Фотосуреттер отбасылық альбомнан алынды.
Республикалық көптеген басылымдарда кәсіби біліктілігі жағынан қайталанбас суреттері жарияланып, тарих болып қалған атақты фотограф Рахымбай Ханалының есімі ұмытылмақ емес. Оның бақилық болғанына 20 жыл. Иә, ағын судай сусылдап аққан уақыт десеңші!.. Маған, балаларына жайдары күлкісімен жымиып кезекті іссапардан кіріп келетін сияқты сезіледі де тұрады…
Арнайы жиындарда, кездесулерге барғанымда, алдымнан Рахаңның шапағатын көрген шәкірттері — кешегі жастар, бүгінгі салиқалы азаматтар шығады.
Қай-қайсысы да Рахымбайдың есімін күрсіне еске алып, жасаған жақсылықтары айтып, ризашылықтарын білдіреді.
Р.Ханалы қызмет атқарған газет-журналдарды ала қалсам, оның қаншалықты талантты, өз ісінің шебері екенін тани түсемін. Еліміздің ардақты азаматтары, тұлғалар мен өнер адамдарын түсірген суреттерін жинасам, 30 жылға жуық атқарған журналистік қызметінің жемісін көремін. Өзінен кейін шығармашылық қызметінде қалған естеліктері бірнеше кітапқа айналады-ау.
Рахаңның әріптестері, замандастары, шәкірттері жылда еске алып, бірге қызмет істеген ұжымдастары әдемі естеліктерін айтудан жалықпайды. Оның әдеби, журналистік ортадағы қызықты сәттерін, адамгершілігін, өзінен бұрын жаны қиналған, көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, көмектесетін адами қасиетін айтады.
Деседе, Рахаңды, еліне өз мамандығы бойынша еңбек сіңірген, адал еңбек еткен жанды қазіргі жастар тани ма?
«Ғалымның хаты өлмейдi, жақсының аты өлмейдi» демекшi, Рахаңның артында қалған ұрпақтары
әкелерiнiң атын өшiрмей, кезiнде өзi қызмет жасаған «Жас Алаш» газетiнiң ұжымы алған «Жадыра» саяжайындағы өзi тұрған көшеге есімі берілдi. Өзінің туған ауылы Жаңабазар елді мекенінің бір көшесі Рахаңның есімімен аталады.
Жыл сайын Қазақстан Журналистер одағы «Рахымбай Ханалы» атындағы сыйлықты республикадағы ең үздiк фототiлшiге ұсынады.
Рахымбай Ханалы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар елдi мекенiнде 1951 жылы маусым айының 24-i күнi дүниеге келген.
Әкесi Ханалы Манабиұлы сегiз қырлы, бiр сырлы кiсi болған екен. Шешесi Хасиет 96 жасқа келiп қайтыс болды. Өмiрге он екi бала әкелсе, соның алтауын аман-есен өсiрiп, шөбере көрiп
кеттi. Рахымбай Ханалы – мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары саласында көп жылдар еңбек сiңiрген белгiлi фототiлшi, әлеуметтiк салада және бiлiм саласында үлкен шаруалар тындырған талантты ұйымдастырушы. Халқының бiрсүйер азаматы. Жастайынан суретке түсiруге әуес болды. Ауылдағы жалғыз фотоаппараты бар Әжiмұрат ақсақалдан фото түсiрудi үйрендi. Тырнақ алды туындылары аудандық «Ленин өсиетi» газетiне шыға бастады.
Жаңабазар елдi мекенiнде М.Горький атындағы орта мектептi бiтiрген соң, аудандық газетке әрiп терушi болып жұмысқа орналасты. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ — дың (қазiргi ҚазҰУ) журналистика факультетiнде оқи жүрiп, факультеттiң, университеттiң қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, сол кездегi «Лениншiл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Бiлiм және еңбек», «Социалистiк Қазақстан», «Жетісу» газеттерiне өнерден, ақын-жазушылар мен балалар өмiрiнен, партияның съездерiнен фотошолуларын бере бастаған.
Студент бола жүрiп, «Қазақстан пионерi» (қазiргi «Ұлан»), сонымен қатар «Қазақ әдебиетi» газеттерiнде фототiлшi болып қызмет атқарған. «Қазақ әдебиетi» газетiне қызметке тұрған кезде Сырбай Мәуленов ағамыз бас редактор болатын. Көп ұзамай Сайын Мұратбековпен бiрге қызметтес болды.
Ол кезде қазақ жiгiттерiнiң iшiнен шыққан фототiлшiлер саусақпен санарлық едi. Бiрақ олар өздерiнiң туған республикасының тыныс-тiршiлiгiн баспасөз беттерiнде көрсете бiлдi. Талай өнер адамы өмiрге келдi, өмiрден озды. Солардың iшiнде бiрге жүрген Алашыбай Есмағамбетов, Сиез Бәсiбеков, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егiзов, Қайрат Мұстафин, басқа да фототілшілер түсiрген фотосуреттер қазақтың тарихы ғой.
Рахымбайдың үлкен еңбегін үкімет жақсы марапаттады. Оның суреттерi жоғары бағаланып, 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзiлiк студент жастарының ХII фестивалiнiң лауреаты атанды. 1989 жылы 28 наурыз бен 7 сәуiрде Үндi елiнде өткен жеке фотокөрмесi үлкен табысқа жеттi. Екi рет Қазақ ССР-i Жоғарғы кеңесiнiң Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар оның еңбектерi Польша, Өзбекстан, Грузия, Үндiстан, т.б. елдерде өткiзiлген көптеген халықаралық сурет көрмесiне қойылып, тиiстi бағасын алды. 1994 жылы Қазақстан Журналистер одағы ұйымдастырған «Петр Редько» атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 10 жылдық төл мерекесiне байланысты Құрмет грамотасымен, арнайы мерейтойлық медалiмен марапатталды. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесi. Рахымбайдың жетекшiлiгiмен түрiк тiлiнде «Қазақ мәдениетi» (2000 ж.), «Ақсу айшықтары» (1993 ж.), «Құтты қоныс» (1981 ж.), «Қазыбек шыққан шың» (1996 ж.), «Қазақстан ЛКЖО тарихы» (1984ж.) кiтаптары жарық көрдi.
Қазақ — түрiк лицейлерi мен мектептерi және университеттерiне арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар шығаруда Рахымбайдың iсi елеулi болатын.
Оңтүстiк Қазақстан — Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының дарынды перзентi осылайша өмiрiнiң соңына дейiн халықаралық «Қазақстан zaman» ЖШС бас директорының орынбасары қызметiн атқарды. Оның қызмет аясында түрiк тiлiнде шығатын және балаларға арналған «Мөлдiр бұлақ» журналы болды. «Ғалымның хаты өлмейдi, жақсының аты өлмейдi» демекшi, Рахаңның артында қалған ұрпақтары әкелерiнiң атын өшiрмей, кезiнде өзi қызмет жасаған «Жас Алаш» газетiнiң ұжымы алған «Жадыра» саяжайындағы өзi тұрған көшеге есімі берілдi. Өзінің туған ауылы Жаңабазар елді мекенінің бір көшесі Рахаңның атында.
Жыл сайын Қазақстан Журналистер одағы «Рахымбай Ханалы» атындағы сыйлықты республикадағы ең үздiк фототiлшiге ұсынады. Үлкен ұлы Азат өзi сияқты кезiнде фотоаппарат ұстап, «Алматы ақшамы» газетiнде фототiлшi болды, қазiр кеден қызметкерi, 5
баланың әкесi; қызы Зульфия – экономист, үш баланың анасы, кiшi ұлы Жасұлан – әлем экономикасы саласында білім алған, кәсiпорын басшысы, бір баланың әкесі. Барлығы да екi мамандық иелерi.
Африза АЙТБАЙҚЫЗЫ,
зайыбы.
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
«Қазақстанның құрметті журналисі»
