«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Адам өміріндегі өтпелі кезеңнің белгісі

«Өліара» спектаклінен кейінгі ой

2026 жылдың 28 сәуірінде мен өз қаламдағы ірі мәдениеттің ордасы мен руханият айнасына айналған   Тараз қаласындағы Баласағұн мәдениет сарайына алғаш рет бардым. Бұл сапардың басты себебі Астанадан келген театр әртістерінің сахналаған «Өліара» қойылымы еді. Атының өзі ерекше бұл туындының мазмұны да терең әсер қалдырды. Қойылым мектеп бітіруші түлектердің өмірімен басталып, олардың болашақтағы бақытты кезеңімен аяқталды. Әсіресе, бастамасы көрерменді бірден баурап алды. Себебі сахнадағы оқиғалар дәл қазір біз, яғни 11-сынып оқушыларының бастан өткеріп жатқан өмірлерінің көрінісімен іспеттес.

Мектеппен қоштасу, қолына куәлік алу, үлкен өмірге қадам басу бәрі де маған таныс, жүрекке жақын сәттер. Қойылым барысында оқиға шиеленісе түседі. Түлектердің алдағы сынағы  тест тапсыру кезеңі бейнеленеді. Әсіресе Алмат есімді кейіпкердің тағдыры ерекше әсер қалдырды. Ол өз нәтижесіне сеніп,ата-анасын қуантамын деп ойлағанымен, күтпеген жағдайға тап болады. Бұл сәт қазіргі түлектер үшін аса маңызды ҰБТ емтиханымен үндесіп жатыр. Қойылымдағы мені терең ойға батырған бір үзінді бар: «Алмат адасып кетпе, қазір өліара кезеңі ғой» — деген. Осы бір қысқа ғана сөйлемнің өзінде үлкен мағына жатыр. Мұндағы «өліара» – тек табиғаттағы мезгіл емес, адам өміріндегі өтпелі кезеңнің белгісі. Бұл  сенім мен күмән, үміт пен қорқыныш қатар жүретін шақ.

Меніңше, бұл қойылым  бүгінгі түлектердің ішкі жан дүниесін дәл бейнелеген туынды. Әрқайсымыз кейіпкер сияқты кейде сенімсіздікке бой алдырсақ та,алға ұмтылуымыз қажет. Өмір тек емтихан нәтижесімен шектелмейді. Әр қиындықтың артында жаңа мүмкіндік бар. Сондықтан мен бұл мақалам арқылы барша түлектерге, сонымен қатар өзіме де қолдау білдіргім келеді. Ең бастысы адаспау, өз жолыңды табу және сеніміңді жоғалтпау. Әр бұлттың артында міндетті түрде жарқын күн бар,сондықтан біздің қолымыздың келеді. Адамның жасағанын адам жасайды демекші, әр түлекке «Сен грантқа түстің» деген хабарлама жетсін.

  СЕРИКБАЕВА  Аяулым,

Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы

«Зият» мектебінің 11 сынып оқушысы.

Шығармашылық  және курс жетекшісі: Гүлім Мырзахмет,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

 

 

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Адам жанына араша болған дәрігерлер

farabi shakirti shakirti

Жасөспірімдер және кітап оқу мәдениеті

Журналистика және сөз бостандығы: шекарасы қандай?