Жақсыкүл Қосыбайқызы – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тумасы.  «Алатау Жарық Компаниясында» 16 жылдан бері қызмет етіп келеді. Екі қыздың анасы. Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.

Аналарға арнау    

Бар әлемнің тербететін бесігін,

Ашатын кім, ұлы жұмақ есігін?

Тарихымда қалған ұлы тұлғалар,

Аналардың атайықшы есімін.

*Нүрила ана — елге болған ардақты,

Ақыл ойы парасатты, салмақты.

Ел сыйлаған Бәйдібектей бабаны,

Сол анамыз ақылымен қолдапты.

*«Домалақ» — деп аты қалған аңыз бар,

Бұл тарихта өте үлкен маңыз бар.

Бәйдібек пен Домалақтан тараған,

Бүкіл ұрпақ сол анаға қарыздар.

*Болғанменен ер мен әйел теңдігі,

Азаматтан болмақ емес кемдігі.

Деп ойлаймын, — мақтауға да тұрарлық,

Нәзік жанды арулардың ерлігі.

*Тізіп жазып арулардың қаймағын,

Ел басқарып, кеңге қанат жайғанын.

Ерлерімен қатар жүрген ел билеп.

Батыр Бопай, ару ханша Айғаным.

*Ер адамның өзі кейде қауқарсыз,

Арулардың батырлығын байқарсыз.

Қалмақтармен аты шыққан соғыста,

Қабанбайдың асыл жары Гауhар қыз.

*Өткенменен жылдар жылжып арада,

Ерліктерін айтпай, сірә, бола ма?

Ұлы Отан соғысында арулар,

Елін қорғап, қалып қойды санада.

*Қос батыр қыз Әлия мен Мәншүкті,

Ерлігімен болған елге айшықты.

Ұшқыш батыр  «түнгі мыстан» аталған,

Хиуаз да немістерді жаншыпты.

*Бүкіл әлем қазағыма тамсанған,

Қолын созып, қуанышпен қарсы алған.

Сол соғыста рух беріп әскерге,

Роза қыз қан майданда ән салған.

*Деп жүргенде, бостандықтың таңы атты,

Желтоқсаным, елді аузына қаратты.

Елі үшін құрбан еткен өмірін,

Еске аламыз Сабира мен Ләззатты.

*Тарихымда арулар көп санасаң,

Бұның бәрі айтуға оңай қарасаң.

Азаттыққа қосқан солар үлесін,

Аналар бар — ерліктері орасан.

*Бұның бәрін бермейміз-ау, түсіне,

Ата-Заңым мінді қазір күшіне.

Аруларым араласып жүр қазір,

Парламентте ел басқару ісіне.

*Қазір, міне, бейбіт заман елімде,

Аналар жүр, әр тірліктің төрінде.

Үйде — ана, түзде мықты қайраткер,

Ақылымен ие болып сенімге.

*Тіршілікке өмір берген аналар,

Бақытты ғой ана барда балалар.

Мейірімі таусылмайды ананың,

Еңбектерін елім әркез бағалар.

*Ұрпақтарын жамандыққа қимаған,

Бұл өмірде аналарым — сыйлы адам.

Жер бетінде жүрген барлық аруға,

Естелікке жырдан алқа сыйлағам.

Аяулы ана

Асыл анам нұрын шашқан көктем күн,

Тұнық, таза бұлақтайсың мөп-мөлдір.

Жетеуімізді бағып-қағып өсірген,

Бар өмірің, әкемізбен өткен бір.

*Асыл анам, бізді өмірге әкелген,

Қырық бес жыл өмір сүрдің әкеммен.

Бәрімізді құтты орынға қондырып,

Өздеріңнің еңбектерің өтелген.

*Бәрін берген бақыты үшін баланың,

Өзің, ана, баға жетпес бағалым!

Арқа сүйеп, еркелеген сәбиге,

Перзент үшін орны бөлек ананың.

*Кеткенмен біз қияға ұшып, алыстап,

Әкем де өтті аманатын табыстап.

Бар тауқымет бір өзіңе жүктеліп,

Иығыңнан басқандай ма, жаныштап?

*Асыл анам мейірімді жүрегің,

Еңбегің зор ұрпақ үшін білемін.

Өзің берген тәрбиеңнің арқасы,

Жанұямның көшін сүйреп келемін.

*Жан анашым тектілігің бойымда,

Ақылың мен даналығың ойымда.

Ұл-қыздарың қызмет етсін, анашым,

Жетпіс жасқа толар торқа тойыңда!

*Сенсің, ана, жол көрсетер шырағым,

Өзіңізге арналады жыр әнім.

Ақ тілегім жүзге жетсін жасыңыз,

Осы менің бір Алладан сұрарым!

Өмір жолы

Тағдыр деген өр толқыны теңіздің,

Арпалысып үмітімді көп үздім.

Әсерімен ертегі айтқан әжемнің,

Бірі болдым шиырланған көп іздің.

*Әжем мені қызғыш құстай қорғады,

Мәпеледі бұл-бұл құстай тордағы.

Тентек қыздың еркелігін көтеріп.

Қай кезде де қара қызын қолдады.

*Ризамын сол кіп-кішкентай анаға,

Ақыл, ойды құйып кеткен санаға.

Жүрегі кең, жаны жайсаң жан еді,

Тәрбиесін берген мендей балаға.

*Өрекпіді өр тағдырдың толқыны,

Ата-анамның барын білдім сол күні.

Естігенде есеңгіреп қалдым да,

Бала көңіл бейжай болып толқыды.

*Қара таудай қарсы тұрған дауылға,

Бөтенсідім қосыла алмай бауырға.

Кеш батқанда жастығымды құшақтап,

Қиялым мен сапар шекті ауылға.

*Қиял деген жүйрік, шіркін, желден де,

Балалық шақ өтіп кетті бір демде.

Әжем берген сүттің дәмі таңдайда,

Қандырушы еді қақталғанда шөлден де.

Бақыт қайда, білесің бе?

—Бақыт қайда, досым — ау білесің бе?,

—Ол анамның, алақаны аялы.

Бақыт деген — ол менің әлі есімде,

Ата — анамның қоржын тамы баяғы.

*Бақыт деген — махаббат кешегі өткен,

Онсыз сірә, жоқ шығар өмір мәні.

Өтсе — дағы, арада неше көктем,

Жүрегімді жаралап келеді әлі.

*Бақыт деген – отбасым, жанұямыз,

Бақыт деген, ол менің асыл жарым.

Төрде отырған, қазына қариямыз,

Бақыт деген, қыздарым жасыл бағым.

*Бақыт деген — бір жүрген адал досың,

Қиналғанда қасыңнан табылатын.

Сеніміңді ақтайтын, адал босын,

Қиындықтан бір сәтке арылатын.

*Бақыт деген — ұрпақтың болашағы,

Жүрегіне жинаған иман, нұрын.

Арманына, сенімді жол ашады,

Санасына білімді құйған бұрын.

*Бақыт деген — елімнің тыныштығы,

Жан —  жағыңнан басқа ел сұқтанбаса.

Кетпесінші елімнің ырыздығы,

Елім тыныш, аспаным бұлттанбаса.

*Бақыт деген — көршіңнің ынтымағы,

Қиындықты бөлісер бірге жүріп.

Бақыт деген, ақынның жыр тұмары,

Ақиқаты жатпайтын іште бүгіп.

*Бақыт – деген — еңбекпен тапқан наным,

Бақыт — деген, отбасым — өз ошағым.

Бақыт деген — арайлап атқан таңым,

Бақыт деген — ол менің болашағым!

 

 

 

 

 

Жақсыкүл ҚОСЫБАЙҚЫЗЫ,

Халықаралық  Жазушылар одағының мүшесі

 

Сурет: Astana Pass

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *