Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Бұл жарық дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап сезінетін ең үлкен бақыт – ананың қамқорлығы мен махаббаты. Жаратқаннан үміт етіп сұрап алып, тоғыз ай тоғыз күн көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, бар махаббаты мен ынтасын ана перзентіне бөледі екен. Аман-есен ер жетсе екен деп үміт қылады.
Бала кезінен сыртынан хабардар болып, бар тәтті қылығыңды жүрегінде сақтап, жылы естеліктерді жадында жинайды екен. Кейін перзенті ер жеткен соң, әр ана оған тілекші болып отырады. Жолы ақ болсын, білімді, мықты азамат, азаматша болсын деп ниет қылады.
Ойлап қарасақ, өмірдің қай сатысына қадам бассақ та, ананың ақ батасы жанымызға серік болады. Бұл – барлық перзент үшін ең үлкен бақыт.
Дүниедегі ең таза, кіршіксіз, пәк махаббат – ананың баласына деген махаббаты. Ең адал әрі риясыз шынайы ниет – ананың перзенті үшін жасаған дұға-тілегі. Бала кезінде бағып-қағып, мәпелейді, кейін баласы ер жетіп, өз орнын тауып, еңбек ете бастағанда жанында тірек болып, қолдаушы болып жүреді. Бұл деген – бала өмірінде ананың қызметі мәңгі әрі өлшеусіз деген сөз.
Сол үшін дана халқымыз: «Меккеге арқалап апарсаң да, ананың алдындағы қарызыңды өтей алмайсың», – деп тауып айтқан. Ананың сүйіспеншілігіне қанып өскен бала – ең бақытты бала. Ана махаббатын көріп өскен балалық шақ – ең бақытты балалық шақ.
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейінің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі

