«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Жастардың таңдауы ма, әлде тәуелділігі ме?

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Рысбек Жанерке

Әлеуметтік желі  ақпарат алмасуға, қарым-қатынас жасауға және уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Ол білім алуға, жаңалықтан хабардар болуға, достармен байланысуға және шығармашылықты танытуға жол ашады. Сондықтан әлеуметтік желі жастардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда оны шамадан тыс пайдалану уақыттың тиімсіз жұмсалуына, ұйқының бұзылуына, оқу үлгерімінің төмендеуіне және психологиялық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Бұл мақалада жастардың әлеуметтік желіге тәуелді болуының негізгі себептері қарастырылып, мәселені шешудің тиімді жолдары ұсынылады.

Әлеуметтік желінің көптеген мүмкіндігі бар. Оның басты артықшылықтарының бірі – қолжетімділік. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтарды біліп, онлайн курстарға қатысып, түрлі сабақтар көре аламыз. Сонымен қатар елімізде болып жатқан маңызды оқиғалардан да әлеуметтік желі арқылы жылдам хабардар боламыз. Алайда жаңалықтар мен қысқаша бейнероликтерді үздіксіз көру адамның уақытты байқамай өткізуіне себеп болуы мүмкін.

Әлеуметтік желіге тәуелділіктің тағы бір себебі адамдардың лайк, пікір және жазылушылар саны арқылы өзгелердің назарын сезінгісі келуі. Кейбір қолданушылар өз жазбаларына көп реакция күтеді. Күткен жауабы немесе лайкы болмаған жағдайда, олар әлеуметтік желіге қайта-қайта кіріп, өз парақшасын тексеруге тырысады. Бұл әрекет бірте-бірте әдетке, кейін тәуелділікке айналуы мүмкін.

Кей адамдар жалғыздықты сезінгенде немесе айналасындағы адамдармен сөйлесуге мүмкіндігі болмаған кезде әлеуметтік желіге жүгінеді. Олар интернеттен жаңа таныстар іздеп, күнделікті қиындықтарын уақытша ұмытқысы келеді. Дегенмен виртуалды қарым-қатынас шынайы өмірдегі достық пен тікелей байланысты толық алмастыра алмайды.

Әлеуметтік желіні шамадан тыс қолданудың кері әсері де бар. Телефонға ұзақ уақыт қарау ұйқы тәртібін бұзып, көздің шаршауына және дене белсенділігінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар әлеуметтік желі оқу кезінде адамның назарын бөліп, тапсырманы орындауға кедергі келтіреді. Интернеттегі бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кибербуллингке, алдау әрекеттеріне немесе басқа да қауіпті жағдайларға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан жастар жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуі және интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет.

Бұл мәселені шешу үшін уақытты дұрыс жоспарлау керек. Жастар әлеуметтік желі мен ұялы телефонды саналы түрде пайдалануға дағдылануы тиіс. Сабақ оқып жатқан кезде телефонды алысырақ қойып немесе дыбысын өшіріп қойған жөн. Ұйықтар алдында телефон қолданбаған дұрыс, себебі бұл ұйқының сапасына және келесі күнгі көңіл күйге әсер етуі мүмкін. Бос уақытты шығармашылыққа, спортқа, оқуға немесе достармен бетпе-бет кездесуге арнаған пайдалы. Ең бастысы, ата-аналар мен мұғалімдер жастарға әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану мәдениетін түсіндіруі қажет.

Қорыта айтқанда, әлеуметтік желі – жастар үшін пайдалы да, қауіпті де құрал. Оны дұрыс пайдалансақ, білім аламыз, жаңалықтардан хабардар боламыз, алыстағы достарымызбен байланысамыз. Ал оның артында отырып, уақытты байқамай өткізсек, оқуымыз бен денсаулығымыз зардап шегеді. Мен ойлаймын, әлеуметтік желіні мүлдем қолданбау керек емес, оны өз қалауымызбен, шамасында пайдалану керек. Кейде телефонды қолға алмай, достармен серуендеу, отбасымен отыру немесе өз қызығушылығымызға уақыт бөлу әлдеқайда жақсы. Сонда әлеуметтік желі бізді басқармай, біз оны өзіміз басқаратын боламыз.

РЫСБЕК  Жанерке,

«№44 жалпы орта білім беретін

мектеп гимназиясының»

11 – сынып оқушысы.

 Жамбыл облысы, Меркі ауданы

 

Сәйкес жаңалықтар

Ұлыстың ұлы күні – береке мен бірліктің жаңаруы

farabi shakirti shakirti

Дәрі-дәрмек пен табиғат: экологияны сақтаудың жолдары

Тіл мәртебесі – Ел мәртебесі