Сурет: ЖИ, жолдаған автор
«Білімді мыңды жығар» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде, қай қоғамда да өркендеудің бастауы – білімде. Бүгінгі цифрлы дәуір, жаһандық бәсеке, ақпарат тасқыны – білім сапасына жаңа талаптар қояды. Білім беру тек оқыту емес, ол – ұлттың сана-сезімін, мәдениетін, ойлау деңгейін қалыптастыратын іргелі жүйе.
Қазіргі таңда білім беру саласы үлкен бетбұрыс алдында тұр. Бірақ ол реформалар ел болашағына қызмет ете ме, жоқ па – бұл сұрақ әлі де ашық күйінде.
- Білім – ұлтты алға сүйрейтін қозғаушы күш. Дамыған елдердің тарихына көз жүгіртсек, олардың жетістігі ең алдымен білім беру жүйесінің мықтылығында екенін байқаймыз. Финляндия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерде ұстаз мәртебесі – қоғамдағы ең биік дәрежелердің бірі. Өйткені олар түсінеді: сапалы білім – болашаққа жасалған ең тиімді инвестиция. Ал біздің елде білім саласы түрлі реформалар мен өзгерістерге толы. ҰБТ, үштілділік, жаңартылған бағдарлама, цифрлы күнделік… Бірақ бұл өзгерістер оқушы мен мұғалім үшін шынайы тиімді ме?
Бүгінгі мектеп – теорияға толы, бірақ өмірге бейімделмеген білімнің мекені сияқты. Оқушы көп біледі, бірақ сол білімді қайда, қалай қолданарын білмейді. Мұғалім қағазбен тұншығып, шығармашылыққа уақыт таппайды. Ал ата-ана баласының орнына бағасына алаңдайды.
Білім беру – тек пән үйрету емес, ол – тұлға тәрбиелеу. Сондықтан жаңа жүйе баланың тек академиялық қабілетін емес, эмоциялық интеллектін, шығармашылығын, ынтымақтастық дағдысын дамытуы керек. Білім – тек мектеп партасында қалатын ұғым емес. Ол – әр адамның өмір бойы алып жүретін рухани жүгінің бір бөлігі. Қазіргі таңда біз білімге ұмтылған ел болғымыз келсе, ең алдымен мұғалімге жағдай жасауымыз керек.
Мен өз болашағымды осы елде көремін. Бірақ сол болашақ сенімді болуы үшін, бүгінгі білім жүйесі
– маған сенім артып, менің қызығушылығыма жауап бере алуы тиіс.
Білім жүйесі жаңармай, ұлт жаңармайды. Жаңашыл ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның ең басты миссиясы.
ОРАЗАНБЕК Толғанай Дәулетқызы,
Алматы облысы, Іле ауданы,
«№24 лицей мектебінің» 11-сынып оқушысы
