Жақында Сингапурда Қазақстан намысын қорғаған оқушылар робототехника бойынша ең ауқымды жарыста әлемнің екі дүркін чемпионы атанды.

Олимпиада ойындарымен пара-пар чемпионатта қазақстандық оқушылар 190 елдің өкілдерінен үздік шыққан. Осы орайда балаларды халықаралық жарыстарға дайындайтын робототехника бапкері Асылбек Мырзахметов команда жетістігінің сыры туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Асылбек Мырзахметовтың айтуынша, жыл сайын түрлі мемлекетте өтетін FIRST Global challenge чемпионатына әлемнің алпауыт компаниялары (Tesla, Apple, NASA, Boeing, Amazon) көз тігеді. Сондай-ақ миллиондап ақша құйып, демеушілік жасайды. Биыл Сингапурде өткен жарыста алматылық оқушылар Қазақстан намысын қорғап, бірінші орынды иеленді.

«Бұл өте беделді олимпиадалық стильдегі халықаралық чемпионат. FIRST Global Challenge бағдарламасын Қазақстанға 2017 жылы алғаш алып келдік. Оған дейін бұл жарысқа еліміздің атынан ешкім қатыспаған. Әлемдік деңгейде робот құрастыру бойынша ең ауқымды жарыс атану себебі — оған АҚШ-тағы бүкіл Силикон алқабы демеуші болады. Өйткені осындай жарыстардан олар өздеріне болашақ кадрларды көреді», — дейді бапкер.

Қазақстанда робототехниканы дамыту қорын құрған Асылбек Мырзахметов және әріптесі Нұрдәулет Досмағамбет көп жылдан бері балаларды халықаралық жарыстарға дайындап келеді. Өз жолын Назарбаев зияткерлік мектебінде бастаған қос бапкер мектепте жұмыс істеп жүріп, тек сол балалармен ғана шектелмей, бүкіл Қазақстанның оқушыларына робототехниканы (STEM — science, technology, engineering, math) үйретейік деп шешкен.

    «2017 жылы Вашингтонда өткен жарысқа алғаш рет барып көрдік, 8 орынды иелендік. Сол кезде Қазақстанға жарысты әкелу идеясы пайда болды. 2018 жылы Мексикада болған чемпионатқа баруға біз қаражат таппадық. Ал 2019 жылы жарыс Дубайда өтті. Балаларды жарысқа апардық. Әмірліктің әуе компаниясы балалардың жолын төлеп берді. Біздің оқушылар сол жылы 190 елдің арасынан 3 орынға ие болды. Осы жеңіс маған шабыт берді», — дейді Асылбек.

Кейін 2020-2021 пандемияға байланысты карантинде жарыс онлайн түрде өткен. Бірақ ол кездесу түрінде ұйымдастырылған.

    «Ал 2022 жылы карантиннен кейін жарыс Женевада болды. Балалар бұрын-соңды болмаған рекорд қойып, 164 мемлекет ішінен 1 орын иеленді. Біз Қазақстан атынан шығатын команданы таңдау үшін Астанада ұлттық кезең өткіздік. Бүкіл өңірден келген балаларды жарыстырдық. Өткен жылы НЗМ оқушылары ұтты. Осы жылы да дәл сол мектептен, бірақ басқа оқушылар ұтты. Алматылық оқушылар Тұрғынбай Нұрислам, Жанзақов Нұрсұлтан, Гапонов Сергей, Шаймерденова Дәмелі және Көксал Иманәлі елге екі дүркін чемпион атағын алып берді. Оларға Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартаптардың бірі Astana hub технопаркі қолдау көрсетті. Жыл сайын қаражат мәселесі қиындық туғызатындықтан олардың қолдауына алғысымыз шексіз», — дейді ол.

Айта кетерлігі, Асылбек әріптесі Нұрдәулетпен бірге басқа да мектеп оқушыларын, әсіресе ауыл мектептерін осы деңгейге жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр.

«Ауылдың мектептері де бар. Өткен жылы ұлттық кезеңге 20 команда қатысты. Биыл 40 команда іріктелді. Олар астанаға келіп, бір-бірімен жарысты. Гранд-финалға ауыл командасы да өтті. Сингапурға жолдама алу үшін 4 команда жарысты. Шонжыдан келген команданың жолдамаға таласуы — біз үшін үлкен жетістік. Өйткені біз ауыл мектебінің балалары НЗМ-мен бірдей келе жатқанын көрдік. Бұл жұмысымыздың нәтижесі деп ойлаймын. Өйткені біз балаларды жарыстарға апарудан бөлек мұғалімдерді дайындаймыз, оларға үйретеміз», — дейді Асылбек.

Оның айтуынша, мұғалімдер жарысқа қатысатын балаларға қалай бапкер болу керегін, балаларға мотивация беруді, қандай бағдарламамен оқыту керегі сияқты көп нәрсені үйренеді. Асылбектің бір қынжылатыны — Қазақстанда робототехника олимпиадасынан жеңіс алып келген балаларға қоғам тарапынан қолдау аз.

    «Мысалы әлемдік деңгейдегі спорт жарыстары, ән байқауларында жеңіске қол жеткізген қазақстандықтарға қомақты сыйлық беріліп жатады. Жалпы қазір біз осындай интеллектуалды жарыстарды елде трендке айналдыруымыз керек. Менің мақсатым сол», — дейді бапкер.

Асылбек пен Нұрдәулеттің шетелге барып үлкен компанияларда жұмыс істеуіне әбден мүмкіндігі бар. Алайда шетелде білім алып, талай елдерді аралаған олар өз елінде қалып, жұмыс істегісі келеді.

«Білгенімді өз балаларымызға үйреткенім артық. Себебі мемлекет алдында да әлем алдында үлкен проблемалар тұр. Орман өрттері, ауыл шаруашылығындағы мәселелер бар. Сондықтан біздің міндет — балаларды шетелге жібермей, оқуға кетсе де, оларды елге қайтару», — дейді Асылбек.

Оның сөзінше, ол үшін жастарға елде еңбек етуіне қолайлы жағдай жасалуы қажет, АҚШ-та қандай жалақы берілетін болса, елде де сондай мәртебеге ие болуға тиіс

«Біздің балаларымыз Женевадан былтыр алтын алып келді. Биыл соның арқасында 190 мемлекет өкілдері Қазақстан деген сөзді аузынан тастаған жоқ. Әлемді шулатып кеттік десек болады. CNA телеарнасы сұхбат алды. Тіпті басқа ел өкілдері келіп, робототехниканы үйретуімізді өтініп сұрады», — дейді Асылбек. Бапкердің сөзінше, технологиясы озық Жапония немесе Оңтүстік Корея деңгейіне жететін күн алыс емес, ол үшін ендігі кезекте елде өндірісті дамыту керек. «Өйткені бізде кадрлар жайлап өсіп келе жатыр. Оларға жай ғана жұмыс орны мен қолайлы еңбек жағдайы керек. Егер елде қолайлы жағдай болса, шетелде тұрып несі бар?!», — дейді ол.

Автор: Эльмира Асқарқызы

Суреттер:FIRST Robotics Kazakhstan

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *