📸 Суретті жолдаған: автор Айкүміс Жамалбек
Қазіргі мектеп өмірін мектеп парламентінсіз елестету мүмкін емес. Себебі парламент – оқушылардың пікірін еркін білдіріп, ортақ мақсат жолында бірігуіне мүмкіндік беретін маңызды ұйым. Ол тек іс-шара ұйымдастыратын топ қана емес, сонымен қатар жауапкершілікке, көшбасшылыққа және азаматтық белсенділікке тәрбиелейтін үлкен мектеп.
Мектеп парламенті ұйымдастырған әрбір іс-шара оқушылардың ынтымағын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Қайырымдылық акциялары, мерекелік кештер, зияткерлік сайыстар мен мәдени жобалар – барлығы да оқушылардың белсенділігін арттырып, мектеп өмірін мазмұнды етеді. Осындай жұмыстар арқылы оқушылар өз ойларын ашық айтып, қоғамға пайдалы болудың маңызын түсінеді.
Тәуелсіздік күні – әр қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алатын қастерлі мереке. Биыл осы айтулы күнге орай мектеп парламентінің мүшелері бір мақсат, бір ниетпен жиналып, білім ордамызды мерекелік шарлармен сәндеді. Бұл – жай ғана безендіру емес, бұл – жүректен шыққан құрмет пен мақтаныштың көрінісі болды.
Әрбір ілінген шардың астарында әр оқушының өз сезімі, өз ойы жатты. Біреудің жүрегінде қуаныш, біреуде үміт, ал біреуде елге деген шексіз сүйіспеншілік сезімі болды. Біз сол сезімдердің барлығын бір ортақ іске тоғыстырып, Тәуелсіздіктің қадірін сезінуге тырыстық.
Парламент жұмысының нәтижелі болуы – ұстаздардың қолдауы мен оқушылардың бірлігінің арқасы. Мұғалімдер бағыт-бағдар беріп, сенім артады, ал оқушылар сол сенімді ақтауға тырысады. Қиындықта да, қуанышта да бірлесе еңбек ету – парламент мүшелерінің басты ұстанымы.
Парламент мүшелері бұл күні бір-біріне демеу болып, ұйымшылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Бірлікпен атқарылған жұмыс мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, әрқайсымыздың бойымыздағы жауапкершілікті арттырды. Мұғалімдеріміздің қолдауы мен сенімі бізге үлкен күш берді.
Парламентте ұстаздар – тірегіміз,
Ақылымен, қолдауымен жүрегіміз.
Сенім беріп, жол көрсетіп әрдайым,
Жетелейді алға қарай тілегіміз.
*Қиындықта да, шаттықта да бір болдық,
Не көрсек те бір ұйым боп сын көрдік.
Қол ұстасып, бірге жүріп әр қадам,
Бірлігімізбен биіктерге жол көрдік.
Бір мектептің дамуы – ортақ мақсат,
Еңбегіміз соған арнар асыл бағыт.
Парламент – рух, үміт, болашақ,
Жүрекке жазған мәңгілік ыстық анық
Айкүміс ЖАМАЛБЕК,
«Ы. Алтынсарин» атындағы
№83 мектеп –гимназиясының
11 «А» сынып оқушысы
Астана қаласы, Сарайшық ауданы
