Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Табиғатты қорғау – әр адамның міндеті деп ойлаймын. Себебі табиғат бізге таза ауа, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сыйлайды. Ал табиғатты сақтау үшін оны тек қорғап қана қоймай, қайта қалпына келтіруге де үлес қосуымыз керек. Осыны өз көзіммен көру үшін Қарой ауылындағы «Іле — Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына барып, ондағы жылыжай жұмысымен таныстым.
Жылыжайға кірген сәтте мені ең алдымен ұзын қатар болып орналасқан көптеген құмыралар мен олардың ішіндегі жас көшеттер қызықтырды. Мен барған күні көшеттер жаңадан отырғызылған екен. Алдымен өсімдік арнайы дайындалған топыраққа отырғызылады.
Жылыжайдың іші өсімдіктердің өсуіне қолайлы етіп жасалған. Төбесінде және жан-жағында арнайы жабын орналасқан.
Оның арқасында өсімдіктер сыртқы ауа райының қолайсыз жағдайларынан қорғалады. Маған әсіресе көшеттердің қалай өсірілетіні қызық болды. Ағаштың үлкен болып өсуі бірден жүзеге аспайды. Оның барлығы кішкентай тұқымнан немесе жас көшеттен басталады. Оған жеткілікті су, жылу және жарық қажет. Біртіндеп тұқым өніп, тамыр жаяды. Одан кейін кішкентай сабақ пайда болып, алғашқы жапырақтары шығады.
Мен жылыжайда жүрген кезде осы қарапайым ғана процестің артында қаншама еңбек жатқанын түсіндім. Кішкентай көшеттің өзі тұрақты күтімді қажет етеді. Оны уақытында суару, топырағын бақылау, жарық пен жылудың жеткілікті болуын қадағалау керек. Егер осының біреуі дұрыс орындалмаса, өсімдіктің өсуіне әсер етуі мүмкін.
Жылыжайдағы көшеттердің арасында әртүрлі көлемдегі өсімдіктердің болуы олардың әр кезеңде өсіп жатқанын көрсетеді. Алдымен жас өсімдік құмырада өсіріліп, тамыр жүйесін қалыптастырады.
Тамыры жақсы жетіліп, сабағы қатайып, бірнеше жапырағы пайда болғаннан кейін оны табиғи ортаға отырғызуға дайындайды.
Жылыжайдан шыққаннан кейін мен табиғи ортаға отырғызылған жас ағаштарды да көрдім. Сол жерде мен үшін ең қызықты болғаны – кішкентай ағаштың табиғаттағы өсу процесін өз көзіммен көруім. Суретте мен жас ағаштың жанында отырып, оның жапырақтары мен бұтақтарын қарап тұрғанымды көруге болады. Оның әлі кішкентай болғанына қарамастан, тамыры топыраққа орнығып, жапырақтары өсіп келе жатқанын байқадым. Жалпы біздің климат шөлейтті жерде орналасқан,сондықтан ағаш,өсімдік өсіре білу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Жас ағашты жерге отырғызғаннан кейінгі кезең де өте маңызды. Алғашқы уақытта ол жаңа ортаға бейімделеді. Тамыры топыраққа тереңдеп, қажетті суды сіңіре бастайды. Сабағы біртіндеп жуандап, жаңа бұтақтар мен жапырақтар пайда болады. Уақыт өте келе ағаштың тамыр жүйесі күшейіп, ол табиғи жағдайға жақсы бейімделеді.
Мен үшін бұл ағаштың өсу процесі ерекше әсер қалдырды. Себебі біз күнделікті өмірде үлкен ағаштарды көріп, олардың бір кездері кішкентай ғана көшет болғанын көп ойлана бермейміз. Ал бұл жерде сол процестің алғашқы кезеңдерін көруге болады. Бүгін кішкентай болып тұрған ағаш бірнеше жылдан кейін үлкен ағашқа айналуы мүмкін. Оның көлеңкесі көбейіп, айналасына басқа да өсімдіктер өсіп, құстар мен түрлі тіршілік иелеріне қолайлы орта қалыптасады.
«Қарой» ауылындағы жылыжайдың табиғатты қорғаудағы маңызы да осында деп ойлаймын. Мұнда өсірілген әрбір көшет – болашақтағы жасыл желектің бір бөлігі. Бір ғана ағаштың өзі табиғатқа пайдасын тигізеді. Ал жүздеген, мыңдаған көшет өсіп, табиғи ортаға отырғызылса, оның әсері одан да үлкен болады.
Бұл жұмыстың Іле — Балқаш өңірі үшін маңызы ерекше. Мұнда Іле өзені, Балқаш көлі және олардың айналасындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі бар. Табиғи аумақтарды сақтау үшін жасыл желекті көбейту және өсімдіктерді қалпына келтіру жұмыстары маңызды.
Мен жылыжайды аралап жүрген кезде табиғатты қорғау тек сөзбен жүзеге аспайтынын түсіндім. Оның артында күнделікті еңбек, уақыт және жауапкершілік бар. Бір көшетті отырғызу оңай көрінгенімен, оның дұрыс өсіп, табиғи ортаға бейімделуі үшін ұзақ уақыт күтім жасау қажет. Маған бұл жерде ең ұнағаны – адамның табиғатпен тікелей байланыста жұмыс істейтіні. Жылыжайдағы әрбір көшетке жасалған күтім болашақ табиғатқа жасалған қамқорлық сияқты. Бүгін біз отырғызған кішкентай ағаштың нәтижесін бірден көрмеуіміз мүмкін. Бірақ оның бірнеше жылдан кейін үлкен ағашқа айналып, табиғаттың көркін арттыратыны сөзсіз.
«Қарой» ауылындағы жылыжайға барғаннан кейін табиғатты қорғауға деген көзқарасым одан әрі өзгерді. Бұрын ағаш отырғызуды қарапайым жұмыс деп қабылдасам, енді оның қаншалықты маңызды әрі жауапты іс екенін түсіндім. Әрбір көшеттің өз тарихы бар: ол алдымен тұқымнан басталып, жылыжайда өсіп, кейін табиғи ортаға отырғызылады. Одан әрі оның өмірі табиғатпен бірге жалғасады.
Менің ойымша, «Қарой» ауылындағы бұл жылыжай – табиғатты қалпына келтірудің жақсы үлгісі. Мұнда өсіріліп жатқан әрбір жас көшет болашақта табиғатымыздың бір бөлшегіне айналады. Осындай жұмыстар көбейген сайын еліміздің жасыл аймақтары да арта түседі.
Мен бұл жерге барған кезде жай ғана жылыжайды көріп қайтқан жоқпын. Кішкентай көшеттің қалай өсіп, үлкен ағашқа айналатынын, оған қаншама күтім қажет екенін түсіндім. Табиғатты қорғау – үлкен істерден ғана тұрмайды. Кейде ол бір кішкентай көшетті отырғызудан, оған су беріп, оның өсуін бақылаудан басталады. Сондықтан табиғатты аялау – бүгіннен басталатын ортақ міндет деп ойлаймын.
БАҚЫТБЕК Гүлжан Жандосқызы,
Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарой ауылы,
МДШО «Үлгілі орта мектебі» МКМ 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Бейсенбаева Гүлзат Бериистемовна,
қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі
