«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Технология

Екібастұз энергетикасы: өндірістік даму мен экологиялық жауапкершілік

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Шәріпжан Айым

Екібастұзды көмір мен энергетиканың орталығы деп бекер атамайды. Қалада ірі өндіріс орындары орналасқан, мыңдаған адам осы салада еңбек етеді. Алайда өндіріс көлемінің артуы қоршаған ортаға қалай әсер етеді? Энергетика саласы дамып жатқанда, қала экологиясы назардан тыс қалып жатқан жоқ па?

Екібастұз — Қазақстанның энергетикалық саласында маңызды орын алатын қалалардың бірі. Мұнда «Богатырь Көмір» кәсіпорны, Екібастұз МАЭС-2 және жылу электр орталығы жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар елді электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Бірақ өндірістің осындай көлемде дамуы қоршаған ортаға деген жауапкершілікті де арттырады. Себебі көмір өндіру мен оны жағу кезінде экологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет.

Мәселен, Екібастұз МАЭС-2 стансасында 2025 жылы 5,3 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндірілген. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 6 млрд киловатт-сағатқа дейін жеткізу жоспарланып отыр. Стансаның әрқайсысы 500 мегаватт қуат өндіретін екі энергоблогы жұмыс істейді. Сонымен қатар болашақта үшінші және төртінші энергоблоктарды орнату арқылы жалпы қуатты 1100 мегаваттқа дейін арттыру көзделген. Кәсіпорын өкілі Өмірхан Салмановтың айтуынша, жаңа қондырғылар стансаның қуатын арттырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті жақсартуға да мүмкіндік береді.

Қаладағы тағы бір ірі кәсіпорын — «Богатырь Көмір» ЖШС. Оның өндірістік қуаты жылына 42 млн тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын басқарма директоры Асылбек Нұрғалиевтің айтуынша, өндіріс орнында цифрландыру және автоматтандыру бағытында жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Олардың қатарында өндірістік жұмыстарды жоспарлау мен бақылауға арналған жүйелер бар. Мұндай жаңашылдықтар өндіріс тиімділігін арттыруға көмектеседі. Дегенмен технологиялық даму қоршаған ортаны қорғау шараларымен қатар жүруі керек.

Сонымен бірге Екібастұз жылу электр орталығында да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаевтың мәліметінше, стансаның тозу деңгейі 54 пайыздан 47 пайызға дейін төмендеген. 2024 жылдан бастап жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлініп, алдағы уақытта да инвестиция салу жоспарланған. Бұл жылу жүйесінің жұмысын жақсарту үшін маңызды қадамдардың бірі.

Алайда өндіріс орындарының жаңаруы экологиялық мәселе толығымен шешілді дегенді білдірмейді. Көмір өндіру, оны тасымалдау және электр энергиясын өндіру кезінде қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан ауа сапасын тұрақты бақылау, өндіріс қалдықтарын дұрыс сақтау және зиянды шығарындыларды азайту маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі тұрғындарға да ашық көрсетілуі қажет.

Менің ойымша, Екібастұздың дамуын тек өндірілген көмірдің немесе электр энергиясының көлемімен бағалау жеткіліксіз. Қалада тұратын адамдардың денсаулығы мен өмір сүру жағдайы да маңызды. Өйткені өндірістің пайдасын бүкіл ел көргенімен, оның қоршаған ортаға әсерін ең алдымен сол өңірдің тұрғындары сезінуі мүмкін. Сондықтан кәсіпорындар экономикалық көрсеткіштермен қатар экологиялық жауапкершілікті де басты назарда ұстауы керек.

Екібастұздың болашағы өндірістің дамуымен ғана емес, табиғаттың сақталуымен де байланысты. Қаланың энергетикалық әлеуетін арттыру мен қоршаған ортаны қорғауды қатар алып жүру — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені кез келген қаланың басты байлығы — оның өндірісі ғана емес, сол жерде өмір сүріп жатқан адамдары.

ШӘРІПЖАН  Айым  Дәулетқызы,

 Павлодар облысы, Екібастұз қаласы,

«С.Торайғыров» атындағы №22 гимназия-

мектебінің 11-сынып оқушысы.

 Пайдаланылған дереккөз:

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы — primeminister.kz.
  2. Материал: «Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Екібастұзда ЖЭО мен көмір өндірісі жаңғыртылуда және электр энергиясының генерациясы өсуде». Жарияланған күні: 30 қаңтар 2026 жыл.

Сәйкес жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда роботатехникадан өткен сайыста қазақ баласы топ жарды

ЖИ – болашақтың технологиясы