Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Қазақ халқы үшін ежелден-ақ батаның орны ерекше. Алыс жолға шыққанда үлкендердің батасын алып шығу міндетті болған. Сондай-ақ ас ішіп болған соң бата берілген, той-жиындарда, мысалы, сүндет тойда, бесік тойда, қыз ұзатуда үлкендердің ақ батасымен басталған.
Бата – бұл үлкендердің ізгі тілегі мен ризашылығы деген сөз. Әдетте батаны көпті көрген ақсақалдар мен қарт аналарымыз берген. Бұрынғы уақытта әкелер өз балаларын ауыл-ауылды аралатып, аты шыққан, аузы дуалы би-шешендердің алдына апарып, батасын алғызған. Оның себебі – өз перзенттерінің де ел тізгінін ұстар данагөй болғанын қалаған.
Ал қазір ше? Батаның құндылығы өз деңгейінде сақталып тұр ма? Өкінішке қарай, жоқ. Қазір алыс сапарды былай қойғанда, күнделікті ас ішіп болған соң да бата сирек жасалады. Батагөй қариялар мен бата алуға ынтызар жастар да азайған. Бұның басты себебі – батаның күнделікті өмірде насихатталмауы, тек той-жиындарда ғана берілуі.
Егер бата күнделікті өмірде жасалса, мысалы, астан соң, жолға шыққанда, сапардан оралғанда, жаңа іс бастағанда, үйге қонақ келгенде, онда жас буын осыған үйреніп, батаның қадір-қасиетін түсінер еді. Өздерінен кейінгі ұрпаққа да дәріптеп жүрер еді.
Батаның ең үлкен ерекшелігі – тілі бай қазақ халқы оны өлең шумағындай етіп, әр сөзін маржандай тізіп, жүрекке жеткізіп берген. Бата беру – қазаққа ғана тән, бізді ерекшелендіріп тұратын дәстүріміз.
Шынында да, үлкеннің батасын алып шықсаң, жолың ашық, ісің оң болады, жамандық атаулы саған жоламайды. Бата – бұл әке мен ананың, көне көз қариялардың саған деген ақ тілегі мен ризашылығы.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейінің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
