Астанада түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды
Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы, көрнекті ақын Мақтымқұлыға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды farabishakirti.kz, astana-akshamy.kz. сайтына сілтеме жасап.
Мәулен Әшімбаев меймандарға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тереңнен тамыр тартатын бауырластық және достық қарым-қатынастың маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ ол бүгінгі тиімді мемлекетаралық ынтымақтастық екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердымұхаммедовтің өзара құрметке негізделген байланысының және Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің белсенділігінің нәтижесі екеніне назар аударды.
«Қазақстан астанасында Мақтымқұлы ескерткішінің ашылуы халықтарымызды байланыстыратын рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі екені анық. Алдағы уақытта Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы және бас ақыны Абайға арналған ескерткіш орнатылады. Бұл екі оқиға символикалық мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері Абай мен Мақтымқұлының философиясы, поэзиясы, айтар ойы мен өсиеті үндес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Мақтымқұлының шығармашылығы түрікмен халқының даналығы мен парасатына табан тірейтінін, ақынның мұрасы бүкіл адамзатқа ортақ игілік екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев Астанада Мақтымқұлы ескерткішінің ашылуы Қазақстан мен Түрікменстан халықтарының достық байланысын одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін де айтты.
«Философтың ғажайып туындылары мен өсиеттері 300 жылдан бері туған жұртының асқақ рухымен және жасампаз қуатымен бірге жасап келеді. Мақтымқұлының шығармалары түрікменнің төл құндылықтарынан нәр алады. Шын мәнінде, ақынның мұрасы – адамзаттың алтын қорына қосылған құнды еңбек және Орталық Азия халықтарының ортақ қазынасы», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
Сондай-ақ салтанатты рәсімде ақынның 300 жылдығы Қазақстанда да кең көлемде аталып өтіп жатқаны айтылды. Мерейтой аясында ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Одан бөлек, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі Мақтымқұлы атындағы Халықаралық сыйлық тағайындау туралы бастама көтерді.
Астанада аталған ескерткіштің ашылуы Түрікменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері мен Қазақстанның Түрікменстандағы мәдениет күндері аясында өткізіліп отыр. Мұндай қадам екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және қазақ-түрікмен халықтарының рухани байланысын арттыруға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Айта кетейік, 2024 жыл түркі әлемінде Мақтымқұлы Пырағы жылы болып жарияланды. Ал, ақынның мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы даталарының тізіміне қосылды.