Ахмет Байтұрсынұлы
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да
себеп болатын нəрсенің ең қуаттысы – тіл».
Тіл – ұлттың жаны, рухы һəм тарихы. Əр халықтың мəдениеті, салт-дəстүрі, дүниетанымы мен əдебиеті тіл арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Сондықтан да «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» деген ұғым терең мағынаға ие. Тілінен айырылған ұлт, уақыт өте келе өзінің ұлттық болмысын, салт -дəстүрінен де айырылады. Бүгінгі жаһандану заманында- тіл мəселесі алдыңғы жылдамен салыстырғанда елеулі өзектілікке ие.
ХХ — ғасыр зиялылары үлкен нəубет кезеңде ақтық демі шыққанша қазақ тілінің маңызы мен мүддесін қорғап,ұлтты сақтау жолында жандарын пида еткен. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нəрсенің ең қуаттысы – тіл» деп атап көрсеткен. Бұл пікір тілдің ұлт өміріндегі рөлін айқын дəлелдейді. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихи жадын, мəдени мұрасын сақтайтын негізгі құндылық болып табылады.
Қазіргі таңда қазақ тілінің мəртебесін арттыру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Конституциясында Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Сонымен қатар тіл саясатын дамыту мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған шаралар іске асырылып келеді. Мысалы, соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны артып, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі ғылыми еңбектер көбейіп келеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, халықтың басым бөлігі қазақ тілін түсінеді жəне қолдана алады. Сонымен қатар əлеуметтік желілерде, теледидарда жəне интернет кеңістігінде қазақ тіліндегі контенттердің ,балаларға арналған қазақ тілінде дубляждалған мультфильмдердің саны жылдан жылға артып келеді. Бұл – тілдің қоғамдағы маңызын арттырып, оның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын көрсетеді.
Дегенмен белгілі бір қиындықтар да бар. Кейбір жастар арасында шет тілдеріне қызығушылық жоғары болғанымен, ана тілін терең меңгеруге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Əсіресе қалалық ортада қазақ тілін күнделікті өмірде қолдану деңгейі кейде төмен байқалады,тіпті үйде отбасы мүшелері бір-бірімен қазақ тілінде емес орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Мұндай жағдай ұлттық тілдің дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан тілдің дамуы тек мемлекеттік саясатқа ғана емес, əр азаматтың жеке жауапкершілігіне де, баланың отбасыдан алатын əрбиесіне де байланысты.
Тілді сақтау ең алдымен отбасынан басталады. Егер ата-ана балаларымен ана тілінде сөйлесіп, ұлттық əдебиеттерді оқуға баулыса, тілдің өміршеңдігі сақталады. Сонымен қатар мектеп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мəдениет саласы да тілдің дамуына үлкен үлес қосады. Əсіресе журналистика мен медиа саласында қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюі қоғамдағы тіл мəртебесін арттыруға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, тіл – ұлттың ең басты рухани тірегі. Тілді сақтау мен дамыту – тек мемлекет үшін ғана емес, əрбір азамат үшін маңызды міндет. Ана тілін құрметтеп, оны күнделікті өмірде қолдану арқылы ғана біз ұлттық болмысымызды сақтай аламыз. Сондықтан тіл тағдырына бейжай қарамай, оны келер ұрпаққа аманат ету– баршамыздың ортақ парызымыз.
КЕРИМХАН Аружан,
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№198 мектеп-гимназиясының»
11 сынып білім алушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
