Мектеп формасы – оқушының келбеті

Қазіргі таңда жасөспірімдердің көпшілігінде ұялы телефон мен интернет желісі бар. Олар әлеуметтік желілер арқылы түрлі сәнді киім үлгілерін, басқа мектептердің формаларын көріп, соған еліктеп, дәл сондай киімдерді сатып алып киюге тырысады. Бұл – заманауи ақпараттық қоғамның әсері. Дегенмен, мұны тек әлеуметтік желінің ықпалы деп қарастыру жеткіліксіз. Кей жағдайда бұл баланың жеке көзқарасының қалыптаспауы немесе ата-ананың тәрбиесіне байланысты болуы мүмкін.
Шын мәнінде, мектеп формасын сақтамау мәселесінде ең бірінші жауапкершілік мұғалімге емес, ата-анаға жүктеледі. Себебі балаға тәртіп пен талапты үйрететін негізгі орта – отбасы. Егер ата-ана балаға мектептің ережесін түсіндіріп, оны ұстануға бағыт берсе, оқушының формаға деген көзқарасы да өзгереді.
Менің ойымша, қазіргі уақытта мектеп формасын сақтау аса қиын емес. Көптеген мектептерде талап қарапайым: жабық көк шалбар, ақ жейде, қара аяқ киім және көк жакет. Мұндай киімдерді алу да көптеген отбасылар үшін қолжетімді. Сондықтан форма мәселесін қиындық ретінде емес, тәртіптің бір бөлігі ретінде қарастырған жөн.
Мектеп формасы – мектептің айнасы. Ол оқушының сыртқы келбетін ғана емес, оның тәртібі мен жауапкершілігін де көрсетеді. Сонымен қатар, мектеп тек формаға ғана емес, оқушының жалпы тазалығына, ұқыптылығына, шашы мен тырнағының күтіміне де мән береді. Бұл – баланың дұрыс қалыптасуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі.
Қазіргі мектеп формасын ұнатпайтын жасөспірімдерге айтар ұсынысым бар: мектеп талабына сай киімді өз талғамдарыңызбен үйлестіріп киюге болады. Мысалы, ұқыпты аксессуарлар қосу, киімді дұрыс үйлестіру арқылы өз стиліңізді сақтай аласыз. Осылайша, әрі мектеп ережесін бұзбай, әрі өзіңізге ұнайтын бейнені қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Тоғжан ТӨЛЕГЕН,
Алматы облысы, Іле ауданы,
«№24 МКМ лицейінің» 11 – сынып оқушысы.
Жетекшісі: Аяулым Сағынғали, «Алатау ТВ»
телеарнасының тілші-редакторы
Сурет: Шығыс Қазақстан облысы
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті





