Қай қоғамда болсын ұстаз тұлғасы үлкен құрметке ие. Себебі ұстаз – білім беруші ғана емес, ұрпақ тәрбиелеуші. Шәкіртінің бойына ұлттық құндылықты сіңіріп, болмысы бөлек, қабілеті жоғары маман иесі болып шығуына себепкер де осы ұстаз. Ұстаздың әр қимылы, айтқан ақылы, берген білімі мен тәлімі санада сайрап, көкейіңе ұя салады. Кешегі күнде Шәкәрімнің ұстазы Абай, ал Абайдың ұстазы Құнанбай болмады ма? Сол сияқты барлық ұлы тұлғалар ұстаздың алдынан өтіп, тәрбиесін тыңдап, өнегесін алды емес пе?
Ұстазды ұлттың шамшырағы деуіме қараңғылықта жол көрсетіп, қиын кезде сәулесін шашып, өмірлік азық боларлық ақылымен өміріңе жарық нұрын себетіні дәлел бола алады. Ал алтын діңгек деген себебім, білім бере отырып, әр шәкірттің бойына адамгершілік, адалдық, ұлттық құндылықтарды сіңіретін осы ұстаз. Менің бойыма да тілге құрмет, тарихқа тағзым, мәдениетке жанашырлық ұстазымның өнегесімен қалыптасқан болатын.
Әсіресе бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен қазақы танымды бір арнаға тоғыстырып, жас ұрпақтың бойына сіңіру – ұстазға жүктелген үлкен жауапкершілік болып отыр. Осындай жауапты міндетті арқалаған ұстаздар – ұлттың шамшырағы, руханияттың алтын діңгегі екені сөзсіз. Иә, ұстаздың еңбегі кей кездері еленбей, көзге көрінбей қалуы мүмкін. Бірақ ол еңбектің жемісін саналы ұрпақтың көп болуынан, ел тұтқасын ұстар мықты азаматтардың көптеп шығуынан, іргесі берік, болашағы жарқын, бәсекеге қабілетті ел келбетінен байқай аламыз.
Ұстазды құрметтеу – елдің ертеңін құрметтеу. Өз болашағына сеніммен қарау – ұстанымды тұлға болып қалыптасуға үлкен қадам жасау деген сөз.
СЛАМЖАНОВламжанов Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
