«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Ұстаз

Ұлт болашағын қалыптастыратын ең қадірлі тұлға?

Ол  – ардақты ұстаз!

Қазақ халқы ежелден «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Бұл нақыл сөздің терең мәні бар: адам өміріндегі бағыт-бағдарды, білім мен тәрбиені қалыптастыратын – ұстаз. Сондықтан әр шәкірттің жүрегінде өзіне ерекше әсер еткен, жол көрсеткен ұстазы болады. Мен үшін сондай ардақты жандар – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жолдасова Тұрсынай Көпбосынқызы мен  химия пәнінің мұғалімі Қыстауова Айжан Алшынбайқызы туралы жылы лебізімді білдіруді жөн көрдім.

Тұрсынай апайдың әр сабағы мен үшін ерекше әлемге саяхат сияқты. Ол тек грамматика мен ережелерді үйретіп қана қоймай, қазақ әдебиетінің терең мағынасын, ұлттық құндылықтарды жүрегімізге жеткізе біледі. Сабақ барысында ақын-жазушылардың шығармаларын талдап, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін түсінуге көмектеседі. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дегендей, апай бізге кітаптың қадірін түсіндіріп, оқуға деген сүйіспеншілігімізді арттырды. Оның сабағында әр оқушы өз ойын еркін жеткізе алады, пікір алмасады, ойлануға үйренеді. Тұрсынай апай ұстаз болмысына тән қатал  көрінгенімен, анамыздай мейірімді. Талапшылдығы арқылы әр оқушының орнын тауып, әрқайсысына жеке көңіл бөледі.

Ал Айжан апайдың химия сабағы көпшілікке қиын көрінгенімен, ол пәнді барынша қызықты етіп түсіндіруге тырысады. Химия күрделі болса да, апай өз жұмысына барын салып, әр тақырыпты қарапайым әрі түсінікті жеткізеді. Ол оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятып, қиындықтардан қорықпауға үйретеді. «Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, Айжан апай бізді шыдамдылыққа, еңбектенуге және ізденуге баулиды.

Қос  ұстазымның ортақ қасиеті – оқушыларға деген шынайы қамқорлығы мен жанашырлығы. Олар әрқайсымыздың қабілетімізді байқап, қолдап, дұрыс бағыт береді. Кейде бізге тек білім емес, өмірлік кеңес те береді.ұстаздар біздің болашағымыз үшін аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қосып келеді. Осындай сәттерде «Ұстаз – ұлы есім» деген сөздің мағынасы айқын сезіледі.

Ұстаз тек пән үйретуші ғана емес, ол – тәрбиеші, ақылшы, бағыт беруші. Адам өмірінде ата-анадан кейінгі ең маңызды тұлға да – ұстаз. Сондықтан олардың еңбегі әрқашан құрметке лайық. Мен өзімді осындай керемет ұстаздардың шәкірті болғаныма бақытты сезінемін.

Қорытындылай келе, ұстаздың еңбегін ешнәрсемен өлшеу мүмкін емес. Олар болашаққа жол ашады, әр шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жағады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Тұрсынай апай мен Айжан апай бізге білім беріп қана қоймай, жақсы адам болуға тәрбиелеп келеді. Осындай ұстаздар барда еліміздің болашағы жарқын екеніне сенімім мол.

ЕГІЗБАЙ  Айшат,

«Ы.Алтынсарин атындағы»

орта мектептің 8-сынып оқушысы

Қырбалтабай ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сәйкес жаңалықтар

Тәрбиенің заманауи құралдары: подкаст, влог, жасанды интеллект

farabi shakirti shakirti

«Өткен күн болар сағыныш»

farabi shakirti shakirti

Ұстаз ұдайы ізденістің адамы

farabi shakirti shakirti