Қазақ спортшысы үш дүркін әлем чемпионы атанды
29 қаңтарда Абу-Дабиде ММА бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Әлем чемпионатына әлемнің 56 елінен 421 спортшы қатысты. Жарыстар 18-21 жас (жастар) және 21+ (ересектер) жас санаттары бойынша өтті. Қазақстан атынан 29 салмақ дәрежесі бойынша 42 спортшы қатысты.
Ақтөбелік Бағдат Жұбаныштың (52,2 келіге дейін) хет-тригі ММА әлеміндегі тарихи оқиға болды. Ол финалдық жекпе-жекте ресейлік Фарход Рахмоналиевті жеңіп, әуесқой ММА бойынша тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды. Жекпе-жектің үш раундында қазақ спортшысы басым түсті. Төрешілер бірауыздан шешім шығарып, жеңісті Жұбанышқа берді.
56,7 келі салмақ дәрежесінде өткен белдесуде Алматы облысының өкілі Дастан Жақыпбеков ресейлік Бектұр Женишбекуулуға төрешінің шешімімен ұтылды.
Бекзат Жасия (Шымкент қ.) ММА бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатының екінші алтынын Қазақстан қоржынына әкелді. 65,8 келіге дейінгі салмақта су жаңа чемпион қарсыласы испандық Хуан Изкуэрдоны төрешілердің шешімімен ұтты.
Финалға қазақстан әйелдер командасынан Айжан Әбдіқадыр (Жамбыл облысы) шықты. Ол 70,3 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Айжан екі раунд бойына жекпе-жекте жеңіп, үшінші раундта оның қарсыласы ресейлік Ольга Лагодная қолға ауырту әдісін жасады. Айжан қолайсыз жағдайдан шыға білді, сонда да төрешілер ресейлік спортшыға басымдық берді.
Соңғы жекпе-жегінде 120,2 келіден жоғары салмақ дәрежесінде павлодарлық Расул Хатаев ресейлік Шамсутдин Махмудовтан техникалық нокаутпен ұтылды. Айта кетейік, кеше ол жартылай финалдық жекпе-жекте жеңіске жетіп, осы салмақта екі дүркін әлем чемпионын жеңген болатын.
ММА бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатының соңғы күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында алғаш рет екі алтын бар. Сондай-ақ 3 «күміс» және 6 «қола».
Еске салайық, кеше ММА-дан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық екінші орынға табан тіреген болатын.