«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Технология

Жас блогерлердің қоғамға әсері

Жас блогерлердің қоғамға әсері

Сурет: Жасанды Интеллект көмегімен жасалған, жолдаған автор

Қазіргі таңда адамдар ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Бұрынғыша теледидардан қарап, жаңалық уақытын бағып отыратындар саны кеміп келеді. Instagram, Tik Tok, Threads, Youtube  қосымшалары күнделікті ақпарат көзіне айналуда. Оқырман үшін тиімді, яғни мәлімет жылдам әрі қарапайым тілде болғандықтан адамдардың да қабылдауын жеңілдетеді.

Қолданбалардағы ақпарат берушілер-блогерлер. Блогерлік ресми мамандық болып танылмағанымен бұл бағытқа қызығушылық танытушылар көп. Олар күнделікті ақпарат таратып, өмір-салтын көрсетіп, түрлі бейнероликтер жариялау арқылы аудитория жинайды. Мұндай тұлғаларды блогерлер деп атаймыз. Бүгінде олар әр күндерін көрерменге арнаған контент жасаушылар ғана емес, қоғамға да әсер етуші күшке айналды.

Шынында экранның бер жағында отырған халық оларды  сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдап, сүйсіне қарап, қызығушылықпен тыңдайды. Әйтсе де саны көп болғанымен ішінде сапасы төмен, жаңадан жолын бастаған жас блогерлер де кездеседі. Бірқатары көпке үлгі болып, жаңашылдығымен, жаңа ақпаратпен елді сүйсіндірсе, енді бірі қызық қуып, кез-келген мәнсіз дүниелерді жүктейді. Ендігі алаңдатарлық дүние: жаңа буын блогерлерінің ықпалы қоғамды дамыта ма, әлде кері тарта ма?

Әлеуметтік желілер арқылы түрлі жаңалықтар мен пікірлер жылдам таралып, кең аудиторияға жетеді. Көп жағдайда көрермендер әлеуметтік желі белсенділеріне сенім білдіріп, олардың айтқанын деректер көзі ретінде қабылдайды. Бұл ақпараттың қолжетімділігі мен жылдамдығын арттырса, екінші жағынан оның шынайылығы әрдайым тексеріле бермейді. Соның салдарынан кейбір мәліметтер бұрмаланып немесе толық жеткізілмей, аудиторияда қате пікір қалыптастыруы мүмкін.

Жас блогерлерге еліктеушілер саны көп. Блогер аудиториясындағы жастар да ересектер де олардан көргенін жасайды. Ол киім кию стилінен бастап, қимылдарын әдетке айналдыру, сөйлеу мәнері, қолданылатын заттарға дейін көрініс табады. Желі жұлдыздары ұсынатын өнімдер мен өмір салты көрерменді қызықтырып, жаңа мүмкіндіктер мен таңдауларға жол ашады. Олардың әр қадамы тренд болып, қоғам оны қайталайды. Мысалы, танымал блогерлердің «челлендж» видеоларынан кейін жастар арасында сол қимылдарды қайталау жиі кездеседі. Олардың көпшілігі қоғамға пайдалы мақсатта ұйымдастырылады. Экологияны қорғап, тазартуға бағытталған болуы мүмкін. Қандай да бір мұқтаж жандарға көмек ретінде болуы да мүмкін. Бір жағынан бұл креативтілік пен жаңашылдықтың дамуына үлес қосса, бір жағынан жеке ерекшеліктерінің жойылуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайда әлеуметтік желідегі бейне мен шынайы өмір арасындағы шекара көмескіленіп, қоғам санасында қате түсініктердің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.

Желі белсенділерінің ықпалы тек сыртқы мінез-құлықпен шектелмей, жастардың құндылықтарына да әсер етеді. Әлеуметтік желілерде жиі көрсетілетін өмір салты арқылы белгілі бір жетістік тұғырынан көрінуге де болады. Мысалы, танымалдық, қаржылық табыс немесе сәнді өмір бейнесі алдыңғы қатарға шығуы мүмкін. Бұл бір жағынан жас буынды мақсат қоюға, өз-өзін дамытуға ынталандырса, екінші жағынан шынайы мүмкіндіктер мен идеалдандырылған өмір арасындағы айырмашылықты ескермеуге әкелуі ықтимал. Нәтижесінде, кейбір азамат өз өмірін әлеуметтік желідегі бейнелермен салыстырып, қате түсініктер қалыптастыруы мүмкін.

Қорытындылай келе, жас блогерлердің қоғамға ықпалы айқын әрі көпқырлы. Олар ақпарат таратып, жаңа үрдістер қалыптастыру арқылы қоғамның ойы мен әрекетіне әсер етеді. Сондықтан блогерлер тек контент жасаушы ғана емес, белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір қалыптастырушы тұлғаға айналып отыр. Осыған байланысты олардың жауапкершілігі де арта түседі. Ал аудитория ақпаратты қабылдауда сын тұрғысынан қарап, саналы таңдау жасай білуі қажет.

АСЫЛБЕК  Жаннұр,  

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,

Қандыағаш қаласының

«№3мектеп-гимназтясының»

11 «Б» сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

 Даниил Филимонов робототехника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты⠀

8 жасар өнертапқыш

Жасанды интеллект — көмекші ме, әлде бәсекелес пе?

farabi shakirti shakirti