«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Ғибрат

Жастар және кітап оқу

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Қазіргі таңда жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы әртүрлі деңгейде. Бірі кітапты білімнің көзі деп бағаласа, енді бірі бос уақытын көбіне телефон мен әлеуметтік желілерде өткізеді. Шынымен де, қазіргі заманда кітап оқитын жастар азайып бара жатқандай көрінеді. Бірақ бұл барлық жастар кітап оқымайды деген сөз емес.

Қазір бәрі тез өзгеріп жатыр. Ақпаратты бұрынғыдай кітаптан емес, интернеттен оңай әрі жылдам табуға болады. Соның салдарынан жастар ұзақ отырып кітап оқуға шыдамсыз болуы мүмкін. Әлеуметтік желідегі қысқа видеолар мен түрлі ойын-сауықтар да адамның уақытын көп алады. Кейде өзіміз де байқамай, бірнеше сағат уақытымызды телефонға жұмсап қоямыз. Осындай жағдайлар кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуіне әсер етеді.

Дегенмен, кітаптың орны әрқашан ерекше. Кітап оқу тек ақпарат алу емес, ол адамның ойлау қабілетін дамытады. Кітап оқыған адам ойын дұрыс жеткізе алады, сөздік қоры бай болады. Сонымен қатар, кітап адамды сабырлы болуға, терең ойлануға үйретеді. Әр кітаптан белгілі бір ой, тәрбие алуға болады. Сол арқылы адам өзін жақсырақ түсіне бастайды.

Менің ойымша, кітап оқу – әр адамның өзіне байланысты. Егер адам қаласа, ол міндетті түрде кітап оқуға уақыт табады. Күн сайын аз да болса кітап оқуды әдетке айналдырса, уақыт өте келе бұл пайдалы дағдыға айналады. Бастапқыда қиын болуы мүмкін, бірақ бірте-бірте қызығушылық пайда болады. Ең бастысы – өзіңе ұнайтын кітапты таңдау.

Қазіргі жастар мүлде кітап оқымайды деп айту дұрыс емес. Керісінше, кітап оқитын, өзін дамытуға тырысатын жастар да көп. Тек оларды қолдап, кітапқа деген қызығушылықты арттыру керек. Мысалы, мектепте, қоғамда кітап оқуды насихаттайтын іс-шаралар көбірек болса, жастардың қызығушылығы артар еді.

Қорытындылай келе, кітап оқу – адам өмірінде маңызды орын алатын құндылықтардың бірі. Технология дамыса да, кітаптың орны ешқашан бос қалмайды. Сондықтан әр адам, әсіресе жастар, кітап оқуды ұмытпау керек. Себебі кітап – адамның рухани дамуына үлкен әсер етеді.

ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ  Гүлбақ,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

Толқын ауылы, «Толқын орта мектебі» КММ

11 «Ә» — сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Біздің мамандар Әбу Насыр әл-Фараби қолжазбасының көшірмесін тапты

Қазақстан Республикасы мен Моңғолияның арасындағы білім саласындағы қатынастарға жаңа қарқын беріледі

admin_farabi

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ – ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

farabi shakirti shakirti