Біреу үшін мансап, байлық болса, ал басқа үшін денсаулық пен отбасы болуы мүмкін. Адамдар бақытты өмір бойы іздеуі мүмкін немесе оның жанында жүргенін түсінбей жатады.
Қазіргі таңда адамдар бақытты көбіне материалдық жағдаймен байланыстырады. Иә, жақсы өмір сүру өте керемет. Бірақ байлық адамды шынайы бақытты ете алмайды. Себебі ішкі жан дүниесі тыныш болмаса, адам өміріндегі жетістіктерге шынайы қуана алмайды.
Бақытты болу – әр адамның өз қолында. Ол сырттан келетін нәрсе емес, ең алдымен адамның ішкі сезімі мен өмірге деген көзқарасына байланысты. Кейде адамда бәрі бар сияқты көрінгенімен, ол өзін бақытсыз сезінуі мүмкін. Ал керісінше, қарапайым өмір сүріп жүрсе де, жүрегі тыныш, көңілі тоқ адам өзін бақытты сезінеді.
Бақытты түсіну үшін адам ең алдымен өзіне жақын нәрселерді бағалай білуі керек. Мысалы, ата-ананың амандығы, достардың шынайы қарым-қатынасы, денсаулықтың жақсы болуы – осылардың өзі үлкен бақыт. Бірақ кейде біз осы қарапайым нәрселердің қадірін кеш түсінеміз. Сондықтан әр сәтті бағалау маңызды.
Сонымен қатар, бақыт адамның өмірге деген көзқарасына да байланысты. Егер адам тек қиындықтарды көре берсе, ол өзін бақытсыз сезінеді. Ал кез келген қиын жағдайдан сабақ алып, жақсылық іздей білсе, ол адамның өмірі әлдеқайда мәнді болады. Өмірде қиындықтар болмай қоймайды, бірақ сол қиындықтардың өзі адамды шыңдайды, күш береді.
Тағы бір маңызды нәрсе – өзіңді дамыту. Адам өз мақсатына ұмтылып, арманы үшін еңбек етсе, ол жолдың өзі оған қуаныш әкеледі. Кішкентай жетістіктердің өзі адамға мотивация беріп, бақыт сезімін арттырады.
Сондықтан үлкен нәтижені ғана күтпей, әр қадамды бағалау керек.
Қорытындылай келе, бақыт – бұл тек жетістік немесе байлық емес. Бақыт — адамның ішкі
тыныштығы, жақын адамдармен жақсы қарым-қатынасы және өмірдің қарапайым сәттерінен қуаныш таба білуі. Әр адам бақытты өз жүрегінен іздесе, ол міндетті түрде оны таба алады.
ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ Гүлбақ,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
Толқын ауылы, «Толқын орта мектебі» КММ
11 «Ә» – сынып оқушысы.
Сурет:https://mail.kz/
