«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мұғалім мәртебесі

«Алты алаштың басы қосылса, төр – ұстаздікі»

Бір адам өздігінен мықты болып, барлық нәрсені игеріп кете алмайды. Адамның жолы тегіс жазықта бола бермейді. Бірақ өмірдегі ең үлкен нығмет – қиындығыңды жеңілдетіп, жолыңды жарық ететін, уайымыңды басып, бір кездері өзіңе қиял болған нәрсені шындыққа айналдырар жанның бар болуы. Әрине, ол – ұстаз.

Өмір жолында баланың ең алғашқы ұстазы – ата-анасы болса, оның мықты маман болып қалыптасып, қоғамда өз орнын табуына себепкер болатын маман – кәсіби ұстазы емес пе? Менің бағыма да сондай ұлағатты ұстаз бұйырды.

30 жылдық үздіксіз еңбектің иесі, 5 жылдық абыройлы басшылық қызмет атқарып, қаншама шәкірттің алғысына бөленген, өз баласындай қамқорлық көрсетіп, бір мамандықты игеруге себепкер болған, көптеген баланың бағын ашып, әдебиет пен қазақ тіліне деген махаббатын оятқан менің ұстазым – педагог-зерттеуші Жандарал Рыскүл Байжұмақызы.

Ақберен, Ділмар, Абай, Мәшһүр Жүсіп оқуларында Рыскүл апайдың дайындығымен жүлделі орындарға ие болдым. Барған әрбір жарысымнан жеңіссіз қайтпайтынмын. Айлап дайындалып, үлкен ізденіс жасайтын едік. Мақала жазуға да, эссе жазуға да мені машықтандырған, мол сөздік қорымды дұрыс пайдалануға үйреткен де – ұстазым еді.

Эссеге, ойдың жүйелілігіне ерекше мән беретін. Әр сабағында жаңа тақырыпты да жақсы түсініп алатынмын. Сынды да, мақтау сөзді де орнымен айтатын. Қабілеті бар баланың бетін қақпай, белін буатын.

Студент болып, үлкен өмірге қадам басқан шәкірттерін іздеп, хал-жағдайын сұрап отыруы – Рыскүл апайдың адамгершілігінің бір көрінісі деп білемін. Ал Ұстаздар күні қарсаңында шәкірттерінің толассыз алғысы мен ақжарма тілектері – ол кісінің қаншалықты мықты ұстаз болғанының айғағы.

Көптеген жас мамандар ол кісінің біліктілігі мен жауапкершілігіне қызыға қарайтын. Бүгінде де ұстазым №24 лицейдің дамуына сүбелі үлес қосып, шәкірт тәрбиесі мен басшылық қызметті қатар алып жүрген мықты маман!

«Дәлелді сөздің салмағы жоғары болады, құр дәлелсіз сөз мәнсіз болады. Өзіңе тым сенімді болу – тәкаппарлыққа әкеп соғады». Міне, бұл – апайдан алған ең үлкен ақыл-кеңестерімнің бірі.

Ендігі ұстазыма айтарым – алғысым мен тілегім: осы еңбегіңіз басшылық тарапынан жоғары бағаланып, лайықты марапатқа ие болсаңыз екен. Сіз оған әбден лайықты жансыз.

Мерекеңіз құтты, мерейіңіз үстем болсын, Рыскүл апай!

СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,

 «Журналистика» факультетінің  І – курс студенті.

 

Сәйкес жаңалықтар

«Отыз екінші сөз»

Қауіпсіздік апталығы

Ұстазыма