«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Жаздан кейін оқуға қайта бейімделудің 6 тәсілі

Міне, бүгін жаздың соңғы күні. Ертең жаңа оқу жылы басталмақ. Осы жазды қалай өткізсек те, оқуға қайта бейімделу үшін уақыт керек. Бірінші қыркүйек он бірінші сыныптар үшін мектептегі соңғы алғашқы қоңырау болса, бірінші сыныптар енді ғана мектеп табалдырығын аттап жатыр. Жазда оқушылардың көбі еркінсіп кетеді деп ойлаймын, солардың бірі– менмін. Иә, ұйқы режимі бұзылады, тіпті он бірінші сыныпта болсақ та, бейімделу, қобалжу сезімдерін бастан өткеріп жатырмыз. Ендеше, жаздан кейін оқуға бейімделудің 6 тәсілін айтсақ, бәлкім, пайдалы болып қалар.

Ең алдымен, ұйқы режимін түзеу. Үш ай бойы түсте тұрып немесе кеш жатып жүрген жандар үшін бұл қиын. Бірақ ұйықтау уақытын күнде 10 — 20 минутқа ертерек жылжытсақ, 1 — 2 аптаның өзінде қалыпқа келтіруге болады. Ұйқың қанып, сергек болмасаң, басқа білімнің де қонуы екіталай.

Екінші тәсіл: бұл мен сияқты оятқышқа да тұруы қиын адамдарға арналады. Оятқышты төсектен алыс қой. Өшіру үшін орныңнан тұруға тура келеді. Ал орныңнан тұрғаннан кейін қайта ұйықтап кету ықтималдығы азаяды.

Үшінші тәсіл: мектепке киер киімді кешке дайындап қою абзалырақ. Мектептен кейін киімдерді бірден іліп тастасақ, анамызға да күш түсірмейміз, әрі ояна сала «не киемін?» деп бас қатырмаймыз.

Төртінші тәсіл: әйгілі оқуға арналған Pomodoro әдісі бар, соны қолдансақ болады: 25 минут оқу, 5 минут үзіліс. Күніңді барынша тиімді өткізуге тырыс. Бітіруші түлек болсаң, онда бар уақытыңды оқуға арнаған жөн.

Бесінші тәсіл: әуелі күрделі тапсырмаларды орындап таста. Соңында жеңіл тапсырмаларды орындағанда, өзіңді де жеңіл сезінесің.

Алтыншы тәсіл: әрқашан қозғалыста, дамуда бол. Тәуекел етуден қорықпа. Жарыс, олимпиада болса, бас тартпа. Тәжірибе мен білгеніңді қайталау — сені шыңдайды. Өзіңді өзгелермен емес, кешегі өзіңмен салыстыр. Кешегіден мықты болу үшін оқу керек.

Ал мен ұсынған алғашқы үш тәсіл сабаққа кешігіп қалатындар үшін. Ұйқың қанып, денсаулығың жақсы болса, білімді де уайымсыз алатыныңды ұмытпа. Осы оқу жылын естен кетпестей өткізуіне тілектеспін!

ОРЫНҒАЛИ  Назгүл  Ерболқызы,

Алматы қаласы білім басқармасының

Түрксіб ауданындағы

№107 лицейінің 11-сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Концертмейстер – балалардың музыкалық жағынан дамуының өзегі

farabi shakirti shakirti

ОТБАСЫ

farabi shakirti shakirti

Барыс жылының бала батырлары!