Қазақ тілінің болашағы жастардың қолында

ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады».

Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан:

https://egemen.kz/ 2019 жыл, 02 сәуір

Қазақ тілі — түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ана тіліміз туралы биыл 15 наурызда өткен Референдумда көпшілік дауыспен қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына шегенделіп жазылды. Ресми деректерге сүйенсек, әлемнің шамамен 16 миллион халқы менің Ана тілімде сөйлейді екен. Қандай ғажап Тіл! Сөздік қоры жағынан ең бай тілдің бірі- менің тілім болғаны мен үшін баға жетпес байлық. Менің тіліме қызыққан шетелдіктер болса, еліме келіп, ана тілімде сөйлеуге тырысып жүр. Арасында қазақ тілін меңгеріп алған жастары қаншама?!

«Қазақстан көпұлтты мемлекет. Сол себепті қазақша сөйлеуге біз міндетті емеспіз» -дейтін, қазақ бола тұра өз тілінде сөйлемейтін өскелең ұрпақ  жадына жоғарыда айтқан пікірімді салғым келеді. Өйткені, арасында Ана тіліне құрметпен қарамайтын адамдар көбейіп жатыр. Жасыратыны жоқ, гаджеттер технологиясының дамуына байланысты оның қымбат түрлері тілі шықпаған сәбидің қолында. Олардың көретіні, түсінбесе де дауысын естіп, қимылына шырмалып қалып жатқан бүлдіршіндердің тілі – гаджеттегі мульфильмдер тілінде шығып, мінез-құлқы да мультфильм кейіпкерлеріне ұқсап бара жатқанының қазір алдын алмасақ, ертең сан соғарымыз анық.

Қазақстан халқының 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі, сөйлейтіндері барлық халық санағының 62 пайзын ғана құрайды.

Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы тілдің қоғамдағы рөлі туралы былай деп айтқан: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», — деп ана тіліне деген құрметімізді барынша арттыруымызды айтып кеткен. Тіл тәрбиесі – баланың отбасынан бастау алады. Жас отбасындағы ата-ана жастық буымен тілі шықпаған ұрпағына орысша сөйлеп, араласуы арқылы, әлеуметтік желілерден орыс тілінде таспалар көрсетуі арқылы, орыс балабақшасына берулері арқылы ұрпағын «билингвизм» ұстанымына баулып жібереді. Билингвизм (қостілділік) — адамның екі тілді еркін меңгеріп, оларды күнделікті қарым-қатынаста, жұмыста немесе оқуда алма-кезек, тең дәрежеде қолдану қабілеті.

Сөз соңында, телеарналардағы хабарлар, ток-шоулардың тек қазақ тілінде жүргізілуін; мектепте оқыту бағытын тек қазақ тілі форматына ауыстыруын; қазақ тілінің байлығын сақтай отыра жан-жақты дамытуға обасынан бастап, әр жастың, оқушының басты міндеті етіп қоюды ұсынар едім!  Тіл — ұлттық құндылығымыз. Ана тілін көркейту, сөйлеу мен іс-қағаздарын тек ана тілімізде жүргізу, көркем сөйлеу — ол жастардың қолында.

Тоғжан  ТӨЛЕГЕН,

Алматы облысы, Іле ауданы,

«№24 МКМ лицейінің» 11 – сынып оқушысы.

Жетекшісі: Аяулым Сағынғали, «Алатау ТВ» телеарнасының

тілші-редакторы

Сурет:https://tilalemi.kz/