Жас өнертапқыш Төлепбек Нұрəділдің ғылымға салған алғашқы қадамы
Кей кездері біз жаңа, таңсық дүниені бастап көруге қорқамыз. Менде «бұл сферада тəжірибе жоқ қой», «қолымнан келмесе ше?», «мен қалай бастарымды білмеймін» — деп əртүрлі сылтау айтып, өз қалауымызды артқа қалдыру бəрімізбен таныс жайт қой? Бұл біздің жолымыздағы жаңа дүниені бастап көруге деген кедергі іспеттес. Дəл осындай кедергіні жеңіп, өз қалауынан бас тартпаған таныстарымның бірі – Төлепбек Нұрəділ. Ол жақында UpX атты күнделікті өмірді жоспарлаушы қолданбаны ойлап тапқан. UpX – тұтынушының энергиясына қарай бейімделетін, күнделікті тапсырмаларды шамадан тыс жүктемесіз орындауға көмектесетін қолданба.
—Жалпы, əр нəрсе бір қажеттіліктен туындайды емес пе. Саған осындай идея қалай келді?
—Байқауымша, көбіміз күнделікті тапсырмаларды орындағаннан гөрі оны жоспарлауға көбірек уақыт құртамыз. Көп жағдайда ол үшін түрлі қосымшаларды қолданамыз. Ал ол қолданбалар адамның энергиясының шектеулі екенін, олардың орындалмай қалу мүмкіндігін есепке алмайды. Мұндай қолданбалардың көбісі күрделі болғандықтан тұтынушылар үшін өте түсініксіз.
Мысалы, ChatGPT. Ол берілген тапсырмаларды есте сақтауда, оларды адам энергиясына қарай бейімдеуде өте нашар. Кейіннен бұл мəселені тереңірек зерттеп, басқа қолданбалардан ерекше нəрсені ойлап табуға кірістім. Басында оның прототипі мен промптын жасау үшін түрлі ЖИ-ді қолдандым. Бұдан бөлек, тұтынушылардың қажеттілігін жақсырақ түсіну үшін қатарластарым арасында сауалнама да жүргіздім. Сауалдамадан өткен 43 адамның 83 пайызында дəл осындай мəселе кездесетін жəне қолданбаны қолданғысы келетін болып шықты! Жауап бергендердің пайызы байланыс контакттерін қалдырып кетті.
—Ал бұл идеяны бастамас бұрын сенде осы салада тəжірибе болды ма?
—Жоқ, бұл менің маңызды əрі ауқымды дүние жасаудағы алғашқы тəжірибем. Менің басқа салаларда тəжірибем болған, алайда дəл осы өнімділік саласында емес. Сондықтан бұл сала мен үшін де жаңа əрі қызық.
—Міне керемет! Жаңа салада қорықпастан ауқымды дүниені бастау нағыз батылдық деп білемін! Мұндай жаңа жол əрдайым қиындыққа толы болмай ма. Іске асыру барысында сен қандай қиындықтармен кездестің?
—Жұмыс барысында ЖИ-дің мүмкіндіктері мен функцияларының шектеулі болуы жəне бұл салада тəжірибенің жоқтығы процесті өте қатты қиындатты. Бірақ біз орта жолда берілмедік жəне жағдайға бейімделе алдық, нəтижесінде біздің жобамыз іске қосылуға əбден дайын.
—Қазіргі уақытта бұл қолданбаны жетілдіру барысы қалай жүруде?
—Командамыз қолданбаны жасау үшін талмай еңбектенуде. Мысалы, Ернұр техникалық бөлімге жауапты. Ол өнімді тестілеу кезінде туындайтын барлық қателер мен багтарды түзетуде. Ал контент — жоспар құрып, өнімді көпшілікке таныту мəселелерімен Амина айналысуда.
—Демек, сенің өз командаң бар. Оны қалай жинадың?
—Алғашқы протип жасағаннан кейін мен бағдарламалау саласындағы білімнің ісімді əрі қарай жалғастыру үшін сонда да міндетті екендігін түсіндім. Сондықтан өз таныстарым арқылы пікірлестерімді іздестіре бастадым. Нəтижесінде əпкем арқылы Ернұрмен таныстым. Ол да осындай мəселемен бетпе бет келгесін, менің жобама қызығушылығын танытты. Сайтымды жарнамалау барысында əлеуметтік желіге апта сайын контент салып, оны қадағалаудың қиын екенін түсіндім. Сол үшін волонтёрлік іспен айналысатын таныстарымның арасынан Аминаны өз жобама шақырдым. Оған да бұл идея ұнап, оны ары қарай дамытумен жұмыла айналысып кеттік.
—Тамаша! Көбіміз осындай əрекеттерге барудан қорқып жатамыз. Қалай ойлайсың, мұндай істерде ең маңыздысы не?
—Меніңше ең маңыздысы – қалау жəне өз жіберген қателіктеріңе талдау жасай білу. Егер сен өніміңнің қоғам үшін пайдалы екеніне сенімді болсаң, ол үшін пікірлестеріңді тауып, команда жинау қатты қиын емес. Мен мектеп оқушылары мен студенттерге арналған, оларға шамадан тыс шаршамай, күнделікті тапсырмаларды тиімді əрі дұрыс бөле отырып орындауды үйрететін арзан қосымша жасағым келді. Ал оның толық функциясын қолданып көргісі келетін əрбір адам үшін біз ай сайынғы бағаны $2 доллардан (974 тг-ден) асырмаймыз деп ойлап отырмыз.
—Бұл қолданба қазір толық дайын ба? Алдағы уақытқа қандай жоспар қойып отырсың?
—Қосымша қазір толық дайын деп айта алмаймын. Біз командамызбен ондағы қателіктерді тез арада жөндеуге тырысып жатырмыз. Мысалы, болашақта адамның шаршау деңгейін оның субъективті пікіріне сүйеніп емес, дəлірек анықтау үшін фитнес — білезіктер шығаратын компаниялармен серіктестікке отыру жоспарда бар. Мұндай инновация шамадан тыс шаршамауға, күнді өнімдірек өткізуге көмектеседі. Тəжірибе жоқтығы – жаңа нəрсені бастамауға себеп емес. Кейіпкеріміз де айтып өткендей, əр нəрсе ниеттен басталады. Оны бастау кезінде пайда болатын қорқыныш пен күмəн қалыпты дүние. Тек оған мойымай, алға жылжуды тоқтатпау керек. Сонда өз дегеніңе жете аласың.
—Нұрәділ, әңгімеңе рақмет! Алдағы жоспарларыңа сәттілік тілейміз!
НҮСУПҚАН Тоғжан,
Алматы облысы, Талғар ауданы, «№14 мектептің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі.
«Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ» студенті

