«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

Қазақтар туралы поляк жазбалары

Сурет:https://ru.wikipedia.org/wiki

Қазақ жеріне көптеген орыс және басқа да шетелдік зерттеушілермен бірге тегі поляктан шыққан, сөйтіп жүріп орыс патшасына қызмет еткен саяхатшылардың да болғанын ұмытпағанымыз жөн. Бұл тұрғыдан алғанда жалпы оқырман қауымның білетіні онша көп емес. Есімізге алдымен түсетіні – «Күнделіктер мен хаттар» деп аталатын артында қызықты жазба қалдырған Адольф Янушкевичтің есімі.  Одан басқа поляктар жөнінде көп айтыла  бермейді. Сөйтсек, бұл тарапта қазақ жеріне келгендері әртүрлі тағдыр жолымен, қазақтың топырағын басқандары аса көп болмаса да кездеседі екен.

Орта ғасырларда Еуропаға моңғол шапқыншылығы аз дүрбелең туғызбағаны тарихтан белгілі. Осы жағдайға байланысты Рим папасы Инокентий IV Еуропадан алыс жатқан Азия тарабын барлау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп моңғол ханына дипломатиялық қызметпен елшілерді аттандыруды жөн деп табады. Сөйтіп құрамына итальяндық Дио Карпини мен ұлты поляк Бенедикт деген екі монах сол бағытқа қарай аттанады.

Бенедикттің есімі тарихи құжаттарға «Бенедикттус Полонус» деп жазылып қалған екен. Міне, осы екі адам бұрын еуропалықтардың аяғы баспаған сол тұңғиық Азия жеріне қарай аттанады. Сонда олар көптеген жерде басып өтіп, Каспийдің солтүстік жағалауы арқылы Сырдарияға, одан ары Арал теңізі мен Ферғана жазығына жетіпті. Бұл жерде жаңағы саяхатшылар жүрген жердің негізгі жұрты қыпшақтар деп аталатын. Осы қыпшақтар қазақтардың, олардың атасы боп есептеледі. Осы кісілердің жазғандарына қарағанда, қазіргі қазақтардың энтогенезі күрделі болғанға ұқсайды.

Бұл кезде қыпшақтардан басқа да қазақ тайпаларының құрамына енген найман, үйсін хандықтарында қазақтардың алғашқы негіздерін құрағанын айтуымыз керек. Бату ханның әскери қоныстарынан  аман-есен өткен екі саяхатшы монах қазіргі Қазақстан  жерімен жүрген. Олар өздерінің аяқ басқан өңірлерін қағазға мұқият түсіріп отырғанға ұқсайды. Тіпті, ауа райының қандай екені, табиғаты, географиялық ерекшеліктерін де назардан тыс қалдырмаған.

Көшпелі жұрттың тамақты малдың қиына пісіретіні жайында да штрихтар бар. Екеуінің киіз үй туралы суреттемелері дәлме-дәл, шынайы. Олардың суреттеуінше сол замандағы қазақтың киіз үйлері бүгінгі үйлерден онша алыс жатқан жоқ.

Жазбаларына қарағанда  екі саяхатшы Қазақстанның бүгінгі Қытайдың шекарасына дейінгі өңірлерге жеткені. Кейін қарай 1246 жылдың 13-қарашасында қайтадан сапарға шығады. Сонда қысты күні қысқа қарсы бұлардың жүрістері өте ауыр болған. Өйткені қазіргі Қазақстанның өңірімен сапарлауы жарты жылдан артық уақытқа созылған.

Ель университеттің ғалымдары 1965 жылы белгісіз қолжазбаны тауып жариялаған екен. Онда қолжазбаның авторлары британиялық пен поляк екендігі айқындалған. Ол американдық  оқымыстылардың бірі Д.Поникер бұл мәтін Бенедиктікі деп табады. Ендеше Бенедикт – Қазақстан жері туралы жазған алғашқы поляк.

Азияның кең кеңістігіне қарай барып қайтқан екі еуропалық саяхатшының яғни итальяндық Джованни дель Карпини және Бенедикт Поляктың есептерін оқып, таныса келіп мынадай қорытындыға келеді. Яғни олар – Азияның  көп бөлігін, соның ішінде қазіргі қазақ жерін алғаш зерттеген еуропалықтар. Есептердің біразы Америка Құрама Штаттарында, енді бірсыпырасы архивтерде сақталыпты. Сол замандағы саяхатшының қазақ даласындағы көшпенділік туралы жазғандағы кейінгі замандағы саяхатшылармен көп айырмашылығы жоқ. Онда қазақтардың киіз үймен көшіп-қонып жүретіні және жекелеген бұзылмайтын үйлерді арбаға салып алып кететіні жазылыпты. Олар көші-қон немесе соғыс жағдайында осындай кезде үйлерін өзімен бірге алып жүре беретіндігі де айтылған.

Қазақтарға қатысты зерттеушілердің қатарында бірде айтылып, бірде ескеріле бермейтін есімдердің бірі – Бронислав Залесский. Ол кісі бір кезде 1830 жылы «Жас Польша» деп аталатын ұйымның қарсыласу қозғалысына қатысқан. Олардың жекелеген мүшелерін ұстап алып, Ресей империясына қарайтын шалғай өңірлеріне айдайды. Базбір болжамдарға қарағанда қазақ тәрізді көшпелі  жұртты тыныштандыруға жіберіпті.

Сөйтіп Залесский 1848 жылы Орынбор әскери корпусына келіп түскен. Мұнда он жылдай қызмет етіпті. Сөйтіп, түрлі экспедицияларға қатысып жүріп, Қазақстанның біраз жерін аралаған. Сонда көргендердің бәрін болмаса да кейбіреуін хатқа түсіріп отырған. Өзі қуғын-сүргінде жүріп, Қазақстанның көрген әсерлерін ұмытпай, қағазға түсіріпті. Қазақтардың этнографиясы мен мәдениетіне байланысты көптеген жекелеген детальдар, әртүрлі сипаттар осы жұртқа тән.

Сонымен бірге Залесскийдің әжептәуір суретші болғандығы туралы да айтылады. Өйткені одан қалған түрлі эскиздер, қазақ ауылдары туралы жазған суреттегі түгел болмаса да ішінара сақталып қалған екен. Польшаға оралғаннан кейін ол «Қырғыз даласына екі мәрте саяхат» деп аталатын еңбегін басып шығарған. Кейінірек Польша архивтерінен Залесскийдің жазған суреттері табылады. Ол суреттердің біразы қазақ тақырыбына арналған екен.

Украинның ұлы кобзоры Тарас Шевченконың Маңғыстауда болғаны белгілі. Осы жердегі бір қызық жағдай – Залесский Маңғыстауда Шевченкомен кездескен. Орыстың атақты суретшісі Карл Брюллов екеуі де біраз жерді аралапты. Осы сапарлар кезінде Залесскийдің қаламымен өрнектелген – қазақ даласының және оның тұрғындарының бейнелері. Бір рет геологтарға ілесіп, 1849 жылы Арал теңізінің жағалауына дейін жеткен. «Трио» деп аталатын суретінде Шевченко өзін поляк достары Бронислав Залесский мен Людовик Людотурномен бірге бейнелеген екен.

Тарас Шевченконың Залесскийге жазған хаттарымен танысқан оқырман оның Михал Цейзукке ерекше ыстық ықылас жолдаған жолдарын оқыр еді. Бұл да – поляктың бір айдалада жүрген адамы. Осы жерде еске сала кететін нәрсе – Михал Цейзук дәрі сатқыш және кәсіпқой фотографтардың бірі болған. Ол қазақ даласында да суреттерді түсірген, бірақ қанша суреті сақталғаны әлі әзірше белгісіз. Егер табылып жатса, бұл да қазақ тарихы үшін қызықты материал болып табылатыны сөзсіз.

Қазақ жерінде XIX ғасырдың басында болған Густав Зелинскийдің есімі көзіқарақты  сауатты жандар үшін таңсық емес.  Ол поляк жұртының басқа да қандастары сияқты патшаның айдауға жіберген, қазақ жерінде әжептәуір аралаған оқымысты өкілі. 1834 жылы ол Тобыл қаласына келіп, одан Есіл жаққа қарай аттанған екен. Осы өзеннің жағалауында жеті жылдай болған. Жалпы осы Есіл өзенінің өңірінде ең ұзақ жазбалар қалдырған да Густав Зелинский деп айтуға әбден болады екен.

Қазіргі Астананың, яғни, бұрынғы Ақмоланың өңірін мекендеген қазақтармен  жақсы таныстығы да шығармада бейнеленеді. Оның «Киргиз» деп аталатын поэмасы қазақ тақырыбына жазылған алғашқы көркем туындылардың бірі. Густав Зелинскийдің поэмасының мазмұнына қарағанда Еділден Шығысқа қарай өңірді көшпелі түрік тайпалары яғни қазақтар қоныстанған екен. Осы кең далада өздерінің тіршіліктердің заңдылығы айқындалған далалық адамдар өмір сүреді. Бұның жазбаларындағы этнографиялық жағдаяттардың өзі бір төбе.

«Киргиз» поэмасы 1842 жылы өзі елге оралғаннан кейін басылып шығады. Бұл туынды өз кезінде орыс, неміс, чех, француз, итальян және ағылшын тілдерінде аударылып, Еуропаның біраз оқырманы  танысыпты. Зелинский бұл шығарманы жазғанда небәрі жиырма бес жаста екен. Сондықтан оның жазуы арқылы қазақ деген халықтың, яғни қырғыз деген халықтың бар екендігі жөнінде еуропалық халықтары алғаш рет құлағдар болған десек, қателеспеспіз.

Густав Зелинскийдің Есіл даласы бойындағы бұл сапары Кенесары ханның көтерілісі кезеңіне  сәйкес келген көрінеді. Сондықтан оның бір жазбаларында қазақ ханы туралы да жекелеген штрихтар кездеседі. Шығармада 1846 жылға дейінгі қазақтардың орыс басқыншыларына қарсы көтерілісуі де туралы да жолдары бар. Яғни бұл Кенесары ханның көтерілісуі екендігі сөзсіз.

Зелинскийдің «Далалар» деп аталатын поэмасы да өзінің танымдылық жағымен құнды. Ол 1856 жылы жарық көрген. Қарап отырсаң, поляк тілінде жазылған бұл шығармаларда ішінде көптеген қазақ сөздері де кездеседі.

Зелинскийдің замандасы Адольф Янушкевич те осы уақыттарда тура сондай тағдырмен қазақ даласында төбе көрсетеді. Адольф Янушкевич жайында толық мәлімет керегі шамалы деп ойлаймыз. Өйткені оның «Күнделіктер мен хаттар» деген жазбасы көп уақыт бұрын қазақ тілінде де жарық көрген болатын.

Адольф Янушкевичтің замандастары Стефан Козловски, Ян Виткевич пен Александр Ивашкевич деген поляк авторлары туралы да айтпай кетуге болмайды. Бұл екі кісі әртүрлі себептермен Патша өкіметі алдында кінәлі болғандықтан, Қазақстанға шектес өңірлерге айдауға жіберіледі. Бірақ бұлар айдауда  жүрді деген аты ғана, көбіне әскерлердің қатарында қызмет еткендіктен, шын мәнінде  қадағалауда болған емес. Мысалы, Ян Виткевич Орынбор батальонында  офицер шенінде қызмет жасаған. Оның Қазақстанның біраз жерін аралауға мәжбүр болғаны өмірбаяннан белгілі. Ол кейін Сібір қырғыздары аймағымен жапсарлас Омбы шекара басқармасында қызмет етіп жүрген уақытында атақты Адольф Янушкевичпен сапарлас болған.

Бұлардың жазбаларында қазақтар туралы  жылы дебіздер аз емес. Кей жерде осы көшпелі жұртпен бірге көшіп-қонып жүргені де айтылады. Деректі патша өкіметінің рұқсатымен Ян Виткевич қазақтар арасындағы өзара болжам жолдарды шешуге де қатысқан екен. Оларды өзара татуластыруда аз еңбек сіңірмеген. Сондықтан да қазақтар оған деген өз тараптарынан Батыр ат қойыпты.

Сол замандардағы әртүрлі қызметте жүрген поляктардың әр өңірде жүрсе де, бір — бірімен байланыста болуы да заңды. Сосын ұлты орыс және неміс кісілермен де жақсы байланыс жасап отырады. Мысалы, осы екеуімен Кустов Розе деген профессор хабардар болады. Сөйтіп, сол замандағы қазақтардың әлеуметтік жағдайлары  жайында жазба қалдырған екен.

Солардың бірі – Леопольд Сильявы. Оның «Орта Азия, қырғыз балбалдары және Батыс Сібір сапарларынан» деп аталатын мақаласы 1881 жылы «Эхо» деп аталатын газетке жарияланған екен.

Автор осы мақаласында Верный қаласының сыр-сипатын едәуір тәптіштеп жазып кеткен. Және бір қызығы – Верный бекінісінің қазақтың бұрынғы «Алматы» деп аталатын қамалының орнына тұрғызылғанын да еске салады. Мақаласында автордың қазақтарға жылы ықыласпен қарайтынын аңғарасыз. Тек бір-ақ жерінде қазақтардың кейде ауыртпашылыққа өз еркімен баратынын, тіпті құштар боп тұратынын айтып өтеді. Демек, осы мақаладан айқын аңғаратынымыз – Сильявының қазақтарға деген жылы көзқарасы.

Якуб Гордон деген бүркеншік атпен жазатын Максимилиан Ятовт деген автордың да ұлты поляк. Оның «Оренбург пен Уральскідегі алты жыл» деп аталатын еңбегі 1865 жылы Лейпцик  қаласында жарық көріпті. Осы еңбегінде ол қазақ жері туралы оқырманды әжептәуір хабардар етеді.

Қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, сол өмірде көрген яғни реалистік сипатта жазған, тәптіштеп мүмкіндігінше жинақтап жазған авторлардың бірі – Карол Любич Хоэтский деген поляк. Ол қазіргі Семей қаласының шет жағындағы қазақтар жайында жаза келе олардың өмір тіршілігіне мән береді. Тек малмен күн көретініне, нанды пайдаланбайтынына таң қалады.

Есесіне олардың байлығы бар екендігі және  қаншама қой мен мүйізді ірі қара,  жылқы мен тіпті түйелер де бар екенін қызыға жазған. Осы кезеңдегі поляк саяхатшылардың  ішінде Томаш Зан есімді саяхатшының да тарихына назар аударуға тұрарлық. Оның саяхаты 1827-1837 жылдарға сәйкес келеді.  Ол Орал тауының оңтүстігінен бастап … біраз жерін аралағанға ұқсайды. Өйткені оның мақсаты – осы өңірлерде геологиялық  және интереологиялық зерттеулерді жүргізу болыпты. Қазақтар оны насихаттап «Іздеуші» деп атаған екен.

Занның геология және картография жөніндегі еңбектері де едәуір. Ол өздерінің сапарларының бірінде Шөмекей тайпасының адамдарымен қалай кездескенін тәптіштеп жазып кетіпті.  Оның көбірек тоқталғаны – қазақ қыздары мен жігіттерінің ұстанымдары қандай болады, түрлерінің ерекшелігі неде, жалпы мінез-құлықтарында қандай өзгешіліктері бар деген мәселе.

Ол Адам  Сузин есімді тағы бір полякпен Омск қаласына келіп,  осы өңірдің біраз жерін аралайды. Сонда әсерлері жөніндегі жазулар, жекелеген қазақ есімдері аталып, сол кезде бұлардың тіршілік-тұрмыстарына  мән береді. Бұл жөнінде екеуінің де жазғандары қызықты.

Сөздің қысқасы – қазақ даласына саяхаттаған поляк саяхатшылары аз болмаған. Олардың бірсыпырасының жазбалары, жалпы қазақ тарихын, оның этнографиясы мен психологиялық ерекшеліктерін айқындауда таптырмас дереккөзі болып есептеледі.

Нұрдәулет АҚЫШ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.

Сурет:  https://ru.wikipedia.org/wiki

Сәйкес жаңалықтар

Жылқы – қазақтың қасиетті жануары

Қазақ көтерген көне байрақтар

Жапон теңізінен табылған қазақы дулыға жұртты дүрліктірді

farabi shakirti shakirti