«Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім!»

ТОҚАЕВ  Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

    «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады».

       Мемлекет басшысы қазақ тілін ғылым мен техника тіліне айналдыруды тапсырды. Бұл міндеттің орындалуы мектеп мұғалімілеріне жүктелген жауапкершілік.

Туған тіліміз — Ана тілі туралы ойымды ақын Абдрахман Асылбек ағамыздың «Қазақ тілі» өлеңінің жолынан ала отырып, шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы тәжірибеммен бөліспек ниеттемін. Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата Заңында «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», — деп тұғырлап жазылған. Сол себепті, отбасында, мектепте, қоғамдық орында қазақ баласы қазақ тілінде сөйлеуге міндетті. Алайда, кейінгі кезде балаларды айтпағанда, үлкендеріміздің өзі шолақ қайырып, телефондағы суреттермен сөйлеуге көшіп алған. Әрине, олардың бұл әркетін сөгіп тұрған жоқпын, сөйлеу құралында қандай әдісті пайдаланаса да өз еркі. Алайда, соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақ – ұл-қыздарымыз бар екенін ұмытпаса екен деймін.

Жаңалыққа ұмтылу қажет. Заман талабы. Соған қарамастан, халқымыздың ғасырлардан бүгінге жеткен мұрасы, құндылығы – Ана тілін қорғап, ана тілінде сөйлеу парызымыз. Мемлекетіміз қазақ тілін қастерлеп, қорғап келеді. Үлкен – кіші ана тілін құрметтеуі – ана тілінде таза сөйлеп, сөздік қорымыздағы әрбір сөзді бұрмаламай, таза қалпында сақтап қалуға міндеттіміз. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақ тілі – әлемдегі  сөздік қоры 2,5 миллион сөзден тұратын ең бай тіл.  «Әлем тілдерінің ішінен тек үш тілдің ұлылығын мойындадым. Ол – орыс, француз және қазақ тілі», — деп  шығыстанушы-түрколог В.Радлов XIX ғасырдың өзінде айтып кеткен. Қазақ тіліндегі бірінші жазба ескерткіштер 5-6 ғасырларда түркі руникалық жазуында жазылған. Қазақ тілі ертеде руналық жазумен танылса, кейінірек араб әліпбиіне ауысып, ол 1929 жылға дейін қолданыста болған. 1929-1940 жылдар аралығында – латын графикасы, ал 1940 жылдан бүгінгі күнге дейін кириллица пайдаланылуда. 1807 жылы қазақ тілінде тұңғыш кітап – «Сейфіл-Мәлік» поэмасы басылған.

Ана тіліміздің аясын кеңейту мақсатында оқушыларға сарқылмайтын байлығымыз – ана тіліміз туралы шынайы пікірлерін білдірген өз заманының ғалымдарының пікірлерін сергіту сабағы, тақырып аясында қолданып, жас ұрпақтың ана тілін ұмытуға, шұбарлап сөйлеп тұнығын лайлауға құқы жоқ екенін үнемі жадына салып отырамын.  Жазушы Ғабит Мүсірепов «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», — деп туған тілі жоқ адамның тағдырының қалай болатынын айтады. Ал, неміс түркітанушысы Йоханнес Бенцинг «Ғылыми, әдеби тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі — түркі тілдерінің ішіндегі өте әсем, өте бай тілдердің бірі», — деп бағасын береді.

Мектеп оқушыларына  ана тілі мен әдебиетін оқытқан, оқулықтағы ережелерге  қысқаша тоқталып кетейін. Әдебиет тарихында халықтар арасында алдымен ауыз әдебиеті дамыды. Ертегілер, дастандар, батырлары жырлары, аңыз әңгіме айтылды. Кейіннен жазу пайда болды. Әріптер келді алдымызға, содан бастап қазақ тілінің грамотикасы мен фонетикасына жүгіндік. Қазақ әдебиеті  —  қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптасқан кезiнен басталады.

Қазақ тілінің болашағы – бүгінгі шәкірттеріміз жастардың қолында. Олардың әрқайсысы мектеп қазақ тілінен терең білімі алып, оның ережелерін толық меңгере білсе, Ана тіліміз еш кедергісіз өркендейтіні анық. Қазақ тілінің  грамматикасы -тіл білімінің  сөз таптарын, сөздердің өзгеруі мен сөйлем құрылысын зерттейтін саласы. Грамматиканың морфология, синтакс деген үлкен екі саласы бар. Фонетика – тіл туралы ғылымның бір саласы. Онда дыбыстар, екпін және буын, үндестік заңы қарастырылады. Шәкірттер қазақ тілінің жоғарыда аталған екі үлкен саласын меңгере білген оқушы ауызекі сөйлеуде де, жазуда да сауатты болады. Мен оқушыларымның көркем сөйлеп, сауатты жазуы үшін олармен көп жұмыс істеймін. Тапсырмалар арқылы оқушылардың тіл байлығының молаюына  көркем әдебиетті оқып, мазмұнын қысқаша айтып беру, оқыған шығармасы  бойынша эссе жазу,  ақындардың өлеңдерін жатқа айту, еркін тақырыпқа суреттеме жазу, немесе әңгіме құрау әр баланың ойын ширатып, ана тіліміздің құдіретін жандүниесімен сезініп, құрметтуге, қазақ тіліне жанашыр болуға жетелейді.

Қазіргі кезде күнде тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналып келе жатқан жаңа технологиялар жетістіктерінің адам өміріне пайдасы да, зияны да бар. Зияны – балалар қай жаста болмасын қолындағы қымбат смартфондағы сайттарға кедергісіз кіріп, өзіне қажет емес дүниелерге қызығып уақытының кетіруі. Одан баланы арылтудың жолдарын ата-ана мен мектеп, ұстаздар бірлесіп іздеуі қажет. Айтып, шағымданғаннан пайда жоқ, ата-ана ұл-қызынан үйге берген тапсырмалардың орындалғанын қадағалап, өздері де бала жанында телефонды пайдаланбаса, олармен ана тілінде сөйлессе, Ана тілінің бүгіні де, болашағы да жарқын болатыны сөзсіз.

ЖАҚАН Гүлім Өкенқызы,

Алматы қаласы, №15 гимназия

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Кейбір мәліметтер ашық дереккөзінен алынды.