Суреттер: ЖИ, жолдаған автор
Қазақ халқы ежелден-ақ қиядағыны қырандай шалатын, қасқырдай өткір көзді, арыстандай ержүрек халық. Пейілі аппақ қардай, жомарттығы кең даладай, көңілі көк аспандай таза, бауырмал халық. Кезінде Бұланты-Білеуті шайқасында жоңғарға дес бермеген, аңырақай шайқасында ел болып бірігіп, жаудың алдын орап алған рухы биік елміз. Міне біз осындай ержүрек ұлттың ұрпағымыз. Біз кешегі желтоқсан оқиғасында жастарымыздың жалынды рухы, отты жанары мен өжет мінезі баршаны мойындатқан, өресі биік өр тұлғалардың ізін жалғаған ұрпақпыз.
Қонағы келсе, төрінен орын беріп, дәм-тұз ұсынған, достық пейілі кең, қонақжай ұлтпыз. Қазыбек би де: «Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, дәм-тұзды ақтай білген, достықты сақтай білген елміз», – деп болмысымызды тайға таңба басқандай дәл айтса керек.
Өресі биік, қайсарлығы қырық күндік аңыз боларлық ата-бабамыздың асыл қасиеттері мен жанқияр батырлығы бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіп, күре тамырында ағып, санасында сайрап жатыр. Оның айқын дәлелі – қазақ елінің әлем елдері арасында қонақжай ел атанып, халықаралық спорт жарыстарында көш бастап, білім, өнер, мәдениет арқылы әлем аренасында өз орнын қалыптастырғаны.
Қазақ әрқашан өзінің дархан болмысымен, асқақ рухымен, ғылымдағы жетістігімен, қиындықта көрсеткен табандылығымен ерекшеленген халық. Ендеше, дара да дархан болмысымызды өз тұғырында ұстап тұру – баршаға ортақ міндет.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
