«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Ең жылы, ең тәтті кездер

Бірге ойнап, бірге күлген мектептегі достарға арналады

Әр адамның өміріндегі ең жылы, ең тәтті кезең – балалық шағы мен мектептегі күндері. Мектеп тек білім беретін орын ғана емес, ол – адамды қалыптастырып, үлкен өмірге дайындайтын ерекше орта. Ол сені үнсіз ғана шығарып салып, іштей сенің жетістігіңе қуанып отырады.  Мен мектептің өзін емес, сол мектеп маған сыйлаған адамдарды сағынамын. Қазір ойлап қарасам, дәл сол сыныптастарым ғана мені шынайы түсініп, қандай болсам, сол қалпымда қабылдаған екен. Біреулер үшін «сыныптас» жай ғана сөз болуы мүмкін, ал мен үшін ол – тұтас бір дәуір. Өйткені өмірде жолым әрдайым бола бермесе де, достарым жағынан жолым болғаны анық. Менің жанымда әрдайым қолдау білдіріп, қиын сәттерде жанымнан табылған, мен үшін алтыннан қымбат үш досым бар. Осы мақаланы соларға арнағым келеді. Неге десеңіз, уақыт өте келе жолымыз алшақтап кетуі мүмкін, бірақ осы жазба арқылы біз бірге өткізген сәттер жүрегімде мәңгі сақталады. Әрқайсысының менің өмірімде алатын орны ерекше. Мектеп қабырғасындағы әрбір күнім дәл осы жандардың арқасында жарқын, мәнді өтті. Ең алдымен, сөзімді жан құрбымнан бастаймын.

Құрбым менің өмірімдегі ең ерекше адамдардың бірі. Біз мектеп табалдырығын бірге аттап, сол жолды бірге аяқтағалы отырмыз. Ол мен үшін жай ғана дос емес, туған сіңлімдей жақын жан. Қажет кезде мен оған ақылымды айта аламын, ал кейде керісінше, мені түсініп, үнсіз тыңдай алатын да – сол. Шынымды айтсам, мен жаратылыстану пәндерінен аса мықты болған емеспін. Осындай сәттерде мені алға жетелеп, қолдап, түсіндіріп, сенім сыйлаған – Мерей. Ол тек көмектесіп қана қоймай, менің өзіме деген сенімімді оятқан адам.

Мерей – жүрегі кең, ниеті таза, нағыз мықты адам. Қандай жағдай болмасын, сынбайтын, қайтадан күлімдеп тұра алатын күші бар. Осындай адаммен дос болғаныма мен шын жүректен мақтанамын. Ал Еркебұлан мен Алмаз арқа сүйер достарым. Еркебұлан – менің бала кезден келе жатқан досым. Онымен бірге өткен балалық шағым – ең қымбат естеліктердің бірі.  Ол тек көңілді дос қана емес, өте сенімді, нағыз мықты адам. Қандай қиындық болса да, мойымай, бәрін жеңе алатын қайсарлығы бар. Осындай адам жанында болса, өзіңді әрқашан қауіпсіз сезінесің.

Алмазбен мен 10-сыныпта жақын араласа бастадым. Сол уақыттан бастап ол менің ең сенімді парталасымның біріне айналды. Бір партада отырып, сан түрлі тақырыпта әңгіме айтатынбыз. Алмаз – өте ақылды, байсалды, бірақ іштей өте мықты адам. Ол қиындықты ішіне жұтып, бәрін сабырмен жеңе білетін жан. Осындай ұстамдылық пен күш – кез келген адамда бола бермейді.  Осы үш адам – менің өмірімдегі ең күшті адамдар. Олар тек дос емес, менің өмірімнің тірегі, ең шынайы бөлігінің дәлелі. Әрқайсысы өз алдына ерекше, бірақ үшеуін біріктіретін бір нәрсе бар – ол олардың шынайылығы мен мықтылығы. Қазір осының бәрін еске алсам, жүрегім елжірейді. Уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппын. Сол қарапайым күндердің өзі қандай қымбат болғанын енді түсініп жатырмын.

Менік балалық шағымның әсем бейнесі үшін сендерге көп рақмет. Болашақта байланыс үзілген жағдайда да маған сенімді тұрғыла қоңырау шалып, хабар алыса аласыңдар. Мен сендерле мектеп кездегі ең сұлу бейнемен сақтасам, сол бейнемен байланысты болып қаласыңдар. Мектептегі балалық шақтың дәмін бірге татқан достарым, болашақтарыңа сәттілік! Әр қуаныштарыңа мен сендермен тең қуанамын, себебі сендердің қуаныштарын ол менің де баға жетпес құнды байлығым болмақ. Қызық иә? Мектепті қол ұстасып бірге аттап едік,ал енді ұстасқан қолымызды ажыратып, мектеп табалдырығына оралмастай қоштаспақпыз. Құрметті оқырман, мектеп кездегі достарларыңызды бағалап, құрметтеңіздер, себебі сіздердің балалық шақтарыңыздың айнасы-сыныптастарыңыз!

СЕРИКБАЕВА  Аяулым  Арипжанқызы,

Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы

«Зият» мектебінің 11 сынып оқушысы.

Шығармашылық жетекшісі: Гүлім Мырзахмет,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

 

 

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Кореяда қазақ кітабы

farabi shakirti shakirti

Әліппенің алғашқы шәкірттері

Түркістандық оқушы Үндістанда топ жарды