Менің соңғы оқыған кітабым — «Парасат майданы». Кітап авторы — Төлен Әбдік. Бұл кітапты оқып бастағанымда, бастапқыда түсініксіз болды. Не жайлы? Басты кейіпкер кім? Осы сұрақтар мені де біраз ойландырды. Әрине, басында кез-келген адам кітап бетін парақтап оқығанда бірден түсіне кетпейді. Автордың ойын, не жеткізгісі келгенін. Бірақ, соңында әрбір кітаптың оқырманға берер ойы, түйіні болады. Егер оқырман кітап беттерін түсініп оқыса соңында өзіне бір ой болсын түйе алады.
Соңғы оқыған кітабымның бір ерекшелігін байқадым. Кітапта берілген шығарма күнделік түрінде жазылған. Маған ол одан сайын қызық бола бастады. Тап бір бейтаныс адамның күнделігін қызыға оқитындай сезімде болдым. Кейіпкер ауруханада жатқанда оған белгісіз бір жаннан беймәлім хаттар келе бастайды. Автор болса сол хаттарды мерзімімен бірге күнделікке жазып жүреді. Хатта күнделікті әр түрлі мәселе жазылады.
Ең қызығы, хаттың иесі кім? Осы сұрақ мені қатты ойландырды. Оны анықтау үшін кітапты соңына дейін оқып аяқтау маңызды еді. Хат оқылған сайын кейіпкер мен бейтаныс жанның арасында түрлі дау-дамайлар басталады. Әлгі кейіпкер хаттың иесін анықтау үшін тіпті кездесу де ұйымдастырады. Бірақ бәрібір жолы болмайды. Менің түсінгенім бойынша шығарманың құпиясы- трагедиясы секілді. Сол бір хат жазып жүрген бейтаныс адам шын мәнінде кейіпкердің өз ішіндегі екінші мені болғанда екен.
Әлгі адам сонда ауруханаға түскен кезден өзімен-өзі күресіпті. Бұл кейіпкердің жалғыздығын білдіреді. Кейіпкер өзінің екіге жарылғанын түсінгенде, ішкі қайшылыққа шыдай алмайды.
Менің жалпы шығармадан түйгенім: өмірде әр тұлғаның ішінде үлкен бір майдан болады екен. Сыртқы жау болса онымен күресіп жеңу аса қиын емес. Бірақ, іштегі күмәнмен, қорқынышпен, жаман ойлармен күресу әлдеқайда қиын. Қаншалықты терең ойға батып, көп нәрсені түсіне берсең, соншалықты азап шегесің. Кейіпкердің қасіреті де осы. Оның көп нәрсе түсінетіндігінде. Өмірде таңдау құқығы өз қолыңда. Біз күнде бір белгісіз бір жанмен бетпе-бет келеміз. Маңыздысы — сол
майданда дұрыс бағытты таңдау. Сонда ғана ішкі сезіммен күресу арқылы жеңіске жететініміз анық.
АБДРАХЫН Ажар Ерланқызы,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-қайрат ауылы,
«№19 орта мектеп-гимназиясының» 11 сынып оқушысы
