«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тұлға

Бейсен болмысы – өмірлік өнеге

Кітап – сарқылмас қазына. Әр адамның жүрегінен ерекше орын алатын бір туынды болады. Мен үшін сондай құнды дүние – «Бейсен және Болмыс» кітабы. Бұл шығармада Бейсен Құранбектің адамгершілік болмысы, қаламгерлік қарымы мен тағдыры терең сипатталады. Егер осы кітапты оқымағанда, мен мұндай дара тұлғаның ішкі әлемін толық тани алмас едім. Кітап оқырманды жауапкершілікке, уәдеге беріктікке және өмірді мәнді сүруге үндейді.

Бейсен Құранбектің өмірлік философиясы тек отбасымен шектелмейді. Ол үшін уақыт – ең қасиетті ресурс еді. Әрбір істі «соңғы рет істеп жатқандай» асқан ұқыптылықпен атқару – оның кәсіби ұстанымы. Сонымен қатар, ол танымалдылыққа қарамастан, өте кішіпейіл әрі қарапайым жан болды. «Жақсы журналист болу үшін, алдымен жақсы адам болу керек» деген қағиданы ұстанған ол, экранда қандай болса, өмірде де сондай шынайы, рухани таза қалпын сақтады. Оның әрбір сөзінен отансүйгіштік пен ұлттық мүддеге деген адалдық есіп тұратын.

Кітапта отбасы құндылықтарын сақтау туралы да терең әрі мәнді ойлар айтылған. Соның бірі – кез келген шаңырақ үшін темірқазық бола алатын «Бейсеннің сегіз қағидасы»:

Сыйластық: Отбасында сыйластық бірінші кезекте тұруы тиіс.

Жұбайлардың бір-біріне «сіз» деп сөйлеуі – мәдениеттің биік үлгісі.

Туыстық тұтастық: Екі жақтың ата-анасы мен бауырларын бөліп-жармай, өз туғанындай қабылдау.

Салауаттылық: Үйге ешқашан ішімдік кіргізбеу, тазалықты ұстану.

Ұрпақ тәрбиесі: Баланы мектепке дейін хан ретінде сыйлау, мектеп кезінде шәкірттей тәрбиелеу, кейін дос ретінде сырласу.

Кешірімділік: Ренжісіп қалса, бес минуттан соң қайта сөйлесу, ашуды ұзаққа сақтамау.

Сенім: Ер-азаматқа шектен тыс бақылау жасамау, оның еркіндігі мен жауапкершілігіне сену.

Ажыраспау: Қандай жағдай болмасын, баланың болашағы мен бүтіндігі үшін шаңырақты сақтап қалу.

Өсексіз өмір: Үйде ағайын-туыс туралы жағымсыз әңгіме айтпау.

Бұл қағидаларды ұстанған әрбір шаңырақта бірлік пен береке болары сөзсіз. Бұл ережелер – тек бір отбасының ғана емес, жалпы қоғамның рухани саулығының көрінісі.

Жалпы, бұл кітап – адамға бағыт-бағдар беретін рухани ұстаз. Бейсен Құранбек көрсеткен өнегелі өмір мен оның адалдық, достыққа беріктік сияқты асыл қасиеттері кез келген жанды өзіне есеп беруге жетелейді. Осындай тағылымы мол туындыларды оқу арқылы біз рухани байып, саналы, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптаса аламыз.

ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ  Гүлбақ,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

Толқын ауылы, «Толқын орта мектебі» КММ

11 «Ә» — сынып оқушысы

 

Сәйкес жаңалықтар

Қазақ радиосында Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды

farabi shakirti shakirti

ҚОНАЕВПЕН СЫЙЛАСТЫҚТА БОЛҒАН

farabi shakirti shakirti

Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек: Әлкей Марғұлан