауға арналған контейнерлердің жоқтығы немесе олардың тиімсіз жұмыс істеуі.
- Дәстүрлі менталитет. Қонақжай халық ретінде бізде асты ысырап ету, шарадан тыс пакеттерді пайдалану әдетке айналған.
Алайда, үміт оты сөнген жоқ. Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларда эко-дүкендер, қабылдау пункттері және сұрыптау қосымшалары белсенді жұмыс істеп тұр. Жастар арасында эко-сөмкелер (шопперлер) мен көп реттік термостарды пайдалану сәнге айналды. Қалдықсыз өмірге бастайтын 3 қарапайым қадам. Біріншіден, тегін таратылатын пакеттерден, жарнамалық буклеттерден және бір реттік құралдардан бас тарту. Екіншіден, тек қажетті заттарды ғана сатып алу. «Акция» деп қажетсіз дүниені үйге толтырмау. Сонымен қатар, пластик құтыларды, шыны банкаларды екінші рет қолданыңыз немесе мұқтаж жандарға беріңіз. Үшіншіден, қағаз, пластик және шыныны бөлек жинап, арнайы пункттерге өткізу. Мүмкіндік болса, тамақ қалдықтарын компост жасауға пайдалану.
Түйін, Қазақстанда 100% қалдықсыз өмір сүру қазірше қиындау көрінуі мүмкін. Бірақ «бәрін мінсіз істемеймін» деп мүлдем бастамай қойғаннан қарағанда, миллиондаған адамның «кішкене болса да әрекет еткені» маңыздырақ.
Экологиялық таза болашақ — мемлекеттің заңынан емес, әрқайсымыздың себетімізге салған тауарымыздан басталады. Біздің мақсат — қоқыс полигондарын емес, санамызды тазарту. Сонда ғана «Қазақстан» және «Қалдықсыз өмір» деген сөздер бір сөйлемде жарасым табады.
Толғанай ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ
Алматы қаласы Білім Басқармасының
Алатау ауданы бойынша «№26 ЖББМ» 11 – сынып оқушысы





