«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

«Бөкенбай шоқысы»

Сурет: https://aqiqat.kazgazeta.kz/

Мақаланы https://aqiqat.kazgazeta.kz/news; https://adyrna.kz/kk/post/; https://anatili.kazgazeta.kz/news/ сайттарында жазылған деректерді оқыған соң, айтылған мәліметтерді негізге ала отырып жаздым. (Автор)

Бүгінгі жарқын болашағымыз үшін өткен ғасырларда жаулардан жерін, елін қорғаған батыр бабаларымызды әрдайым еске алып, есімін құрметпен атаймыз. Ерлігіне бас иеміз. Ұрпағы батырларын ұмытпақ емес.

Мақалама  батыр бабалар туралы мәліметтер іздегенімде, «Бөкенбай шоқысы» туралы жазылған авторлардың мені дүниелері қызықтыра түсті. Кең байтақ даламыздың төсінде жатқан елін қорғап, қапыда көз жұмған батырларымыздың қорымдары, кесенелері, ескерткіштері барын тарихтан білеміз. «Бөкенбай шоқысы» туралы білетін жандар болғанымен, сол шоқының Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың құрметіне аталмағанын және шоқының атын әлі күнге дейін көбіміз дұрыс айтпай жүргенімізді біле ме?

Тарихта жеті Бөгенбай немесе Бөкенбай (Бөкембай) есімді батыр болған. Алайда орыс империясымен отарлану нәтижесінде тарихымыз ұмыт қалып,  батырларымыздың ерліктері бір-біріне тағылып, басқа Бөгенбай атты батырлар тарих руханиятында өздеріне тиісті орындарын ала алмаған. Соның дәлелі – «Бөкенбай шоқысы».

Енді сұрақ: «Бөкенбай шоқысы»  қай Бөгенбай батырдың құрметіне аталған?

Бөкенбай шоқысы – шекті руынан шыққан Бөгенбай Жапалақұлының құрметіне аталған. Сондықтан оны «Бөгенбай шоқысы» деу дұрысырақ.

Ал бәріміз білетін Қанжығалы Бөгенбай (Бөгембай) – арғын руынан шыққан Бөгенбай Ақшаұлы. Ол 1680-1775/1778 жылдары Абылайдың тұсында өмір сүрген батыр. Қазақ жауынгерлерінің арасында батырлығымен, қол бастайтын көрегендігімен ерекшеленгендіктен Қанжығалы Бөгенбай деп атаған.

Енді, алдыңғы жауабымызға оралайық. Бөгенбай Жапалақұлы – Әлімнің Шектісінен тарайтын Қабақтың Жанкелдісінен, Жапалақтың баласы. Айтып жатқан тұлғамыздың тегі де текті болса керек. Себебі батырдың әкесімен ағайындас Айдаралы би өз руының атақты батыры Ұран Бақтыбаймен, бәрімізге таныс Мөңке бимен қатар айтылады. Ал әулетінің атақонысы «Бөгенбай» таулары мен «Бөгенбай» шоқысының арасында болды деседі. Алайда басты кейіпкеріміздің өзі де осал болмаған. Ол Әбілқайыр ханның Кіші жүз, Орта жүз жерлерін қалмақтан босату үшін бастаған қолының құрамында болып, Табын Бөкенбай, Тама Есет, Ұран Бақтыбай, Тайлақ, Алтай, Сәрке, Қарабас, Қалдыбай, Жарас және басқа да ержүрек батырлармен бірге аянбай түрлі шайқастарға қатысқан.

Бөгенбай батыр қалмақтарға қарсы шайқаста Ырғыздың оңтүстік батысында, шамамен, 40-45 шақырым жердегі үлкен шоқы түбінде қаза тапқан. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша, батыр қай жерде көз жұмса, оны сол жерге жерлеу қажет. Осылайша, батырымыздың сүйегі әлгі шоқы түбіне жерленіп, оны «Бөгенбай шоқысы» деп атап кеткен.

Бұл жайлы біз орыс офицері Я.П.Гавердовскийдің 1803 жылы 22  тамыздағы дерегінен біле аламыз: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком». Бұл ақпарат саяхатшы офицердің «Обозрение Киргиз- кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 — 1804 годов» деген еңбегінде жазылған.

Қорытындылай келе, аталмыш шоқы шекті руының батыры Бөгенбай Жапалақұлының құрметіне аталған. Бұны Гавердовскийдің Шекті және басқа Әлімұлы рулары ақсақалдарының аузынан жазып алған күнделігінен және ел ауызындағы жыр, әңгімелерден біле аламыз.

Батырдың ұрпақтары 2016 жылы «Бөгенбай шоқысы» басына ескерткіш қойғызған. Ал Ақтөбе қаласында батырымыздың рухына арнап ас берілген.

Өз тарихымызды біліп жүрейік!

НҮСУПҚАН  Тоғжан Рауанқызы,

Алматы облысы, Талғар ауданы,

«№14 мектептің» 11 – сынып оқушысы

 

Сәйкес жаңалықтар

Ақиқат пен аңыз арасы: Бауыржан Момышұлы Мағжан Жұмабаевты шынымен көрді ме?

Ұлыбританиядан Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар мен құжаттар табылды

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуының атасы