Менің тапсырмам мектепте өткен ашық сабақ туралы жазу болатын. Ашық сабақ өткізген ұстаз Хазима Қожаханқызы үйге ертіп келгенде, Мұхаметжан ағаны екінші рет кездестірдім. Көрнекті жазушы ағамен сөйлесудің сәті түсті.
Аға шығармашылығын бір шөкім уақыт ішінде айтып өткен еді…
Сол кезде есте қалған естеліктерді арада қырық жылға жуық уақыт өткенде, Етекбаев Мұхаметжан ағаның 90 жылдық еске алу сәтіне сәйкес келіп, қысқа қайырып отырмын.
***Әл-Фараби (С.М.Киров атындағы 1981-1986 жж.) Қазақ Ұлттық университетін бітіріп, қолыма диплом алдым. Сол жылдарғы жас маман міндетті түрде екі жыл өндірістік тәжірибенден өтетін. Менің жолдамам Маңғыстау облысына бұйырды. Қарт Каспий теңізінің жағасында курстас құрбым Жамилә Түлкеева екеуіміз шағалалармен сырласып, қыста қатты аязда теңіз беті қатса, армансыз сырғанаймыз деп жүргенде екі жыл зу етіп өте шығып, Ұзынағашқа келдім. Жамбыл аудандық «Атамекен» газетіне радиоұйымдастырушы қызметіне орналастым. Бұл 1989 жылы. Аудандық почта торабында қазақ радиосының кешкі жетідегі толқыны жергілікті радиоға берілетін сол жылдары. Аптасына 3 рет газет редакциясында қысқа ерекше ақпараттар дайындап барып, аудан жаңалықтарын радиодан оқимын.
Аудан өндіріс орындарынан ақпарат жинап, келіп кабинетке келсем, ағайлар үстел үстіндегі қағаздарын жинастырып жатыр екен. Редакция бұрынғы темекі сарайының ғимаратына орналасқандықтан қыста қанша от жаққанына қарамастан жылымайтын. Жылдың қалған үш мезгілінде де тас суық. Сырт киімімізді жамылып жүргеніміз. Есіме түспей отырғаны, күз не көктем айы ма деймін. Бір кеңседе ауданға танымал мүйізі қарағайдай Сүйінбай ақынның ұрпағы,
журналист, адуынды Базарбек Атшабаров, журналист Жұматай Қалығұлов, корректор, ақын жігіт Керімбай Нүсіпқұлов және мен қатар отырып жұмыс істейміз. Мен кірген бойда ағалардың бірі:
—Жазушы Мұхаметжан Етекбаев келетін болды, — деді. Мұхаметжан Етекбаев? Мектепте оқып жүргенде аудандық балалар кітапханасында өткен кездесу сап ете түсті есіме. Ағаның жаңа шыққан кітабын талқыладық қой деймін, шығармасы есімде жоқ. Аға оқушылардың сұрақтарына жай, асықпай жауап берді. Сол кездегі кітапхана директоры Фарида Жұматаева мен Нұршайым Чахмухамбетова, Гүлсім Курпанова апайлар оқушыларды әртүрлі шараларға шақыратын. Мектептен оқушылар баратынбыз. Ағайлар есімін атаған жазушының тегі таныс болғанымен, келбетін есіме түсіре алмадым. Ағайлардың үстелінің үсті қағаз қопырап жататын. Ортасын бөліп қойғаны болмаса, баспахана мен газет редакция бір ғимаратта орналасқан. Мақала жазатын қағаз тегін, сарғыш тартқан А4 форматының күніге бірнешеуі бүктеліп, умаждалып қоқыс салғышта жатады. Мақаланы қолмен жазып, терімші машинтсткаға апарып қоятынбыз. Жазған, кейде машинкадан шыққан мақала ұнамаса ағайлар түгілі өзім қаншама қағазды умаждап тастайтынмын. Бір кезде Керімбай терезеге жаққа қарап, «Келе жатыр, келе жатыр» деді.
Кабинетке ұзын бойлы, ақ сары аға кіріп келді. өзін есіме түсіре алмадым, біз оқушы кезде балалар тақырыбына жазған әңгімелерімен танмал болған. Алайда, егде тарта бастағандай, жылы жымиып келіп, Керімбай әкелген орындыққа отыра кетті. Көзім бірден қара портфеліне түсті. Мұндай портфельді университеттің профессор ағайлары мен декан ұстайтын. Ол ғалымдардың қастарында
ассисенттері бар, солар көтеріп жүретін. Күткен жазушы кіргенде, ағайлар орнынан тік тұрды. Мұхаметжан аға алдымен портфелін жерге орындыққа сүйеп қойды да, содан кейін ағайлармен амандасты. Сол арада қоңырау шырылдап, бөлімі меңгерішісі Базарбек ағай тұтқаны көтерді. Мен кешкі радио жаңалықтарын тексере бастадым. Біркезде аға портфелін көтеріп алдына алмады, не үстелдің үстіне қоймады, еңкейіп ішінен алып, екі бүктелген қағазды алып, Жұматай ағаға ұсынды. Сол кезде күліп жібердім. Қара сөмке толған мақала шығар деп ойладым, өйткені ауыр сияқты көтеріп келіп, әрең қойды. Кейбір авторлар жазған мақаласын бума-бума етіп қалдырып кететін. Маған сол қызық болса керек. Өзіме сезілмей, қатты күліп жібердім бе, ағай сол кезде мені байқады.
—Кешіріңіздер! – дедім әбестігімді мойындап.
—Е, айналайын!, — деп маған біраз сұрақ қойды, жауап бердім.
—Мен де ҚазҰУ бітірдім, мамандығым журналист. Туған ауылым – Қарақастек, сол шығармашылығымды дамытайын деп Майтөбенің баурайында жүрмін, — деді. Ойланып барып:
—Белгілі фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаев ағаларың дәріс оқыды ма? – деп сұрады. Академик Мұхтар Әуезовтен бата алған, фольклор саласында кандидаттық және докторлық диссертация қорғады, біздің ауданның тумасы, Жетісудың дүлдүлі Сүйінбайдың шөбересі, — деп таныстырып өтті.
—Университетте фольклор танудан дәріс оқығанда Сұлтанғали аға алғашқы лекция күні өзін таныстыруда атап өткен болатын, — дедім.
—Жазсаң, міне саған кейіпкер, ағаңда рухани дүние жетеді, — деп қоштап қойды Жұматай аға. Айналып, жазушы ағаның әкелген мақаласы маған келді, кешке радиодан оқитын болдым. Екі беттік мақала, қателеспесем, кездесу туралы болса керек.
Арада кәдімгідей уақыт өтті. «Атамекен» газетінің бас редакторы Байжан Күмісжан Құайбергенқызы, Қарақастектегі «Сүйінбай» атындағы( Октябрь) орта мектепте шара өтетінін айтып, жазуға тапсырма берді. Жолға шықтым.
Мектепте «Пәндер» апталығы өтіп жатыр екен, сол күні орыс тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігі апталығының қорытындысын шығаратын ашық сабаққа кірдік. Аудандық білім бөлімінен, аймақтық үлесі бойынша ауыл мектептерінің мұғалімдері жиналыпты. Ашық сабақты Айдарбекова Хазима Қожаханқызы өткізді. Сабақтан соң, сабақ туралы пікір алмасу біткенде апай келген қонақтарды үйден дәм татуға шақырды. Көптің соңына ілесіп, ұстаздың үйіне келсем… есік алдынан қонақтарды Мұхаматжан аға күтіп алды.—Е, айналайын, сен келдің бе? – көптен қалдырмай амандасып мәре-сәре болып жатты. Қонақтар дәм ауыз тиіп, асығыс екендіктеріін айтып шығып кетті. Мен ұстаздан сабақ туралы нақты мәлімет алатын болып қалдым.
Хазима Қожаханқызы: «Әуелі ағаң туралы жаз, содан кейін менің сабағыма көшеміз» деп жолдасы, балаларының әкесі Мұхаметжан ағаға жолын беріп, қатар отыра қалды. Аға жанға жайлы қоңыр дауысымен өзі туралы жайлап әңгіме бастады. Өмірбаянымен танысып шықтым. Туған
ауылындағы «Октябрь», қазіргі Сүйінбай атындағы мектепті 1965 жылы бітіре сала білім ордасының қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсіп, бітіреді. Аға өзінің шығармашылыққа жақын болуы әкесі, шопан Етекбай атаның балаларына кітап оқуға баулыған күндерден басталғанын айтты. Бала жастан кітапқа құштар бала, балаларға арналған ертегі, дастандарды қолынан түсірмей, көп оқыпты айтқан.
—Біздің бала кезімізде қазіргідей балаларға арналған кітап қайдан? Бір ертегіні төрт-бес бала айналдырып оқитынбыз. Соғыс жылдары, одан кейін қайта қалпына келтіру жылдары балалар әдебиеті дәл бүгінгідей дамымады, дегенмен кітап оқыдық, — деп бір қайырды.
Бала жасынан бала тақырыбына арналған қолда бар шығарманы бар ықыласымен оқып, дала төсінде таза ауада көкте самғаған бала қыранды бірде көрсе, бірде елестеткен Мұхаметжан әдебиетті жаны сүйіп өсті. Өз заманының кейіпкерлерін қатарластарының арасынан іздеді. оқиға желісін таңдау үшін өзінің балалығын ой елегінен өткізді. оқыған әр шығармасы ішкі жандүниесін шабыттандырып, қолына қалам ұстатты. Балаларға арналған қызықты әңгіме мен ертегі жазды, бала өмірін баяндады. Бала, балаға арналған рухани дүниемен барынша азықтансын деп ұлттық балалар әдебиетінің дамуына қалам тартты.
Жазушы «Алтын мүйізді киік» атты тұңғыш кітабын балаларға арнап жазды, ертегілер мен әңгімелер жинағы кітап болып 1961 жылы жарыққа шықты. Жүрегінде балалар өмірі, өз өмірімен
астасып, қара сөзбен жазылған «Қисық бұтақ» атты мысалдар жинағы, «Қызыл ала автобус», «Жапалақ туралы ертегі», «Болатбек» повесі оқырманмен қауышты. Болатбек Омаров өткен ғасырдың 30 — жылдары Қазақстан пионерлер қозғалысының белсенді мүшесі, колхоз құрылысына зиян келтіргендерді әшкерелеген батыр бала.
Жазушының зайыбы Хазима Қожаханқызы жұбайының сөзін қоштап, повесті 1972 жылы орыс тіліне аударып бергенін айтып өтті. 1971 жылы М.Етекбаветің «Алатау ертегісі» атты ертегісі Мәскеудің «Детская литература» баспасынан «Острый коготь» деген атпен басылып шықты. Бұл шығарма 1978 жылы украин тіліне аударылды. Кітап неміс тіліне де аударылған. ағаның көзі тірісінде баспадан шыққан кітаптары көп таралыммен тарады.
Әңгіме арасында Мұхаметжан аға менің журналистикаға қалай келгенімді сұрады. Айтып бердім. Аға алғашқы туындылары университеттің «За отличную учебу» газетінде, «Қазақстан пионері», «Пионер», «Балдырған», «Лениншіл жас» — «Жас Алаш», басқада республика көлеміне таралатын балалар мен жастар газет — журналдарының беттерінде 1956 жылдан бастап жариялана бастағанын айтып, жарияланған мақала, ертегі, әңгімелерінің сарғайған қиындыларын көрсетті. Бұл – нағыз келешекке қалатын мұра.
М.Етекбаевтың өмірі, шығармашылық жолы мен көзі тірісінде алған дүниелері сандықтың түбінде жатқанша, жарықта балалар мен жасөспірімдерге, Жетісудің жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының бейітіне құран бағыштап, ақынның әдеби – мемориалдық музейін көруге келген қонақтар Қарақастекке атбасын бұрғанда, мәдениет үйін айналып өтпес деген ниетпен ғимараттан бөлме алған Хазима Айдарбекова, Мұхаметжан Етекбаевтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында арнайы жазушы атындағы әдеби-мемориалдық музейін ашты. қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасын іздеген оқырманы музейге арнайы келіп, М.Етекбаев және заман тұлғаларымен түскен суреттерін, басқа да деректермен танысуда. Жақында мектеп оқушылары жазушының туғанына 90 жыл толуына орай М. Етекбаевтын «Болатбек» повесі, кейін толықтырылып «Бала қыран» аталып шыққан екінші кітабынан үзінділер көрсетіп, сахналық көріністер қойды.
…Біз әлі Мұхаметжан ағамен оның өмірі мен шығармашылығы, басшылық қызметінен сыр шертіп отырмыз. Хазима тәте ағаның қағаздарын, дәлелдерді алдыма қойды. Жыр алыбы – Жамбылдың республикалық әдеби-мемориалдық музейіне 1966 жылы директорлығына тағайындалған. Үздіксіз он үш жыл басқарыпты.
—Қызым, қара, Жәкеңнің музейіне басшылыққа келгенде Мұхаметжан Етекбаев не бітірді? – деген сұраулы жүзбен қарадың ғой. Тыңда, — деп әңгімесін әрі қарай жалғады. (Шынында да осы сұрақты қоюға дайындалып отырғаным рас еді, аға оны менен бұрын айтып қойды). —Музейге келіп, барлық жайымен толық танысқан соң, ең алдымен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілуі қажет деп бір қойдым. Сонымен музейдің ішін жаңарту, жәдігерлермен толықтыру жұмысына кірістім. Бұл – ұйымдастырушылық жұмысы оңай емес екен. Қасыма тәтеңді музейдің әдеби қызметкері етіп қабылдады. Екеуіміз, музейдің қызметкерлері бар жаңаша реттеуді қолға алдық, — деп бір үзіліс жасадық. Аға өзінің Сүйінбай ақынның шәкірті Жамбыл бабамыздың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында аса жауапты кезеңде басшылыққа келгенін айта келе, арасында Сүйінбайдың Жамбылға берген батасынан:
О, Жамбыл, бата дедің, бердім саған,
Бақытты, өмірлі бол, жүргін аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағын былай шығып кінә маған.
Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын сорғалаған, — үзінді оқып қойды.1968 жылы музей күрделі жөндеуге — жабылады. Екіарада музей жәдігерлерінің 2 көрсеткіш кітапшасын шығарады. Аудан халқы арасынан Жәкеңді көзкөргендерінен ақынның шығармаларын, естеліктерін жинайды. Мұхаметжан
аға осылайша, өзінің қызметін, шығармашылығын әңгімеледі.
—Бүгін осымен сөзімді аяқтайын, айта берсек, шығарма тақырыбы таусылған ба? Адамдармен әңгімелесу арқылы шығармамның тақырыбын тауып аламын. Балаларға ұзақ жазуға болмайды, қысқа жазу керек., — менің де болашақта бала тақырыбына шығарма жазуым әбден мүмкін екеніне өз өмірі арқылы сендірді.
Аға журналистік еңбек жолын Жамбыл аудандық «Ленин жолымен» (қазіргі «Атамекен»), Қаскелең аудандық «За коммунизм» (қазіргі «Заман жаршысы»- Naqty) газеттері редакциясында әдеби қызметкер болып бастаған. Кейін республикалық «Қазақстан пионері» бүгінгі«Ұлан» газетінде, 1964 жылы Қазақ телевидениесіне ауысып, коментатор, редакторы қызметін атқарған.
Енді, аудан көлемінде өткен жиналыстарға келгенімен, Мұхаметжан ағамен әңгімелесудің сәті түспейтін. Ал мектепте өткен кездесулерде сөз сөйлеп, оқушыларды ең алдымен Отансүйгіш қасиетке баулитын әңгімелерді айтқанда, көпшілік ұйып тыңдайтын. Өйткені, ағаның дауыс тембрі ерекше – тін. Жай сөйлегенімен, әр сөздің интонациясын қойып, буын-буынға бөліп айтатын.
Балалар мен жасөспірімдерге арнап 20-дан астам кітап жазып қалдырған Мұхаметжан Етекбаевтың туғанына 90 жыл толуы қарсаңында Хазима тәтемен кездесіп, сәлемдесіп, халық Мұхаң атап кеткен жазушы жайлы естеліктерді одан әрі өрбіттік.
—Жамбыл мұражайына басшылыққа келгенде, ақынның 125 жылдығына орай Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалалық кеңесі төрағасының қабылдауында болып, Мұхаметжанның айтқан өтінішіне байланысты Жамбыл музейіне арнайы 3 (үш) миллион рубль бөлінді. Қаражат жыр алыбының 125 жылдық тойынан кейін аударылды. Бөлінген қаржыға ақынның музейіне апаратын көше бойына құрылысы біркелкі 14-15 екі пәтерлік екі қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ мәдениет үйі, мектеп, кәдесый дүкені де салынып, көше асфальтталды, — деп ағаның басшылық қызметтегі іскерлігіне тоқталды.
Жаны жайсаң жандар, қарапайым алайда, жүрегі адалдықты сүйетін, сөзінен ғибрат алып, ісінен өнеге өрілген адамдар туралы айтатын естеліктер тізбегі үзілмей жалғасатыны белгілі. Мұхаметжан Етекбайұлы жайлы айтылған, алда айтылатын тағлым аз емес. Айдарбекова Хазима тәте ағамыздың тағы бір ерекше тапқырлығын есіне алды.
—Мұқаңның тағы бір ерлікке тең еңбегін айтуға тиіспін. Мұхаметжанның авторлығымен «Ақындар атасы» деген деректі фильм түсіріліп, 1973 жылы көпшілікке көрсетілді, — деп фильм туралы көрермендерден жылы лебіз естігенін айтып өтті.
Хазима Айдарбекова жұбайы, ғұмыры қысқа болғанымен, оқырманына қалдырып кеткен бар шығармасын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Апайдың тынымсыз еңбегінің арқасында
шығармалары оқырманын тауып келеді. Айталық, Мұхаңның «Қызыл ала жолбарыс» деген кітабы жарық көрді. Балалар журналына «Саурық батыр» атты аңыз-әңгімелерден үзінділер жарияладық. Хазима Қожақанқызымен алғашқыда мектепте бала оқытқан ұстаз ретінде таныстық. Кейіннен балалар жазушысы Мұхаметжан Етекбаев ағамыздың жары екенін білдік. Кеңірек таныса келе Алматы, бұрынғы Верныйдың құрылысын дамытып, бау-бақшасын, жасыл желегін көркейтуге бар өмірін арнаған, халқына жанашыр бола білген қоғам қайраткері – Медеу Пұсырманұлының шөбересі деп құрмет көрсетудеміз. Әңгімелесе келе Хазима Қожақанқызы аталары туралы үлкендерден естігенімен бөлісті. Медеудің ұлы Айдарбек, оның ұлы Қожақан, яғни Хазима тәтенің әкесі болып келеді. Бүгінде, жасы тоқсанға жақындаған Х.Қ.Айдарбекова ардагер ұстаз. Ұзақ жылдар атқарған еңбегі, жазушы жарының аяқталмай қалған арманы – шығармаларын қайта жаңғыртып, топтастырып оқырманға тарту еткен еңбегі лайықты бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.
Хазима тәтемен сұхбаттасып, Қарақастектен Ұзынағашқа келіп, Алматыға редакцияға бармақ болып Мәдениет үйі жанынан такси тосып тұр едім, мен оқушы кездегі аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Нұршайым апайды көзім шалды. Оқушы кезде білім берген
ұстаздарымызды, таныс апайларды көрсек бала кездегідей жүгіріп барып сәлемдесу әдетке айналған қазір әрине, жүгіре алмаймыз. Апай мен жақындағанда:
—Сені енді таныдым, белсенді оқырманымыз болып едің ғой, — деп хал-жағдай сұрасып кеттік. Мұхаметжан ағаның 90 жылдығына орай Хазима тәтемен сұхбаттасып келе жатқанымды айттым.
—Есіңде ме? Сендер кітапханаға осы есіктен кіретін едіңдер ғой… (Бұрынғы балалар кітапханасының ғимараты басқа мекемеге берілген, балалар кітапханасын сұрап едік, білетіндер болмады).
—Иә, талай кездесуге келіп едік.
—Сендер оқушы кезде Мұхаметжан ағамен шығармашылығына арналған кездесулер өткізіп едік. Өзің білесің ғой, біздің аудан «Ақындар мен батырлар» елі десе, мен жазушылардың да мекені дейтінбіз оқушылармен кездесуде. Бізде жазушылар да көп қой, — деген Нұршайым апаймен қазақтың белгілі жазушылары Мұхаметжан Етекбаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жұмабай Шаштайұлы, бүгінде ел ардақтысына айналған Нағашыбек Қапалбекұлы, Қалихан Уәлихан ағаларымызды атап өттік те, бір-бірімізге сау-сәлеметте болуды тілеп екеуіміз өз
шаруамызбен кете бардық.
Ж.Кучукова,
журналист.
Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты
