Бек Мұстафа

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жасөспірім бау-бақша қоғамына тиесілі трактордың багына шұбат құйып кеткен, — деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Бұл іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабымен қаралған.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, кәмелетке толмаған бала «Спектор» бау-бақша қоғамына тиесілі трактордың май құятын бөлшегіне шұбат құйып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Сот отырысында жасөспірімнің заңды өкілі – әкесі кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сот кәмелетке толмаған бала әкесінің материалдық жағдайын, кінәсін толық мойындағанын ескерді. Оған әкімшілік айыппұл сомасы 30%-ға қысқартылып, 16 905 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды», — деп хабарлады мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір топ жасөспірім қатарласын аяусыз соққыға жыққанын хабарлаған болатынбыз. Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, олар Атырау қаласындағы колледж жатақханасының жанында 2007 жылғы қатарласын жарақаттаған. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 2-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті ретінде 2006 және 2007 жылғы жасөспірімдер ұсталып, Атырау қаласындағы №2 полиция бөліміне жеткізілген.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *