Ата кәсіптің алтын діңгегі: Самғау Нәсіпханұлымен кездесу

Қолөнер – таусылмас қазына. Ал сол қазынаның кілтін тауып, қарапайым теріден өнер туындысын жасап шығару кез келгеннің қолынан келе бермейді. Самғау Нәсіпханұлы – әрбір тігетін киіміне ықыласын, әрбір қадамына төзімін сыйғызып, отандық брендтің негізін қалаған бірегей етікші. Жаппай тұтыну мен дайын өнім дәуірінде ата кәсіпті дөңгелетіп, оны жаңа бір шыңға шығару – нағыз еңбекқорлық пен патриотизмнің үлгісі.
Марқакөлден шыққан шебер ұл
Самғау ағамыз – өзіміздің мақтанышымыз. Ол 2006–2009 жылдары Марқакөл мектеп-интернат-колледжінде «Машинист» мамандығы бойынша білім алған екен. Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің аяқ киімдерін тігіп, есімі елге танылған шебер ұл туған ауылына қайта ат басын бұрды. Ауылдың игі жақсыларымен кездесіп, өзі түлеп ұшқан оқу ордасына арнайы келіп, жағдай сұрасқан ағамызды көргенде біз де мәз-мейрам болдық.
Ашық әңгіме мен асыл кеңес
Кездесу барысында ағамызбен «Ашық алаң» форматында дидарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарымызды қойдық. Самғау Нәсіпханұлының әр сұраққа шынайы жауап беріп, емірене үн қатқаны біздің жадымызда ұзақ сақталары анық. Ол өзінің жүріп өткен жолы, оқуға түсе алмай қалған сәттегі қиындықтарды қалай жеңгені және бұл кәсіпке қалай келгені туралы сұрақтарымызға да жауап қатты.
Ағамыздың айтқан мына ойлары біз секілді өскелең ұрпаққа үлкен бағыт-бағдар болды:
Ата-ананың разылығын алу, әр істің берекесі ата-ананың ақ батасында екен сонымен қатар әр адамның бойындағы жасырын мүмкіндікті (потенциалды) тани білудің маңыздылығы мен уақыт қадірі яғни бүгінгі істі бүгін аяқтау қағидасының табысқа жетелейтіні.
Алғыс пен тілек
Ағамыздың елім деп соққан жүрегіне, ақыл-парасаты мен жайдары жүзіне, қолының ашықтығына тәнті болдық. Қарапайым етікшілікті биік өнер деңгейіне көтерген Самғау Нәсіпханұлына айтар алғысымыз шексіз. Қазақстандық брендті әлемге танытуды көздеп жүрген ағамыздың ісіне береке тілейміз!
ӘДІЛ Жансая,
«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: ИСАЕВА Динара Асқарқызы,
тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі.
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы





