Қазақстандағы ең үлкен ауыл қайда орналасқан? Маңғыстау облысында. Бейнеу ауданының орталығы – Бейнеу ауылы. Ауылдың іргесі 1963 жылы қаланған. Село әкімдігін құру туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің 1999 жылғы 06 ақпандағы №129 шешімі негізінде Бейнеу селосы құрылып, 29 қараша 1999 жылдан бастап селолық әкімшілік аппараты қызметіне кірісті. Ауылдың  жалпы аумағы: 50822,0427 га. Тұрғын үй саны – 12 332. Халықтың саны – 56 092 адам. Ауыл халқы негізінен кәсіпкерлік және шаруа қожалықтарымен айналысады.

Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, 11 жалпы білім беретін орта мектеп,  оннан аса бөбекжай,  жеке меншік балабақша,  қосымша білім беру орталығы,  колледж,1 аурухана,  емхана, жеке емхана, он бес аурухана бөлімшесі мен медициналық ұйым, мәдениет үйі, өнер мектебі, кітапхана, мұражай, 2 спорт мектебі мен  стадион, 12 шағын футбол алаңы, ішкі істер бөлімі, 5 полиция учаскесі бар.

        Ауылда жиырма жеті жыл ауыл әкімі болған Әзірханов Басшы атындағы мешіт бар.

Ауыл жылдан жылға көркейіп келеді. Бүгінде ауылды әкім Кенбаев Нұржан Исенбайұлы басқарады. 2020 жылы 6 шілде күні «Анаға тағзым» «Білеулі» керуен сарайы, ескрткіштері ашылды. Ескерткіш Маңғыстаудың төл перзенті, Бейнеулік сәулетші Салаев Болатбек Еркебайұлының туындысы.

2021 жылы  қазан айында «Білезік», «Алтын сақа»  ескерткіштері ашылды. «Анаға тағзым» ескерткіші арқылы Ананың балаға деген мейірімділігін бейнелейді. Әйел бейнесі арқылы қазақ қыздарының инабаттылығын, биязылығын, қазаққа тән мінезін сипаттайды. Білеулі керуен сарайы – XIV ғасырдан сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. Жібек жолының бір тармағы, Ноғайлы жолының бойында, Қарақалпақстан Республикасы, Үстірт бөлігінде орналасқан. Орта ғасырда Ноғайлы жолы Сарайшық қаласынан Хиуаға дейін, Арал мен Каспий теңіздері аралығындағы Үстірт арқылы өткен. Солтүстік пен оңтүстікті жалғастыратын керуен жолы болғандықтан, оның бойына әрбір 25 шақырым сайын керуен сарайлар салынған.

Ұлттық нақышта күміс және алтын түстермен ою өрнектеліп, асыл тастармен көмкерілген – білезіктің бейнесі темір металлдан (сталь) жасалған. Бейнеулік мүсінші, шебер Нұрекешов Айтбай Құлтанұлының  Ұлттық нақыштағы «Күміс білезік» «Алтын сақа», туындылары ауылдың көркін кіргізуде.

Редакциядан:

Ауыл тұрғындары үшін ауылда әлеуметтік нысандар, жастардың демалыс орындарының қатары көбеюде. Алдағы уақытта ауылдың әрбір талын сақтап, ғимараттарға жанашырлық танытатын жастар легі отбасында, мектепте тәрбиеленіп келе жатыр деп сенеміз. Ауыл  тірегі ддегеніміз — бүгінгі балалар мен жасөспірімдер.

Дереккөзі: Бейнеу ауылы әкімшілігінің ақпараты. 

Фотоларды ұсынған әкімшілік.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *