Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы тәжірибем туралы мақала.
Биыл қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы орайда елімізде Абай мұрасын терең зерттеу, оның шығармашылығын жастарға насихаттау мақсатында республикалық деңгейде «Абай мұрасы – рухани қазына» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Конференция К. Ахметов атындағы ОРММИК базасында ұйымдастырылды.
Мен, Алматы қаласындағы №198 мектеп-гимназиясының оқушысы ретінде, осы конференцияға қатысып, өз ғылыми зерттеу жұмысымды қорғадым. Конференцияға Астана, Ақтөбе, Риддер қалалары, Жамбыл облысы Ақтерек ауылы, Алматы қаласындағы №198 мектеп-гимназиясы, Әл-Фараби бейіндік мектебі, Республикалық спорт колледжі, Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ және К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі сияқты білім орындарынан келген 24 оқушы қатысты.
Менің ғылыми жобамның тақырыбы — «Абай шығармаларындағы сатира». Зерттеу барысында Абай шығармалары арқылы қоғамдағы кемшіліктерді сынға алуын, мысқыл мен иронияны қолдану ерекшеліктерін талдадым. Ақын шығармаларындағы тұрмыстық, әлеуметтік және адамгершілік мәселелерге қатысты сын көзқарастарды анықтадым. Жобамды қорғау кезінде өз ойымды ғылыми дәлелдермен, мәтіндік талдаулармен және нақты мысалдармен негіздедім.
Зерттеушілердің жұмыстарын арнайы сарапшылар бағалады: Абай атындағы ҚазҰПУ университеті, академик С. Қирабаев атындағы кафедраның аға оқытушысы, ф.ғ.к. Мұхамадиев Д.Б.; Ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор Асқарова Г.С.; Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері: Искакова Ж.А. және Бейсенбина А.А.; Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бейіндік мектебі директоры А.Ә.Шахаманова.
Қазылар алқасы қатысушылардың зерттеу деңгейін, ғылыми дәлелділігін, шығармашылық
ойларын әділ бағалап, Ⅰ, Ⅱ, III дәрежелі дипломдар мен сертификаттармен марапаттады. Республикалық конференция мен үшін тек ғылыми тәжірибе ғана емес, сондай-ақ Абай шығармашылығын терең түсіну, өз ойымды жеткізу және жас зерттеушілермен тәжірибе алмасу мүмкіндігі болды. Бұл шара менің рухани дүниемді байытып, болашақта Абай мұрасын әрі қарай зерттеу үшін шабыт берді.
КЕРИМХАН Аружан,
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№198 мектеп-гимназиясының» 11 — сынып білім алушысы
