Буллинг: себептері мен шешу жолдары

Буллинг (ағылш. bullying – қорқыту, кемсіту, қудалау) – бір адамның немесе топтың басқа адамға қасақана, жүйелі түрде психологиялық немесе физикалық қысым көрсетуі. Бұл мазақтау, ұру, қорқыту, өсек тарату, сондай-ақ әлеуметтік желілерде қорлау (кибербуллинг) түрінде көрініс табады. Мұндай әрекеттер жәбірленушіге ауыр психологиялық зардап әкеледі.
Буллингтің түрлеріне тоқталсақ, буллинг бірнеше түрге бөлінеді:
- Физикалық буллинг – ұру, итеру, заттарын тартып алу немесе бүлдіру;
- Психологиялық (вербалды) буллинг – мазақтау, балағаттау, қауесет тарату, әдейі шеттету;
- Кибербуллинг – интернет пен әлеуметтік желілер арқылы қорқыту, қорлайтын хабарламалар жіберу, рұқсатсыз фото немесе видео жариялау;
- Экономикалық буллинг – ақша талап ету, заттарын ұрлау.
Қазіргі қоғамда кеңінен тараған буллинг түрінің бірі – кибербуллинг. Бұл термин кейбір ересектер үшін жаңа болуы мүмкін, алайда оның адамға тигізетін зияны өте үлкен. Кибербуллингтің ерекшелігі – ол тәулік бойы жалғасуы мүмкін және адамның санасын қорқыту арқылы бопсалайды. Бұл әрекеттен шығар жол іздеудің орнына кибербуллингке ұшыраған адам оның арбауына шырмалып, шарасыздыққа ұрынады. Соның салдарынан жәбірленушінің психологиялық жағдайы қатты зардап шегеді.
Кибербуллингтің таралуы: 2000 жылдардан бастап әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты кибербуллинг жасөспірімдер арасында жиілей түсті. Оған желідегі қудалау, троллинг, қорлау пікірлері жатады. Зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің едәуір бөлігі кем дегенде бір рет кибербуллингке ұшыраған немесе соған қатысқан.
Бұл құбылыс тек жәбірленушіге ғана емес, буллинг жасаушыға да кері әсер етеді. Қорлаудың қарқындылығы, ұзақтығы және жиілігі артқан сайын, оның психологиялық зияны да күшейе түседі.
Заң және жауапкершілік: Кейбір елдерде кибербуллингке қарсы арнайы заңдар қабылданған. Мұндай заңдар жасөспірімдерді қорғауға және құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартуға бағытталған. Қазақстанда да бұл мәселе біртіндеп назарға алынып жатыр. Дегенмен, қоғамда әлі де болса осы бағыттағы заңдарды күшейту қажет деген пікірлер бар.
Шешу жолдары: Буллингтің алдын алу ең алдымен мектептен басталуы тиіс. Себебі мектеп – баланың тұлға ретінде қалыптасатын негізгі ортасы. Оқушылардың сана-сезімі әлі толық қалыптаспағандықтан, дұрыс тәрбие беру арқылы бұл мәселені ерте кезеңде тоқтатуға болады.
Сонымен қатар, ата-ананың рөлі өте маңызды. Баламен жиі сөйлесу, оның ішкі жан дүниесін түсінуге тырысу, мектептегі жағдайын бақылау – буллингтің алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Мұғалімдермен байланыста болып, баланың оқу үлгерімі мен тәртібіне көңіл бөлу де үлкен әсер етеді.
Буллинг – жай ғана назар аудармай қоятын мәселе емес. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Кей жағдайларда жасөспірімдер психологиялық қысымға төтеп бере алмай, өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барады. Сондықтан әр балаға құрметпен қарап, оның жеке тұлға екенін ұмытпауымыз қажет. Ешкімнің біреудің өміріне зиян келтіруге құқығы жоқ.
Тоғжан ТӨЛЕГЕН,
Алматы облысы, Іле ауданы,
«№24 МКМ лицейінің» 11 – сынып оқушысы.
Жетекшісі: Аяулым Сағынғали, «Алатау ТВ»
телеарнасының тілші-редакторы.
Сурет:https://informburo.kz/





