Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Таяқтың екі ұшы бар сияқты, әлеуметтік желінің де пайдасы да, зияны да ұшан-теңіз.
Қазіргі заманда әлеуміттік желіні қолданбайтын адам жоқтың қасы. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонды қолданып, әлеуметтік желілерде біраз уақытын өткізеді. Технология дамыған сайын адамдардың телефонға деген тәуелділігі де артып келеді.
Қазіргі таңда ата-аналардың көбі жұмыстан қолы босамағандықтан, баланы тыныштандыру үшін қолына телефон ұстатып қояды. Басында бұл жай ғана ермек болып көрінгенімен, уақыт өте келе бала телефонсыз отыра алмайтын жағдайға жетеді. Осылайша әлеуметтік желіге деген тәуелділік қалыптаса бастайды.
Әлеуметтік желі алғашында адамға қызық әрі пайдалы болып көрінеді. Онда түрлі ақпарат алып, жаңа дүниелер үйренуге болады. Алайда шектен тыс қолдану адамның өміріне кері әсерін тигізеді. Әсіресе жасөспірімдер бос уақытының көбін TikTok, Instagram сияқты желілерде өткізеді. Соның салдарынан сабаққа деген қызығушылық азайып, уақыт босқа кетеді. Кейбір адамдар әлеуметтік желідегі мінсіз өмірлерді көріп, өзін өзгелермен салыстырып, көңіл күйі түсіп кетеді.
Қазіргі кезде көп жастар тайм-менеджментті дұрыс сақтамайды. Бірнеше минутқа ғана телефон қараймын деп, бірнеше сағатын байқамай өткізіп алады. Уақытты дұрыс жоспарламаудың салдарынан адамның күн тәртібі бұзылып, маңызды істер кейінге қала береді. Сондықтан әр адам өз уақытын тиімді пайдалануды үйренуі керек.
Меніңше, жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігін азайту үшін оларды түрлі үйірмелерге, спортқа немесе шығармашылық бағыттарға беру керек. Себебі адамның бос уақыты аз болған сайын, ол уақытын телефонға емес, өз дамуына жұмсайды. Спортпен айналысқан адам денсаулығын жақсартып қана қоймай, жаңа орта табады, ал түрлі үйірмелер баланың қабілетін дамытуға көмектеседі. Осылайша жасөспірім уақытын пайдалы өткізіп, әлеуметтік желіге деген тәуелділігі де біртіндеп азаяды.
Қорытындылай келе, әлеуметтік желі — қазіргі қоғамның ажырамас бөлігі. Оны орнымен қолданса пайдасы көп, ал шектен тыс қолданса зияны орасан. Сондықтан әр адам әлеуметтік желіні саналы түрде пайдаланып, уақытын бағалай білуі керек.
КИНЬЯЗОВА Инаят Конгратбайққызы,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылы,
«Мұхтар Ауезов» атындағы мектебінің 11- сынып оқушысы.
Республикалық «FARABI SHAKIRTI» журналы мен
farabishakirti.kz сайтының Жас тілшісі
