«Әлем математика тілімен бейнеленген»

Бұл итальян философы әрі математигі Галилео Галилейдің математика туралы айтқан нақыл сөзі. Әлем – кеңістікте басталған өмір математикамен есептелген. Бір жыл, екі жыл деп жылдар жылысып ғасырға, ғасырларға, мыңжылдықтарға ұласады. Математика – адам өмірі. Біздің дәуірімізге дейін, ежелден, біздің дәуіріміз басталғаннан тарихта сол кезеңнің жылдары жазылған. Сол кезеңде өмір сүрген адамдардың туған және дүниеден өткен жылдары, оқиғалар тізбегінің жылдары көрсетіледі. Бұлар сандардан құралады. Сан дегеніміз – математикалық есепке құрылған. Күнтізбеге назар аударсақ, күннен басталады, 7 күн бір аптаны құрайды. Төрт апта бір ай болып есептеледі. Кейбір айларда бес апта болып келеді. 12 ай — бір жыл. Уақыт өлшемдеріне келсек, секунд, минут, сағат. 60 секунд – 1 минут, 60 минут бір сағат, ал 24 сағат бір тәулік.
Жылдың 4 мезгілі бар: қыс, көктем, жаз, күз. Әр мезгіл 3 айдан тұрады. Әр айдың бір күнінде атаулы мерекелер белгіленген. Әлем бойынша, Қазақстан Республикасында аталып өтетін мерекелер белгілі бір күнге белгіленсе, ол да санмен жазылған. Айталық, 1 – қаңтар Жаңа жылдың алғашқы күні, 8 – наурыз Аналар мейрамы, 14 наурыз Амал күні, 22 – наурыз Ұлттық мерекеміз Наурыз. Математика – ірі өндіріс орындарының, ауыл шаруашылығы салаларының толып жатқан есептері. Математика – сауда. Күнделікті тұтынатын тауарларымызды шығаратын, өндіретін, дүкендерге тасымалдайтын саланың жұмысы математикасыз жүрмейді. Математика – спорт. Доп, спорттық құрал – жабдықтар математикалық пішіндерге негізделіп жасалған.
Шәкірттеріме математика сабағын оқытып бастағанда, олардың пәнге деген шынайы қызығушылығын арттырып, бар ықыласымен сабақ оқуы үшін осындай мәліметтерді айтамын. Әр сабақта сергіту сәтінде оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында сұрақтар қоя отырып, математикалық білімін жетілдіруге баса мән беремін. Оқушылар сабақты 45 минутты өткізіп, жаттап келіп жақсы баға алу үшін оқыса, одан көп нәтиже шықпайды. Бүгін айтқанын ертең қайталап сұрағанда, ұмытып қалады. Балалардың көпшілігі саудада қателеспесем болды деп ойлайды. Шынтуайтына келгенде, сауда да көбейту кестесін жатқа білмеген жандарға есеп оңайлықпен шығарылмайды.
Бүгінгі мұғалімнің міндеті – өз пәні аясында оқушыларға жаңа технологияларды пайдалана отырып, олардың логикалық ойлау қабілетін дамыту. Интернеттегі математикаға арналған бағдарламаларды еркін меңгеріп, үй тапсырмаларын, сабақтың тақырыптарына байланысты слайд жасап, түрлі көрнекіліктерді компьютердің көмегімен жасауды, формулаларды дұрыс құрастыра білуді үйретемін. Математика барлық пәндермен байланысты. Химия, физика, биология, география, тарихтың қай тақырыбын алсақта, математикаға негізделген. Көркем еңбек пәнінде жасалатын бұйымдарды сапалы, қажет материалды үнемдеп пайдалану үшін де есебін дұрыс есептемесең, шығынға бататынын балалардың өздері де жақсы білетінін көрсетеді.
Ұстаздық тәжірибемде, оқушылармен өткен әр сабақта математиканы оқытумен қатар олардың тәрбиесіне, шығармашылығына уақыт бөліп, өнегелі өмір мысалдарын айтып өтемін. Тарихи деректерді, математика тарихын, ұлы математиктердің қалай танымал болғандығы туралы айтып отырамын. Аталған мәліметтерді, адамдардың айтқан даналық сөздерін компьютер арқылы интерактивті тақтаны пайдаланып, көрсетемін. Математика тақырыптарының өзі түсіне білген оқушыны қызықтыра түседі. Математикалық тіл, математикалық модель, сандық және математикалық өрнектер, бір айналмалы сызықты теңдеу, теңдеу, үлес, көп таңбалы сандар, санның квадраты, математикалық өлшем, түбір, басқа да тақырыптардың өмірімізде алатын орны ерекше. Математика – кез келген мамандықпен байланысты. Аспаздың өзі күнделікті ас мәзірін жасағанда тамақты дайындау үшін қанша мөлшерде азық-түлік пайдаланатынын есептейді. Есебі дұрыс емес адам кәсібі саласында болсын, сауда жасағанда болсын ұтылып, шығынданады.
Математика туралы қызықты деректер оқушының жадында сақталуы үшін әр балаға жеке-жеке тақырыпты зерттеп, соның негізінде пікір қалыптастыруға баулу – ұстаздық етудегі мақсаттарымның бірі. Сондай тақырыптардың бірнешеуін атап өтейін. 1557 жылы теңдік белгісін қолдана бастаған Роберт Рекорд болды. Математикалық еңбектерді тіпті Наполеон Бонапарт жазған. Саусақтар мен тастар алғашқы есептеу құрылғылары болып саналды. Саусақтармен санау – менталды математиканың негізі деуге болады.
Әлемдегі ең үлкен Сан — центилион. Пи санын алғаш рет біздің дәуірімізге дейінгі 6 ғасырда үнді математигі Будхаяна енгізген. Бізге таныс алғашқы қосу және азайту белгілері шамамен 520 жыл бұрын Ян Видман жазған «Алгебра ережелері» кітабында сипатталған. Қазақтар 7 санын киелі деп санайды. Математиканың арқасында галстукті 177147 тәсілмен байлауға болатыны белгілі. Әлемдік математика күні бар.
Математика адамзаттың жаратылысты тануында, мемлекеттердің ғылыми дамуында Қазақстанда математика жақсы дамыған ғылымдар санатында. Елімізде бұл ғылымның дамуына көп еңбек сіңірген Әлімхан Ермеков, Жәутіков Ахметбек Орымбекұлы, Калменов Тынысбек Шәріпұлы, Төлеубай Ыдырысұлы Аманов. Уалбай Өмірбаев, Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаевтай ғалымдардың есімін мақтанышпен атап, оқушыларға айтып отырамын. Математика – теңдеулер мен формулалар, ұғымдар мен теорема ғана емес, оны білуге құштарлық, нәтижеге жетуге деген ынта болмаса жаңалық тауып, жетістікке жету мүмкін емес. Жетістік – тынбай еңбектенуге, бастаған ісіне сүйіспеншілікпен қарауға байланысты. Оқушылар да өткен тақырыптарды жақсы меңгеруге ұмтылып, тереңіне бойласа, ертең өмірде адаспай, мақсаттарын орындауға ұмтылады.
КИЯТОВА Кэмшат Бектургановна,
Алматы қаласы, №15 гимназия директорының
оқу ісі – жөніндегі орынбасары.
Математика пәнінің мұғалімі.
Сурет пен кейбір мәліметтер ашық дереккөзінен алынды.