«Бұл кітаптың авторы мен емес, маған осындай тағдыр берген – Құдай»

 Ақберен Елгезек

     Ақберен Елгезекті бұрын — соңды   білмесемде, кітабы арқылы танысып, әңгімесіне қызығып, мұқият оқыдым. Ақберен Елгезек өмірде көргенінен «Болмаған балалық шақ» атты кітап жазып, ол туындысы Ғабит Мүсірпов атындағы театрда қойылғалы жатыр екен. Ол қойылымға жақын арада билет таба қоймасамда, кітабына бір үңілгеннімнен, сол бойы басымды көтере алмай оқып шықтым. Кітаптан кейінгі кезек театрда еді, бұл қойылымның халыққа ұнағаны соншалық, билетке қолым жете алмай бір емес, бірнеше ай жүргенім бар. Міне, күнi кеше әкем бізге билет сыйлап, үйдегілермен «Болмаған балалық шақ» атты қойылымына барып келдік.

Әрине, кітаптан оқыған бір бөлек, ал көзбен көріп, сезінген, мүлдем бөлек әсер қалдырады. Өмірден алынған оқиға көптің басынан өткен соң ба, жоқ актерлардың шынайы ойынынан ба – көңілі босамаған адам қалмады. Сезімге  ерік бере отырып, жылап та, күліп те алдық. Ал, қойылым аяқталған соң, залдағы көрермендер – актерлар мен бұл спектакльдің қоющы  жандарға қошемет көрсетіп, ду шапалақ ұрып ұзақ тұрдық. Әуелі әкесінен, кейін ағасынан айырылып, не әжесінің жанында сыйыспай, не анасының жанында  бала болып күн көре алмаған Ақберен Елгезектің тағдыры – көрерменнің жүрегіне елжіретті.

  «Жейтін таяқты өзіңнен жесін деп, мені шешеме қосақтап шығарып салды. Сол күн – менің балалық шағымның тəтті дəурені таусылған күн еді». Ендігі автордың бала кезінің бір бөлігі өгей әкесінен қорлық көріп, қорқумен өтсе, екінші жартысы, «бауырымның ұлы» деп алып кеткен көкесінің үйінде анасын күтумен өткен екен. Анасын күте-күте сарғайған баланың, бір күні үміті де үзілді. «Мен анамды күтуді доғардым. Ал, жүрегім сағынуды қоя алмады». Өсе келе анасымен жолыққандарын кітапта да, берген сұхбаттарында да айтып өтті. «Анам екеуміздің қарым қатынасымыз күрделі болса да, арамызда үзілмейтін мөлдір жіп болатын. Ол кісінің көзі тірісінде 60 жылдығын жасап үлгердім»-, деген екен.

Бүгінгі күні, Ақберен Елгезек -халықтың арасында үлкен танымалдылыққа ие ерекше қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi және Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. Қалың ел арасында үлкен сүйіспеншілікке бөленген «Болмаған балалық шақ» кітабын Ақберен Елгезек 2008 жылы жазып, 12 жыл өткесін ғана баспаға берген екен. Сондағы мақсаты – сатылымнан шыққан ақшаны жетім балаларға көмек ретінде аудару. Сұхбаттарының бірінде, Ақберен Елгезек бұл шығарманы жазу барысында тек  ішіндегісін ақтарып алғысы ғана  келгендігін айтқан болатын.

Бүкіл Қазақстанға таралып, дәл осылай оқылады деп ойламаған екен. Бүгінде, Ақберен Елгезектің  «Болмаған балалық шақ» атты туындысы қалың оқырманның іздеп оқитын кітабына айналды. Және де бұл туынды мәтін күйінде қалып қоймай, сахнаға шығып көрерменге жол тартты. «Болмаған балалық шақ» қойылымы – Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов және Астана қаласында Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрларда сахналанып, көрерменнің жүрегін тербетуде. Ақберен ағаның айтуынша бұл кітап негізінде фильм түсіру жөнінде де бірнеше ұсыныс түскен екен. Бұл – жүректен шыққан шығарманың жүрекке жеткендігінің айқын дәлелі. Бұл кітапты оқып, қойылымын тамашалауға кеңес беремін. Себебі, бұл шығарманың адам баласына беретін ғибраты бар.

                                                                                                   

 

АқБота АБАЕВА, 

Алматы қаласы,  Әуезов ауданы,

№202 мектеп – гимназиясының түлегі

Республикалық  «www.farabishakirti.kz»

сайтының «Жас тілшісі»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *