«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мұғалім мәртебесі

Патриоттық сезімнің қалыптасуында тәрбиенің орны өте маңызды

Әскери өмір, оның жауапкершілігі мен қауіпсіздігі туралы сөз жиі қозғалып жатыр. Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру жолында тәрбие қаншалықты маңызды?

Бүгінде қыз балаларды да мерзімді әскери қызметке шақыру ұсынылып жатыр және әскери салада қызмет етемін деуші қыздар да көп. Бұл жолдың жауапкершілігін олар сезініп, салмағын түсініп жүр ме? Әлде бұл жай ғана қызығушылықтың буы ма?

Осы орайда сәті түсіп, «Әскери жолды форма киіп, сән үшін емес, жауапкершілікпен әрі жүрек қалауыммен таңдадым» деген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Бастапқы әскери дайындық» мамандығының 2-курс студенті, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық әскери-патриоттық жарыстардың жеңімпазы Абдибай Алуа Бейбітқызымен сүбелі сұхбат құрдық.

—Бүгін таңдаған мамандығыңызды қалай таңдадыңыз? Бұл жолға түсуіңізге кім себепкер болды?

—Менің бұл мамандықты таңдауыма ең алдымен отбасымдағы әскери тәрбие әсер етті. Әкем әскери салада қызмет еткен адам болғандықтан, мен бала кезімнен әскери өмірдің тәртібін, жауапкершілігін  және Отанға қызмет етудің маңыздылығын көріп өстім. Әкемнің қызметіне қарап, әскери мамандықтың жай ғана форма киіп, әскери тәртіппен жүру емес, ең алдымен үлкен жауапкершілікті талап ететін жол екенін түсіндім.

Әкемнің бойындағы тәртіптілік, сабырлылық, кез келген жағдайда шешім қабылдай білуі және Отанға деген адалдығы маған ерекше әсер етті. Сол кісіден шабыт алып, мен де болашақта өз еліме пайдасы тиетін, жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере алатын маман болғым келді.

Сондықтан бастапқы әскери дайындық мамандығын таңдадым. Бұл мамандық арқылы мен тек әскери білім алып қана қоймай, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға өз үлесімді қоса аламын деп ойлаймын.

—Бүгінгі жастардың бойындағы патриоттық сезімді қалыптастыру тәрбиеге байланысты ма?

—Әрине, патриоттық сезімнің қалыптасуында тәрбиенің орны өте үлкен деп ойлаймын. Патриотизм адам бойында бір күнде пайда болмайды. Ол отбасынан, мектептен, қоршаған ортадан және қоғамнан берілетін тәрбиенің нәтижесінде қалыптасады.

Ең бірінші тәрбие отбасынан басталады. Бала ата-анасының Отанға, туған жерге, мемлекеттік тілге, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын көріп өседі. Одан кейін мектеп пен ұстаздардың тәрбиесі жалғасады. Ал біздің бастапқы әскери дайындық саласының да бұл жерде өзіндік орны бар. Себебі БӘД сабағында оқушы тек әскери білім алып қоймайды. Ол тәртіпке, жауапкершілікке, бір-біріне көмектесуге, қиындыққа төтеп беруге және өз Отаны алдындағы міндетін түсінуге үйренеді.

Сонымен қатар қазіргі жастардың патриоттық көзқарасына әлеуметтік желілер мен ақпараттық орта да әсер етеді. Сондықтан жастарға патриотизмді тек сөзбен емес, нақты іс арқылы көрсету маңызды. Мысалы, қоғамдық жұмыстарға қатысу, волонтерлікпен айналысу, тарихи орындарды құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, қазақ тілін дамыту – мұның барлығы патриотизмнің көрінісі.

Менің ойымша, нағыз патриотизм – «Мен Отанымды сүйемін» деп айту ғана емес, сол елдің дамуына өз еңбегіңмен үлес қосу.

—Мамандық таңдауда ата-ананың пікірі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

—Ата-ананың пікірі өте маңызды деп ойлаймын, себебі олар баласын дүниеге келгеннен бастап тәрбиелеп, оның мінезін, қабілетін, қызығушылығын жақсы біледі. Кей жағдайда ата-ана баласының өзінен байқамай жүрген қабілетін де көре алады.

Бірақ ата-ананың пікірі маңызды болғанымен, мамандықты түпкілікті таңдаушы – баланың өзі деп есептеймін. Себебі сол мамандықпен бірнеше жыл білім алып, кейін сол салада еңбек ететін адамның өзі болады.

Менің ойымша, ата-ана баласына «мына мамандықты таңда» деп қысым көрсеткеннен гөрі, «сенің қызығушылығың қандай, өзіңді қай салада көресің?» деп бағыт бергені дұрыс. Ата-ана – кеңесші, ал соңғы шешім баланың өз қызығушылығы мен қабілетіне байланысты болуы керек.

Менің жағдайымда ата-анамның, әсіресе әкемнің мамандық таңдауыма ықпалы болды. Бірақ бұл таңдау маған мәжбүрлі түрде таңылған жоқ. Керісінше, әкемнің әскери жолы маған үлгі болып, осы саланы өзім таңдауыма себеп болды.

—Әскери жол үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. Қыз балаға бұл жолда жүру қиындық тудырмай ма?

—Әскери сала, әрине, қыз балаға да, ер балаға да оңай жол емес. Себебі бұл мамандық тәртіпті, төзімділікті, жауапкершілікті және психологиялық тұрғыдан дайын болуды талап етеді. Бірақ менің ойымша, қиындықтың болуы адамның жынысына емес, оның өз мақсатына қаншалықты берік екеніне байланысты.

Қыз бала әскери салада жүргенде физикалық дайындық, қатаң тәртіп, үлкен жауапкершілік сияқты белгілі бір қиындықтарға кездесуі мүмкін. Бірақ бұл қиындықтар адамның өз-өзін дамытуына да мүмкіндік береді. Уақыт өте келе адам тәртіпке үйренеді, физикалық тұрғыдан шыңдалады, қиын жағдайда сабыр сақтап, шешім қабылдауды үйренеді.

Мен үшін әскери форма – жай ғана сыртқы бейне емес. Ол белгілі бір жауапкершіліктің белгісі. Форма киген адам өзінің әрбір ісіне жауап бере білуі керек.

Қыз баланың әскери салада болуы меніңше, әлсіздік емес, керісінше, оның өзіне қойылған талаптың жоғары екенін көрсетеді. Егер адам өз мамандығын шын жүрегімен таңдаса, кездесетін қиындықтар оны тоқтатпайды. Керісінше, шыңдай түседі.

—Қазақстандағы қай мәселе сізді алаңдатады?

Мені алаңдататын мәселелердің бірі – қазақ тілінің күнделікті өмірде толыққанды қолданылу деңгейі. Қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз ғана емес, халқымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын жеткізетін үлкен құндылық.

Қазір қазақ тілін жақсы білетін, еркін сөйлейтін жастарымыз өте көп. Бұл –қуантатын жағдай. Бірақ сонымен бірге қазақ тілін түсінгенімен, күнделікті өмірде еркін қолданбайтын адамдар да бар. Кейде қазақ тілінде сөйлеуге адамның өзі қысылуы немесе айналасындағы ортаның әсерінен басқа тілге ауысып кетуі мүмкін.

Менің ойымша, қазақ тілінің дамуы тек мемлекеттік мекемелердің немесе мұғалімдердің міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тілді дамыту үшін оны мәжбүрлі түрде емес, өмірдің барлық саласында табиғи түрде қолдану керек. Отбасында, достар арасында, оқу орнында, жұмыста қазақ тілінде сөйлесу қалыпты жағдайға айналуы қажет.

Әсіресе жастардың рөлі өте маңызды. Себебі бүгінгі жастар – ертеңгі қоғамды қалыптастыратын буын. Егер біз қазақ тілінде сапалы контент жасап, ғылымда, білімде, технологияда, мәдениетте қазақ тілін кеңінен қолдансақ, тілдің қолданыс аясы да кеңейе түседі.

Меніңше, қазақ тілін құрметтеу – тек қазақша сөйлеумен шектелмейді. Оның дұрыс жазылуына, сауатты қолданылуына, дамуына үлес қосу да маңызды. Өз басым қазақ тілін еркін әрі сауатты қолдануды азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі деп қабылдаймын.

—Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,

 «Журналистика» факультетінің  І – курс студенті.

Сурет: Алуа Бейбітқызының жеке архивінен алынды.

Сәйкес жаңалықтар

Бастауыш сыныпта ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын қызықты әдістер

farabi shakirti shakirti

Биыл тойланатын атаулы күндер мен мерейтойлар

«105» сериалы нені көрсетті?