Тіл тағдыры – ұлт тағдыры

Сурет:https://maksatschool.kz/

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,- деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз бекер айтпаған. Бұл сөздердің астарында терең мән жатыр, және бүгінгі қоғамға тікелей қатысты маңызды ойды білдіреді. Мен бұл пікірмен толық келісемін, себебі тіл – ұлттың жаны, оның өмір сүруінің негізі.

Қазіргі қоғамда өз ана тілімізде сөйлеу үлкен мәселе болып отыр. Бұл ұлттық сана мен мәдени құндылықтарымыздың әлсіреуінің белгісі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда халқымыз қазақ тілінде сөйлеуге қысылады, тіпті ұялады. Олар өзге тілде сөйлегенді заманауи, ал қазақша сөйлеуді екінші орынға қоятын жағдайлар кездеседі.

Мен ойға шомдым: неге кейбір адамдар өз ана тілінде сөйлеуге ұялады?

Бұл сұрақтың жауабы бір ғана себеппен шектелмейді. Біріншіден, бұл – тарихи кезеңдердің қалдырған ізі. Ұзақ уақыт бойы өзге тілдің үстем болуы адамдардың санасына әсер етіп, сол тілде сөйлеуді қалыпты, тіпті беделді нәрсе ретінде қалыптастырды.

Тарихқа шолу жасасақ, кеңестік кезеңде, әсіресе 1960-жылдардан бастап, қазақ тілінің қолданылу аясы біртіндеп тарылғаны байқалады. Сол уақытта кейбір қазақ мектептері «болашағы жоқ» деген желеумен жабылып, олардың орнына орыс тіліндегі мектептер ашылды. Бұл жағдай тілдің тек білім беру саласына ғана емес, жалпы қоғамдағы беделіне де әсер етті. Соның салдарынан бірнеше буын өз тілінен гөрі өзге тілді «қажеттірек» деп қабылдап өсті.

Екіншіден, қазіргі қоғамдағы орта мен әлеуметтік орта үлкен рөл атқарады. Адам көбіне қай тілде көп естіп, қай тілде сөйлесе – соған бейімделеді. Егер мектепте, достар арасында немесе қала өмірінде өзге тіл басым болса, қазақша сөйлеу кейбіреуге «ерекше» немесе «үйреншікті емес» болып көрінеді. Үшіншіден, қоғамдағы пікір мен  адамдардың реакциясы да үлкен рөл атқарады. Кейбір ортада қазақша сөйлеген адамды толық түсінбеу, тіпті мазақ ету сияқты жағдайлар кездеседі. «Артық сөйлейді» дегендей қабылдайтындар бар. Неге олай? Негізі, ол – қалыпты нәрсе ғой. Керісінше, солай сөйлеу керек емес пе? Осындай қысым жасөспірімдердің өз тілінде еркін сөйлеуіне кедергі болып, оларды еріксіз өзге тілге бейімдейді.

Уақыт өте келе бұл жағдай тілден ұялу сезімін қалыптастырады. Мен бұны ойласам, ішім ашиды. Қаншама жыл бойы зиялыларымыз өз ана тілімізде еркін сөйлей алуды аңсады, сол үшін күресті. Ал қазір бізде мүмкіндік бола тұра, кейбіріміз сол тілде сөйлеуден қысыламыз. Осыны өзім біртүрлі әділетсіздік сияқты қабылдаймын.

Сондықтан бұны өзгерту біреуден емес, өзімізден басталауы қажет. Өз тілімізде сөйлеуді қалыпты нәрсе ретінде қабылдамайынша, жағдай өзгере қоймайды адам өз түп-тамырынан алыстап, ұлттық болмысын әлсірете бастайды.

Тілді бағаламау – ата-бабамыздан жеткен ең үлкен аманаттың бірімен байланысты үзіп алу деген сөз. Ал бұл өз кезегінде ұрпақ сабақтастығына сызат түсіреді.

Сондықтан біз ақын Қадыр Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұстанымды тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де ұстануымыз қажет. Басқа тілдерді үйрену – білім мен дамудың жолы, ал өз ана тілін қадірлеу – ұлттық сананың көрсеткіші.

                                                                  ҚҰТТЫБАЙ Азиза Шакизадқызы,

                                                                        Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,

«№176 мектеп-гимназиясының»

            11 «Ә» сынып оқушысы