Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Көшбасшы – көптің алдына шығатын емес, көпті соңынан ерте алатын, өз ортасының бетке ұстары, бағыт-бағдар берушісі. Алайда көшбасшылықтың жүгін сезінбей, бұл атақты арқалап жүргендер де аз емес. Шындығына келгенде, жауапкершіліксіз адам көшбасшы бола алмайды. Бірақ жауапкершілікті болу бәрін өз мойнына алып, бар шаруаны жалғыз атқару деген сөз емес.
Осыны мен екі-үш жыл бұрын әкемнен естіген едім. Ол кезде мен топтағы барлық істі өз мойныма алып, өзгелердің шаруасына да жүгіріп жүретінмін. Сонда әкем: «Сен неге бәрін өз мойныңа алып, тобың үшін тек өзің жүгіресің? Лидер деген керісінше, тобындағы адамдарды бір мақсатқа жұмылдырады. Сенің үйренерің әлі көп»,-деген еді.
Әрине, бүгін «Бәрін үйреніп алдым» деп айта алмаймын. Әлі де үйренерім көп. Алайда сол сөзден кейін көшбасшылыққа деген көзқарасымды тәжірибем арқылы қалыптастыра алдым.
Бір түйгенім: топтың мықты әрі үздік болуының артында қаншама көшбасшының көзге көрінбес еңбегі, тынымсыз қадағалауы мен жауапкершілігі жатады. Көшбасшының еңбегі әрдайым сахнадан көріне бермейді. Кейде оның ең үлкен жетістігі- өзі алдыңғы қатарда тұруы емес, өзгелердің алға шығуына мүмкіндік беруі.
Бірақ қазіргі қоғамда «Көшбасшы» сөзінің салмағы жеңілдеп бара жатқандай. Таласып-тармасып алған атақтың соңында нақты іс пен нәтиже болмаса, одан бір адам емес, тұтас бір топ зардап шегеді.
Сондықтан адамдарды басқаруға емес, олардың батыл қадам жасауына жол бастайық. Әр саланың өз жетекшісі, әр істің өз жауаптысы болғаны қандай жақсы. Өйткені көшбасшылық бәрін жалғыз атқару емес, әр адамның бойындағы мүмкіндікті көріп, оны ортақ мақсатқа бағыттай білу.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Бір адамның идеясын он адам, тіпті мың адам
бірігіп жүзеге асырып, оның нәтижесі елге, қоғамға, жалпы адамзатқа пайдасын тигізсе бұдан асқан игілік бар.
ОРЫНҒАЛИ Назгүл Ерболқызы,
Алматы қаласы білім басқармасының
Түрксіб ауданындағы
№107 лицейінің 11-сынып оқушысы
