Сурет келісіммен салынды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне аман-есен оқуға түсіп, студенттік кезеңнің қызықты естеліктерін бірте-бірте парақтап жатырмын. Сол қызықты сәттердің, жылы естеліктердің бастамасы – Қазақ ұлттық университетіндегі ұйымдарға мүше болу мүмкіндігі ғой. Әрине, менің таңдауым «Көмек» қоғамдық қорына түсті. Аты айтып тұрғандай, жақсылыққа жаршы болып, өзгелердің күлімдеуіне себеп болатын, бақыт пен қуаныштың кішкентай ғана әрекеттер мен жылы сөзден құралатынын түсіндіретін орта. Мақсаты да сол.
Ұйымға өтіп, мүше болған соң, алғашқы игі бастамамыз N6 арнайы мектеп-интернаттағы ерекше балаларды қуантудан басталды. Шынымен де, ұйым төрағасы Ерғали Нұрсәуле Ақжолқызы бастаған өзімнің замандастарыммен бірге студенттік кезеңнің алғашқы жылының естелігін жаздық. Мектеп-интернаттың әр баласы дарынды, бәрі қабілетті, жүздеріндегі тазалық пен шынайылық, мейірімнің ұшқыны бізді де баурап алып, бір сәтке барлық мәселе мен ойлардан ада еткендей болды.
Балалармен танысып, бірге ән айтып, би билеп, ойын ойнап, қызықты уақыт өткізіп қайттық. Өзгеден тек жақсылық күтетін кішкентай бүлдіршіндер естелікке суретке түсіп алды. Ұйымдағы бірінші күнім сондай ерекше болып, көңілім қуанышқа бөленді. Нұрсәуле Ақжолқызының «Мен бұнда бірнеше рет келгенмін. Мені танып келіп құшақтап жатқанына қуандым, ұмытпапты ғой, жандарым» деген сөзінен кейін қуанышым еселеніп, екінші мәрте жол түсер деп ниет етіп кеттім.
Мектеп-интернаттың басшылығымен келіссөз жүргізілді. Алда әлі талай жұмыс атқарылар деген ойдамын. Біз де сол бір әппақ ниетті кішкентай достарымызбен көрісуге асықпыз. Өзгелердің жүрегіне қуаныш, жүзіне күлкі сыйлай білген, ізгілікке ниет етіп құрылған ұйымымның алдағы сапарлары сәтті, бастамалары абыройлы болсын!
Көмек – жанашырлық, мейірім, қамқорлық мекені.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті,
«Журналистика» факультетінің І — студенті.
