«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Технология

30 секундтық видеоның соңы 30 минутқа ұласады

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Біз әдетте ұйқыдан тұра сала, қолымыз босағанда, тіпті автобуста келе жатқанда да телефонға, дәлірек айтсақ, әлеуметтік желіге үңілеміз. Дұрыс-ақ. Қазіргі қоғамда смартфон күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан «мүлдем қолданба» деп тыйым сала алмаймыз. Мәселе: оны қанша уақыт және қандай мақсатта пайдаланатынымызда.

Телефонды шамадан тыс қолданудың зиянын білсек те, неге одан бас тарта алмаймыз?

Меніңше, мәселе өзімізді әрдайым саналы түрде басқара алмауымызда. Мысалы, телефонды қолымызға хабарлама келді ме деп ашамыз. Алайда экраннан бірден 15-30 секундтық видео көрініп, қызығушылығымызды оятады. «Тағы бір видео қарай салайын» деп өзімізді жұбатамыз. Бір видео екіншісіне жалғасып, байқамай 30 минут, тіпті одан да көп уақытымыз өтіп кетеді.

Бұл жай ғана кездейсоқ жағдай емес. Қысқа видеолардағы үздіксіз лента жаңа әрі күтпеген мазмұнды қайта-қайта ұсынады. Мұндай жүйе адамды «келесі видеода не бар екен?» деген қызығушылықпен ұстап тұрады. Ал әлеуметтік желіні қайта-қайта тексеру уақыт өте келе саналы шешімнен гөрі автоматты әдетке айналуы мүмкін.

Мәселенің тағы бір қызық қыры ұзақ контентке деген төзіміміз. Қазір кейбір балалар бірнеше минуттық мультфильмнің өзін ұзақ көріп отыруға қиналып, «қашан бітеді?» деп сұрайды. Мысалы, менің інілеріме біз кішкентай кезімізде көрген «Алдар Көсе», «Ертөстік», «Ну, погоди!» сынды ұзақ емес мультфильмдердің өзі қызық емес. Кейде заман талабы шығар дейін десем, Disney-дің мультфильмдеріне де аса қатты қызықпайтынын байқадым. Бұған тек қысқа видеолар себеп болады деп кесіп айту дұрыс емес. Дегенмен үнемі өте жылдам ауысатын контентке үйрену ұзақ уақыт бойы бір нәрсеге назар аударуды қиындатуы мүмкін деген ғылыми зерттеулер бар. Әсіресе әлеуметтік желіні үнемі қолдану зейін мен өзін-өзі бақылау мәселелерімен байланысты болуы әбден мүмкін.

Ал бұл әдеттің ең қауіпті тұсы – уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалуымыз. Біз бірнеше секундтық бейнені көріп отырғандай сезінеміз, ал шын мәнінде ең құнды уақытымыз біртіндеп жұмсалып жатады.

Сондықтан мәселе смартфонның өзінде емес. Телефон – оқу үшін де, байланыс жасау үшін де, ақпарат іздеу үшін де пайдалы құрал. Мәселе – оны мақсатсыз қолдануымызда және өз уақытын басқарудың орнына экранның ұсыныстарына еріп кетуімізде.

Телефонды біз басқаруымыз керек, телефон бізді емес.

30 секундтық видео алтын уақытымызды жоғалтуға себеп болмасын.

ОРЫНҒАЛИ  Назгүл  Ерболқызы,

Алматы қаласы білім басқармасының

Түрксіб ауданындағы

№107 лицейінің 11-сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Новости высоких технологий

Роутерлерді кибершабуылдардан қалай қорғауға болады

Алардың алары алда

farabi shakirti shakirti