Биыл жылы қазақ халқының ұлы ағартушысы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр.
Арада қанша уақыт өтсе де, оның есімі мен еңбегі қазақ тарихында ерекше орын алады. Бүгінде біз білім алып жүрген мектептердің қалыптасу тарихына көз жүгіртсек, осы жолда еңбек еткен тұлғалардың бірі ретінде Ыбырай Алтынсаринді кездестіреміз.
Бір кездері қазақ даласында мектеп ашып, балаларды оқыту оңай болған жоқ. Халықтың арасында білім алудың маңызын түсінбегендер де болды. Осындай уақытта Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларының болашағы үшін білімнің қажет екенін түсінді. Ол тек сөзбен айтып қана қоймай, нақты іске кірісті. 1864 жылы Торғайда қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірін ашты. Бұл сол кезең үшін үлкен жаңалық еді. Себебі ол балалардың сауатты болып, өзге елдермен қатар дамуын қалады.
Ыбырайдың еңбегі мектеп ашумен ғана аяқталған жоқ. Ол балаларға түсінікті тілде оқулық жазуға да көңіл бөлді. 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» атты еңбегін шығарды. Оның ішінде балаларды білімге, еңбекке, адамгершілікке шақыратын шығармалар болды.
Бүгінге дейін оқырманын жоғалтпаған «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі де сол еңбектің бір бөлігі. Бұл өлеңді мектеп қабырғасында оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар.
Маған Ыбырай Алтынсариннің өміріндегі ерекше тұстың бірі – оның тек өз болашағын емес, өзінен кейінгі ұрпақтың болашағын ойлағаны. Ол өзі өмір сүрген кезеңде барлық мүмкіндікті пайдаланып, халыққа пайдалы іс жасауға тырысты. Тіпті қыз балалардың да білім алуына жағдай жасауға атсалысты. 1887 жылы Ырғызда қыздарға арналған мектеп-интернаттың ашылуына үлес қосты. Бұл оның сол кездегі қоғам үшін маңызды өзгерістерге жол ашқанын көрсетеді.Қазір біз үшін мектепке бару, кітап оқу, мамандық таңдау қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Күн сайын сабаққа барып, кейде тапсырмалардан шаршап, мектептің қадірін де сезіне бермейміз. Бірақ осы мүмкіндіктердің қалыптасуы үшін қаншама адамның еңбек еткенін ойлаймыз ба? Бүгінгі оқушының қолында бұрынғы ұрпақ армандаған мүмкіндіктер бар. Интернет арқылы ақпарат іздей аламыз, түрлі кітап оқи аламыз, өзіміз қалаған бағытта білімімізді дамыта аламыз. Алайда мүмкіндік көп болғанымен, оны дұрыс пайдалану әр адамның өзіне байланысты.
185 жыл – аз уақыт емес. Бірақ осы уақыт ішінде Ыбырай Алтынсариннің еңбегі өз маңызын жоғалтқан жоқ. Оның есімі мектептерге, көшелерге беріліп, шығармалары оқулықтарда жарияланып келеді. Дегенмен ұлы тұлғаны құрметтеу тек оның есімін атаумен шектелмеуі керек. Оның қалдырған жолын жалғастырып, білімге жауапкершілікпен қарау да маңызды.Бір адамның еңбегі тұтас ұлттың болашағын өзгерте ала ма? Ыбырай Алтынсариннің өмірі бұл сұраққа нақты жауап береді. Ол өз заманында бастаған ісімен кейінгі ұрпаққа жол көрсетті. Бәлкім, бүгінгі оқушылардың арасынан да ертең елдің дамуына үлес қосатын, өзінен кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыратын тұлғалар шығар. Ең бастысы – берілген мүмкіндікті бағалап, білім алуға деген құлшынысты жоғалтпау.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11 — сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының Жас тілшісі
Ақпарат көздері:
1.https://www.gov.kz/org/kostanai-madeniet/press/article/details/2038?lang=kk
2.https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/y-altynsarinnin-qyzdar-mektebin-ashuynyn-syry-nede-462/#gsc.tab=
