«Баламды құтқара көріңіздерші! Жалғыз үмітім — осы дәрі!» Әлеуметтік желіні ашқан кезде осындай жанайқайға жиі көзіміз түседі. Ауру баласына ем іздеген ана, денсаулығын жақсартқысы келген қарт адам интернеттегі жарнамаға сеніп, соңғы ақшасын дәріге жұмсап жатады. Кейде бұл жай ғана ақша жоғалтумен аяқталмайды. Адам уақытын жоғалтып, қажетті медициналық көмекті кеш алуы мүмкін. Сондықтан желідегі жалған ақпаратты тек интернеттегі мәселе деп қарауға болмайды.
Қазір әлеуметтік желілерде түрлі «ғажайып ем», «100 пайыз нәтиже» немесе «барлық ауруды емдейді» деген жарнамалар көп кездеседі. Әдемі түсірілген видеолар, адамдардың атынан жазылған жалған пікірлер мен дәрігердің кейпіне енген адамдар мұндай жарнаманы шынайы етіп көрсетуі мүмкін. Әсіресе ауыр дертке шалдыққан адамдар мұндай ақпаратқа тез сеніп қалуы ықтимал. Себебі адам жақын адамының денсаулығына қатысты қиын жағдайда қалғанда, кез келген үмітке жармасуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты интернеттегі заңсыз сауда мәселесіне бірнеше рет назар аударған. WHO мәліметтерінде төмен және орта табысты елдерде дәрілердің шамамен әрбір оныншысы сапасыз немесе жалған болуы мүмкін екені айтылады. Сондықтан интернеттен алынған кез келген дәріні тексермей қолдану денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Жалған ақпараттың тағы бір қауіпті жағы — оның тез таралуы. FactCheck.org сияқты фактчекинг платформалары интернеттегі күмәнді медициналық мәлімдемелерді тексеріп, ғылыми дәлелі жоқ емдеу тәсілдеріне сенбеу қажеттігін түсіндіреді. Қазақстандағы Factcheck.kz платформасында да денсаулыққа байланысты жалған ақпараттар мен әлеуметтік желідегі күмәнді мәлімдемелерді тексеруге арналған материалдар жарияланып отырады. Мұндай деректер интернеттегі кез келген ақпаратқа бірден сенбей, оның қайдан шыққанын және қандай дәлелге сүйенетінін тексеру керектігін көрсетеді.
Бірақ бұл мәселені тек адамдардың аңғалдығымен түсіндіру дұрыс емес. Науқас баласының емін іздеген ана немесе денсаулығынан қорыққан қарт адам қиын жағдайда шешім қабылдауы мүмкін. Олар әдейі жалған ақпаратқа сеніп отырған жоқ. Керісінше, жақын адамына көмектескісі келеді немесе өзіне ем табуға үміттенеді. Ал осы үмітті пайдаланып, жалған дәрі мен емді қымбатқа сататын адамдардың әрекеті үлкен мәселе болып отыр.
Сондықтан интернеттегі ақпаратты тексеру әр адам үшін маңызды. Дәрі немесе ем туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі жарнамадан ғана емес, дәрігерден, медициналық мекемелерден және сенімді ресми дереккөздерден алған дұрыс. «Бір дәрімен барлық ауруды емдейді», «дәрігерлерден жақсы нәтиже жоқ» немесе «екі аптада толық жазыласыз» деген сияқты уәделер күмән тудыруы керек.
Қорытындылай келе, желідегі жалған ақпарат – жай ғана экрандағы өтірік емес. Оның артында адамның денсаулығы, ақшасы және кей жағдайда өмірі тұр. Сондықтан журналистердің де, әлеуметтік желі қолданушыларының да міндеті ақпаратты тексеріп, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтердің таралуына жол бермеу. Себебі бір жалған ақпарат бір адамның өміріне үлкен әсер етуі мүмкін.
АЛИШЕР Арайлым,
«Тұран» университетінің І-курс студенті.
Алматы
