Гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқыту бағыты таңдалып, 2021 жылы сәуір айында Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған гимназия -интернаты болып аталды.

Көпшілікке аталған мектеп еліміздегі теміржолшылардың балаларын оқытатын мектеп – интернаты ретінде таныс. Мектеп – интернатты қаншама түлек бітіріп, Республикамыздағы іргелі өндіріс орындары, білім беру мен құқық қорғау салаларында жемісті еңбек етті. Олардың алдыңғы легі қазір зейнеткер қатарында болса, кейінгілері еліне адал қызмет етуде. Әрқайсысы бір әулеттің иесі – ұл – қыз тәрбиелеп қатарға қосқан ата – ана. Кейінгілері де өздері оқыған мектеп – интернатын мақтан тұтып, қалаған салада жемісті еңбек етуде.

Жаңа  заман үрдісі бойынша білім беруде көптеген мектептердің жетістігі, ұстаздарының жаңашылдығы мен шәкірттерінің білімдегі көшбасшылығы, ата — аналардың мектеппен байланысының нәтижелері айтылуда. Алматы қаласы, Түрксіб ауданы аймағында орналасқан  Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған гимназия — интернатының бала тәрбиелеу мен оқытудағы игі істерімен таныспақ болып, келген едік.  Гимназияның сыртынан — ақ жөндеу жұмыстары  жүргізілгенін көрдік. Табалдырықтан аттағанда, бір жаңашылдықтың бары байқалды. Гимназия — интернатының директоры БАЙСАРИЕВА Алия Қожаққызымен таныса келе мектептегі өзгерістер жайлы әңгімеледік.

Алия  Қожаққызы еңбек жолын 1990 жылы қазіргі Райымбек ауданындағы «Қарасаз» өнер мектебінде домбыра сыныбының мұғалімі болып бастады. 1991 — 1994 жылдары Алматы облысы, Кеген балалар музыка мектебінде, 1994 — 2002 жылдары Алматы қаласы, №2 мектепте, 2002 жылдан Кеген ауданы Алғабас ауылы Ұзақ Бағаев атындағы мектепте музыка пәні мұғалімі болып сабақ бере жүріп, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Аталған мектепте 2006 жылдан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ьұғалімі, 2010 — 2013 жылдары педагог — ұйымдастырушы, 2013 — 2022 жылдар Ұзақ Бағаев атындағы мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. 2022 — 2023 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, «Қоянқұс» ауылы, №47 орта мектепте директордың оқу — ісі жөніндегі орынбасары, 2023 жылдың 19 — желтоқсанынан бастап Абай атындағы мамандандырылған гимназия — интернатының директоры.

—Мен 2023 – 2024 оқу жылы желтоқсан айының 19 — да Абай атындағы гимназия – интернатына директорлық қызметке Алматы облысы білім басқармасы жариялаған конкурс арқылы өтіп, тағайындалдым. Ұстаздармен таныстым. Педагогтар ұжымы негізінен жастар екен. Тәжірибелі, бала оқытудағы өнегесі мақтауға тұратын ұстаздарымыз да бар. Оқушыларымыз да білімге құштар жасөспірімдер. Гимназия – интернат болған соң күндіз және түнде кезекшілік өткізетін тәрбиешілеріміз де балаларға өз баласындай қарайтын жандар. Кез келген мектептің алға қойған мақсатының орындалуы үшін ең алдымен ұжым арасындағы сыйластық, бір – біріне  құрметі және өз мамандығына деген адалдық, жауапкершілік, шәкірттер алдындағы баладай таза көңіл қажет. Мен ұстаздардан осы аталған қағидаларды байқадым. Алдағы уақытта бірлесіп,  гимназия оқушыларының білім сайыстарына, шығармашылық байқауларға қатыстыра бермекпіз. Оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі, — дейді А.Байсариева.

Мектеп туралы әңгіме бастағанымызда, оның тарихына тоқталмай кете алмаймыз. Жоғарыда атап айтқандай,  еліміздегі теміржолшылардың балаларын оқытатын мектеп – интернаты 1958 жылы алғашқы оқу жылын бастаған. Алматы облысы әкімінің бұйрығымен 2004 жылы  Алматы облысы білім басқармасына қарасты №15 мектеп – интернаты болып, қайта бекітіліп, әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасы балаларына арналды. 2014 – 2015 оқу жылында мектеп – интернатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Пән кабинеттерін әл – Фарабидей ғұламадан бастап, Абай Құнанбайұлы, М.Әуезов, М.Мақатаев сынды тұлғалардың есімімен аталып, сынып маңдайшасына тақтайшалар ілінген. Тұтас қабырғаға дана Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен ғибратты сөздері жазылған.

Пән кабинеттері білім берудегі заман талабына лайық жабдықталған. Кітапхана, спорт залы оқушылардың сүйікті орындарының бірі. Интернатқа да жаңа жабдықтар қойылып, кең асхана қажетті жиһаздармен жабдықталған. Лабораториялық кабинеттер бар. Абай есімі берілгендіктен, мектепте шығармашыл шәкірттер ортасын қалыптастыру қолға алынған. 2021 – 2022 жылында алғашқы дарынды балалар қабылдана бастаған. Сондықтан, бастауыш сыныптар жабылып, мамандырылған гимназия – интернатына 5 – сыныптан оқушы қабылданады. Республикалық «Дарын» әдістемелік орталығының арнайы тестінен өткен 50 – ге жуық бала оқытылуда. Гимназия интернатында 250 – ге жуық оқушы білім алып, тәрбиеленуде. Республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гимназия – интернаттың ұйымдастыруымен Республика бойынша барлық облыстарды қамтитын «желілік Абай мектептері» — орталық жүйесі жұмыс істейді.

                                                          Білім мен тәрбие жетістігі

Абай атындағы гимназия — интернатында ғылыми білімді насихаттау және оқушылардың ғылыми іске қызығушылығын дамыту, дарынды балаларды анықтау мақсатында өткен облыстық мектеп аралық пәндер олимпиадасының марапаттау рәсімі атап өтілді. Әрбір оқушының білім деңгейлері таразыланып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озат оқушыларымыз – олимпиада жүлдегерлері әділ түрде анықталып отыр. Атап айтсақ, 1- орын иегерлері — Едилбаева Каусар, «Қазақ тілі және әдебиеті» пәні бойынша жетекшісі —  Мусаева Қалдыгүл;  Қуандық Санжар, Нұржанқызы Ақерке – «Қазақ тілі және әдебиеті» пәні бойынша жетекшісі —  Жанат Сеитханқызы ІІ — орын: Иманбек Аяужан «Тарих» пәні бойынша жетекшісі — Жақан Юсуф;   ІІІ — орын иегерлері —  Көшербаев Досбол, Қайрат Бекарыс. Физика және информатика пәндері бойынша жетекшілері – Жанар Абибулақызы мен Арай Байғазы.

Гимназия – интернаты оқушыларының білім сайыстарындағы жетістіктеріне қысқаша тоқтала кетсек, биыл, яғни 2024 жылы  10 — сынып оқушысы Қуандық Санжар – Республикалық жалпы білім беретін пәндер олипиадасының облыстық кезеңінен І — орын;  9 — сынып оқушысы Нұржанқызы Ақерке — Республикалық жалпы білім беретін пәндер олипиадасының облыстық кезеңінен І — орынды иеленді. Өткен оқу жылы Нұржанқызы Ақерке V — Республикалық «ДІЛМАР» шешендік өнер байқауына қатысып, арнайы жүлдеге ие болып, жүлде қорының  ақшалай 20000 теңге сыйақысымен марапатталды.  Иманбек Аяужан — ІІ Республикалық Балалар оқуының облыстық кезеңінде ІІІ – орын иегері атанды. Гимназиямыздың оқушылары Талғат Мерей — «АҚБЕРЕН» Республикалық өнер байқауының облыстық кезеңі, «Эссе жазу» номинациясы бойынша ІІІ —  орын; Нұржанқызы Ақерке, Ерман Айнара — Республикалық желілік  Абай мектептері арасында Д.А.Қонаевтың 110 жылдығына орай өткен «Өз заманының заңғары» байқауының «Үздік бейне түсірілім» номинациясы бойынша ІІ – орынға ие болды. Нұржанқызы Ақерке — ІV республикалық «ДІЛМАР» шешендік өнер байқауында Абай Құнанбайұлы атындағы арнайы жүлде 20000 теңге сыйақыға ие болған еді. Оқушылардың осындай жетістікке жетуіне жетекшілік еткен Жанат Сеитханқызы.

Аймбетова Ақбота Жеткергенқызының жетекшілігімен Республикалық «Ділмар» клубының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бабалар» мұрасы байқауы өз мәресіне жетіп, жүлделі І — орынды орынды мектебіміздің 8 «Ә» сынып оқушысы Бырқия Майра жеңіп алды! Жеңімпазымызға жарыстың бас демеушісі Қизат Тілеуберді мырза 15000 теңге ақшалай сыйлық табыстады.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің онкүндігі аясында шешендік өнер  арқылы оқушыларға сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау  шарттарын меңгерту,  көркем сөйлеу дағдысы мен  шеберлігін  шыңдау мақсатында Абай атындағы Республикалық мектеп оқушылары мен Абай атындағы Алматы облыстық  гимназия — интернатының 8 — сынып оқушылары арасында Жалмаханова Жайна Әбдінабиқызының жетекшілігімен жекпе — жек шешендік сайысы өтті. Екі мектептің 8 – сыныптарынан құралған сөз додасында хакім Абайдың рухани мұрасы, шешендік сөздің маңызы, тәуелсіздік  тақырыптары туралы сүбелі сөз айтылды. Байқауда  Саин Мөлдір — Бас жүлде; Бырқия Майра — І орын; Данышбай Мерей — ІІ орын; Қанат Мирас – ІІІ орын алды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханашысы Нұрғалиева Жанар жаңашыл бағдарламада сынып жетекшілерімен және сынып тәрбиешілерімен бірлесе отырып, мектеп оқушыларының оқуға деген құштарлықтарын ашу мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Бір аптада қазақтың танымал ақын — жазушыларының бірін таңдап, таңдалған тұлғаның түрлі шығармаларын талдап, талқылады. Шараға  оқушылар белсенді қатысып, шығарма негізде ойларымен бөлісті. Оқушылар арасында ұстаздар және тәрбиешілермен  тәрбие саласында да көптеген шаралар бірлесіп өткізілуде.

Мектеп – интернат асханасында азық – түлік жеткілікті. Оқушылар асханада тамақпен арнайы кесте бойынша толық қамтылған. Балаларды әңгімеге тартқанымызда, асхана тамағы ұнайтынын, әр күні тамақтарының бір — біріне ұқсамайтынын түрлерінің тіл үйіретін дәмді екенін шын көңілімен айтты. Гимназия шәкірттері ұлттық киімімен ерекше көрінді. Ана тілінде сөйлеу, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – ұстаздардан, отбасында ата – анадан алатын өнеге.

—Дарынды балаларға арналған мектеп – интернатты 2013 — 2023 жылдар аралығында басқарған, мектеп қабырғасында 10 жыл қызмет етіп, білім мекемесінің танылуына аянбай күш – жігерін жұмсаған өз ісінің білікті маманы, жігерлі басшы Ақылбекова Алия Бақбергенқызының  сіңірген еңбегі орасан деп айтамын. Шәкірттеріміздің мен директорлыққа келгеннен бергі уақыттағы  білімдегі жетістіктерін атап өттім. Алдағы уақытта ұстаздар және тәрбиешілер, ата – аналармен бірлесіп, оқушылардың білім сайыстарында жан – жақты танылуына жаңашылдығымызды, тәжірибеміз бен біліктілігімізді жұмсаймыз деп сенеміз, -дейді Алия Қожаққызы.

Гимназия – интернатындағы балалардың шын бағбаны – тәрбиешілер: Анаркулова Рабиға, Суванбаева Шолпан, Амиркулова Динара, Қайырбекова  Қарлығаш, Жаңбырбаева Қарлығаш, Ханыбекова Әсел, Исабаева Жазира.

 

Ж.Кучукова,

Республикалық бас редакторлар

клубының мүшесі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *