Кеше, Алматыдағы Қазақ радиосының тікелей эфир студиясына Қазақстанның Халық артисі, диктор Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілді.
Радио дикторының 100 жылдығына орай өткен салтанатты шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Илхам Ибрагимов, «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы қаласы филалының директоры Сәуле Жиреншина, радиоардагерлер Сауық Жақанова, Райхан Оразбақова, Арыс Байжанбаев, Руслана Құдайбергенова, Аманжан Еңсебаев, Тілеуберді Доспаев және Әнуарбек Байжанбаевтың ұрпақтары қатысты.


Министр Дархан Қыдырәлі радио ұжымын және Ә.Байжанбаевтың ұрпақтарын студияның ашылуымен құттықтай келе, әйгілі диктордың ел руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз екенін атап өтті.
    «Қазақтың «Левитаны» атанған дауылпаз диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосында 50 жылдай жұмыс істеді. Оның саналы ғұмыры осы қасиетті қара шаңырақта өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын Кеңес елдері Левитанның дауысымен естісе, қазақ даласына жеңіс хабарын Әнуарбек Байжанбаев жеткізді.
Туғанына 100 жыл толып отырған Әнуарбек Нығметжанұлының мерейтойы аясында Қазақ радиоларының Алматыдағы тікелей эфир студиясы бүгіннен бастап дауылпаз диктордың атымен аталмақ. Бұл қайталанбас дауыс иесінің, радио ардагерінің есімі мен еңбегін ұлықтауға арналған символикалық мәні бар маңызды оқиға»
, — деді министр.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдығына орай «Бірегей» деректі фильмін түсіріп, ұсынды. Жыл соңына дейін «Алтын дауыс» жас дикторлар байқауын жариялайды.

                                                                                            t.me/qazaqstantv

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *